sp. z o.o.

Кәсіпкер неге көңілсіз?

Жаңалықтар СарапTime Экономика

Atr.kz/28 қазан, 2019 жыл. Шағын және орта бизнестің проблемасы шұғыл шешуді қажет етеді.

Атырауда кәсіпкерліктің дамуына не кедергі болып тұр? Осы сауалға орай жуырда «Агрохолдинг «Зеленое поле» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Ақмарал Кабулова көкейкесті проблемаларды ашық айтып берді.

САУДАДАҒЫ СЫБАЙЛАСТЫҚ

«Облыс орталығында өндірген өнімімізді өткізе алмайтын қиын жағдай қалыптасты. Егін дақылдарын сату үшін «Дина» базарына барамыз. Дегенмен, сауда орталығындағы өзге ұлт өкілдері, алыпсатарлар бізден өнімді 30 теңгеден сатып алып, оны қаланың өзге жерінде 120-130 теңгеге саудалайды. Оларға ешкім шектеу қоймайтындықтан, тұрғындар өнімді қымбатқа алуға мәжбүр болуда. Бұл – бірінші проблема.

Екіншіден, халық ірі шаруашылықтардан өзге, жергілікті шаруагерлерді танымайды. Танымаған соң, «қайдан келдің, тауарың сапалы ма?» деп түрлі сұрақтың астына алады. Нәтижесінде, өніміміз өтпейді. Өзге облыстарда қауын-қарбыз, бақша дақылдары фестивалдары ұйымдастырылып жатады. Ал, Атырауда осындай шараларды өткізуге мүмкіндік жоқ па?

Мынадай жағдай кездесті. Балықшы кентіне барып, заңды түрде сауда жасай бергенім сол еді, көші-қон полицейлері жедел жетіп, көмекшілерімді (басқа ұлт өкілдері болатын) алып кетті. Қасымдағы өзге елден келген саудагерлер еш алаңсыз саудасын жасап тұр. Менің жұмысым далада қалып, 15 күн бойы жұмысшыларымның соңында жүрдім. Ақыры болмаған соң прокуратураға шағымдануға тура келді.

Бұл не масқара?! Шаруагер өнімін сата ма, әлде жасанды кедергілермен күресе ме? Мені осындай мәселелер толғандырады» деген егін шаруашылығының басшысы ақпарат құралдары өкілдерінің осындай проблемалардан шет қалмауын сұрады.

«100 ОРЫН – КӨШЕ САУДАСЫ»

Қолдан жасалған қиындықтар, жұмысты ұтымды ұйымдастыра алмау кәсіпкерлерді түрлі проблемаларға жолықтыруда. Ал, жауапты сала басшылары «көшедегі сауданы реттеу үшін тың бастаманы қолға алып жатырмыз» дейді. Соның бірі – «100 орын – көше саудасы» жобасы. «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқармасы төрағасының орынбасары Данияр Тахановтың айтуынша, қаладағы кәсіпкерлерге жер телімдері ұсынылуда. Ол 3-тен 5 жылға дейінгі мерзімге қайтарымды негізде жалға беріледі.

– Жыл сайын жергілікті атқарушы орган ұсақ көше саудасына жер телімін бөледі. Бір жылға есептелгендіктен, бұл өте қысқа мерзім. Кәсіпкер сауда орнын дайындауға, толық жабдықтауға үлгермей қалады. Оның үстіне салған қаржысын қайтаруы қажет. Жаңа жобада олқылықтар ескерілді. Бұл жүйелі түрде жұмыс жасауға мүмкіндік береді, – деді басқарма төрағасының орынбасары.

«Көше саудасы» жобасы – өркениетті мемлекеттерде бұрыннан бар тәжірибе. Әсіресе, Еуропа мен Қытайда тиімділігін көрсетіп, көшедегі жабайы базарлардан арылуға, азық-түлік бағаларын реттеуге, бастысы, өнімдерді санитарлық талаптарға сәйкес сақтап, саудалауға мүмкіндік берді. Мұндай жоба елімізде алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асты.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов жаңа бастама Атырауда да өміршең болады деген ұстанымда. Оның баяндауынша, облыста 58 мыңдай шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, олардың 49 мыңы белсенді қызмет етуде.

