Кәсіпкерге жасалған кедергі, ол кімдердің тарапынан болып отыр?
Осыдан үш жыл бұрын облыста кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бері 2300 бизнес иесінің арызы қаралып, нәтижесінде 1,3 млрд. теңге қаражат олардың пайдасына шешілді. Бұл туралы 2014 және үстіміздегі жылдың өткен мерзімінде атқарылған жұмыстар жайлы журналистерге баяндаған өңірлік палата директоры Асылбек ЖӘКИЕВ айтты.
Статистикаға сүйенсек, арыз саны жыл санап көбейіп отыр. Мәселен, алғашқы жылы барлығы 736 шағым түссе, былтыр 1 151-ге дейін жетті.
— Биылдың бірінші тоқсанында-ақ 507 арыз түсті. Мұның өзі халықтың палатаға деген сенімі артып отырғанын көрсетеді. Ауызша шағымдар бойынша қажетті кеңестер беріліп, жазбаша түрде 468-і қабылданды. Оның 261-і кәсіпкердің пайдасына шешілді. Әсіресе, біз өңірдегі кәсіпкерліктің ең күрмеулі мәселелеріне жедел жауап қайтаруға тырысамыз. Күн тәртібінен түспейтін проблемаларды ашық талқыға салып, оңтайлы шешу жолдарын іздейміз. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Демек, біздің алдымызға қойылған бизнес пен билік арасын жалғайтын алтын көпірге айналу міндеті бүгінде толықтай орындалды, – деп атап өтті Асылбек Мұхитұлы.
Бұрын бизнесмен үн қатса, оны ешкім біле бермейтін еді. Қазір бір кәсіпкер кедергіге тап болса, ол туралы барлық мемлекеттік құрылымдар құлағдар болып отырады. Палата басшысы қаржы бөлу мен жекешелендіруге қатысты мәселелер де өз шешімін тауып жатқанын жеткізді.
— Палатаның тағы бір артықшылығы – кәсіпкердің мүдде-сін сотта қорғайтындығында. Осы жылдың алғашқы тоқсанында біздің заңгерлер төрт дерек бойынша талап-арыздарды қарап, бизнес иелерінің пайдасына шешіп берді. Иесіне қайтарылған қаражаттың жалпы сомасы 451 млн. теңгеден асады. Биыл наурыз айында палата заңгері Жоғарғы сотта «Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мүддесін қорғады. Нәтижесінде, бірінші аппеляциялық, кассациялық инстанциялардың қаулылары мен 3 964 000 теңге көлемінде салынған әкімшілік айыппұлды жою туралы шешім қабылданды. Мұндай мысалдар өте көп, – деді ол.
Толығырақ газетімізден оқи аласыздар.