Кәсіподақ қызметкерлері марапатталды
Қазақстан кәсіподақтары күніне орай Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда саланың бірқатар ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы міндетін атқарушы Еділ Ұзақбай қызығы мен қиындығы қатар жүретін атаулы саланың қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтады.
-Бүгінде Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі 80 мыңға жуық кәсіподақ мүшесін бір шаңырақтың астына біріктіріп отырған облыстағы ең ірі қоғамдық ұйым. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестерімен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау, жұмысшылардың еңбекақысындағы теңсіздікке жол бермеу үшін ауқымды жұмыстарды қолға алуда. Бірлестік жанында Татуласу орталығы құрылған.
Кәсіподақтар медиация және бейбіт келісім арқылы еңбек дауларын жанжалсыз шешу жүйесін қалыптастыруға күш салып келеді. Осынау мерейлі мереке қарсаңында кәсіподақ мүшелерінің қажырлы еңбегі мен жұмыс жағдайларын оңтайлы етудегі қызметтері үшін алғыс білдіріп, барша әріптестерімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деді Еділ Сәрсенғалиұлы.
Игі бастамалардың ұйтқысы болып, әлеуметтік қатынастарды қалыптастыруға, тиімді әріптестік орнатуға елеулі үлес қосқан кәсіподақ ардагерлері мен белсенді қызметкерлері Атырау облысы әкімінің «Алғыс хаты», Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагері» медалі, «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісі, «Құрмет Грамотасы», «Алғыс Хаты», Атырау облыстық маслихатының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты шара барысында құрмет иелері ізгі тілектерін білдірсе, өнерпаздар мерекелік көңіл-күй сыйлап, кештің шырайын келтірді.
Алмас ҚАБДОЛОВ