– Жергілікті кәсіпкерлер іске асырып жатқан жобаларда Атырау облысының 127 мыңдай тұрғыны еңбек етеді. Осы жылдың бірінші тоқсанында аймақ кәсіпорындары 768 млрд. теңгенің өнімін шығарды. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасын іске асыру бойынша Атырау облысы республикада төртінші орында, – деді басқарма басшысы.

ҚАЙТАРЫМДЫ ЖЕР БЕРІЛЕДІ

Көшелердің бұрышбұрышына жапырайған лашық тігіп, азық-түлік сатып отыратындар әлі де кездеседі. Бұл қала келбетін бұзатыны анық. Өнімдер де лас жерде саудаланады. «Көше саудасы» жобасы осы проблемадан құтылуға мүмкіндік береді. Мамандардан білгеніміздей, жер телімін ұсыну екі жолмен жүзеге асырылады. Әртүрлі әлеуетті қатысушылардан бір жерге кемінде төрт өтінім түскен жағдайда, учаскелер комиссия таңдауымен ұсынылады.

Ал, бір жер учаскесіне әртүрлі әлеуетті қатысушылардан төрт немесе одан да көп өтінім түссе, аукцион өткізіледі. – Осы уақытқа дейін 100 жер учаскесіне байланысты 68 конкурс өткізілді. Комиссияның қорытындысы мен олардың ішінен 35 жеңімпаз анықталды. Біз кәсіпкерлермен фаст-фуд, кофеханалар, көкөністер, тамақ, нан және ет өнімдері, компьютерлік қызметтерді сатуға арналған сауда павильондарын салу үшін жер учаскелерін жалға беру туралы келісім жасастық.

Бүгінгі таңда жеңімпаздар «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бекіткен тұжырымдамаға сәйкес сауда павильондарын орнатуда. Бұл жұмыстарды екі ай ішінде жүзеге асыру жоспарланған, – деді Данияр Таханов. Конкурстық іріктеуге қатысу үшін үміткерлер «Атырау» ӘКК» АҚ сайт ы н д а ж а р и я л а н ғ а н тізім бойынша құжаттар пакетін өткізуі керек.

Сондай-ақ, аукционның жеңімпазы сауда орнын барлық санитарлық және басқа да талаптарға сай жабдықтауға міндетті. Дегенмен, енді көше саудасын реттеу үшін жер телімдерінің санын көбейту, «100 орын – көше саудасы» жобасын кеңейту міндеті тұр.

Шағын және орта бизнес өкілдері құзыретті мекемелерге қатысты жиі шағымданады. Мәселен, биылғы жылдың жартыжылдығында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның шектен шыққан әрекеттері турасында сын айтылып, арыз көбейді. Мәселе облыс басшылығы мен Ұлттық палата алдында да көтерілді. Соның нәтижесінде кәсіпкерлерді алаңдатқан түйін тарқатылып отыр.

Монополист мекеменің есебі қате, салып отырған айыппұлы заңсыз екендігі белгілі болды. Бүгінде бизнестің 800 субъектісіне қайта есептеулер жүруде. Қолынан келсе, іскер адамдарды аяғынан шалатын келеңсіздіктерге баратындар да кездеседі. Атырау қаласының жергілікті полиция қызметі басшысының әрекеті соған мысал бола алады. Оның қарауындағы қызметкерлер «Иверия» ЖШС-нің ауылшаруашылық өнімдерін заңсыз түрде тартып алған.

Шектен шыққан бұл қарекет полиция жетекшісінің өз лауазымынан айырылуына мәжбүр етті. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалының бастамасымен кәсіпкер қызметіне кедергі келтірген бір лауазымды тұлға – тәртіптік, екеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы біреуі қызметімен қоштасты.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған