Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Каспий теңізінде балық аулауға бола ма?

Каспий теңізінде қазақстандық балықшыларға шектеулер болмайды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде мәлім болды.

Айта кетейік, Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бірінші оқылымда қаралды.

«Менің сұрағым Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің өкілдеріне арналады. Өздеріңізге мәлім болғандай, Атырау облысының тұрғындары үшін балық шаруашылығының дамуы өте маңызды мәселе болып табылады. Алайда, балық аулау аймақтарында балық кооперативтері мен Шекара қызметі органдары арасында бірқатар түсініспеушіліктер жиі кездесіп тұрады. Бұл заң жобасында балықшылардың мүдделері қаншалықты ескерілген? Сонымен қатар, жобадағы нормалар еліміздің балық аулау саласының дамуына қалай әсер етпек?», — деп сұрады сенатор Сағындық Лұқпанов.

Өз кезегінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов заң жобасы аясында балықшыларға ешқандай шектеулер болмайтынын атап өтті.

«Керісінше балықшылардың мүдделері қорғалады, яғни Каспий теңізінде біздің балық аулау аумағы ұлғаяды. Сонымен қоса, балық аулау кеңістігі пайда болып отыр, ол он миль төңірегінде болады. Заңда балық аулауға, теңізге шығуға тек қана күннің жарық кезінде жол берілсе, осы құжаттың аясында өзгеріс енгізіліп, балық аулайтын теңіз құралдарына түнгі уақытта да жүруге рұқсат берілмек», — деді С.Қожаниязов.

Сонымен қатар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Атырау және Маңғыстау облыстары балық аулау шаруашылықтары мен жағалау күзеті бөлімшелерінің өзара іс-қимылы мәселесі тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

«Біз осы мәселелерді үнемі реттеп келеміз, сондай-ақ балық аулау шаруашылықтары пайдасына шешім жасаймыз. 2020 жылы балық аулауға теңізге шығатын Қазақстанның 7 мың азаматы тіркелді. Заң жобасы бойынша балық аулау шаруашылықтары енді тәулік бойы жұмыс істей алады», – деді Д.Ділманов.

«ҚазАқпарат»

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button