КӘСІПКЕРГЕ – АЛҒЫС

Жақында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев қаламыздың мәдениет күндері жергілікті өнімдер байқауында жүлделі орындарға ие болған және Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен жандарға қол ұшын созған кәсіпкерлерді қала әкімінің грамоталарымен, арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.

 

Тауарларын көрмеге қойған он мекеменің екеуі балық, қалғандары кондитер өнімін шығарумен айналысады. Бағалаушы комиссияның жоғары ұпайына ие болған «Крысанов» жеке кәсіпшілігі бірінші, «Гүлеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екінші, жеке кәсіпкерлер Сара Боранқызы («Айна-нан») мен Гүлден Ботагөзова («Печка Пирогова») үшінші тұғырлардан көрінді.

– Біздің өнім атыраулық тұтынушылар арасында «Селена» деген атпен кеңінен таныс. Киіз үй, облыстық әкімшілік ғимараты, орталық көпір сияқты нысандар бейнеленген торт өнімдері көп көңілінен шықты. Барлығы 320 өнім түрін шығаратын цехтың бір қаланың өзінде онға жуық сауда нүктелері бар, – дейді «Крысанов» ЖК-нің меңгерушісі Лена Тәжиева.

Атыраудан су тасқынына ұшыраған Қарағандыға азық-түлік тиеген үш көлік аттанған болатын. Қиын сәтте көмектерін аямаған қайырымды жандар ескерусіз қалған жоқ. Атап айтқанда, «Идеал-маркет», «Атаба», «Рамстор», «Мұрагер», «Насиха», «Көктем» сауда орындары мен жеке кәсіпкерлер Нұрлан Таукен, Карлен Карленович, Нұрлан Қуанышұлына, сол сияқты қалалық білім бөлімі, тұрғын-үй инспекциясы өкілдеріне салтанатты түрде Алғыс хаттар тапсырылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз