КӘСІПКЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ?

Астанада Бас прокуратура және Ұлттық кәсiпкерлер палатасы арасында Өзара әрiптестiк туралы меморандумға қол қойылды. Осынау рәсімге тікелей бейнебайланыс жүйесі арқылы облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев бастаған прокурорлар және жергілікті кәсiпкерлер палатасының өкiлдерi қатысты.

Елімізде кәсіпкерлердің адал еңбек, маңдай терімен тапқан нәпақасына ортақтасатындар, оның құқығын елемейтіндер көбейіп тұр. Сонымен қатар, іскер адамдардың арасында заңды белден басатындар да бар. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қолға алынған шара кезінде осы жайттар ашық айтылды. Бас прокурор Асхат Дауылбаев және ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев болашақта осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бұрынғыдан да тығыз жұмыс жасайтындарын, бірлесе әрекет ететіндерін жария етті.
- Мемлекеттік органдардың басты мақсаты - бизнесті заңсыз қол сұғудан қорғау екендігін нақты түсінуіміз керек. Құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуымыз қажет. Өз кезегінде кәсіпкерлер қатарларында заң бұзатын әріптестерінің санын азайтуға барынша атсалысулары шарт. Бiз елдегi кәсiпкерлiктiң дамуына қажеттi құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк жағдайларды жоғары деңгейде қамтамасыз етуiмiз қажет. Осы тұрғыда мемлекеттiк органдар мен кәсiпкерлiктiң жұмыла жұмыс iстеуi маңызды, - деді Бас прокурор.

Асхат Дауылбаевтың ерекше тоқталғаны, бүгінде бизнес нысандарына жасалуы тиіс жоспарлы тексерістердің 2,5 мыңнан астамы алынып тасталған. Кәсіпкерлердің құқықтарына қатысты 997 заңсыз акті жойылыпты немесе өзгертіліпті. 13 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалған. 1220 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылып отыр. Соның нәтижесінде биыл жоспарға заңсыз енгізілген тексерістердің саны өткен жылмен салыстырғанда 10 есеге дейін аз болған. Прокуратураның іскер адамдардың құқығын қорғаудағы белсенді қызметі жаңа саланың жаңаша дамуына жол ашуда. Алдымен осы жағдайға тоқталған кәсiпкерлер палатасының төрағасы «қазiргi уақытта Үкiметте Салық кодексiн жетiлдiру бойынша жұмыстар талқылануда. Сонымен қатар, электронды мемлекеттiк сатып алу туралы заң жасалуда. Осы салалар бiздiң бiрлескен күшiмiздiң арқасында реттелуi тиiс. Бiзде ортақ оң тәжiрибе бар. Соны дамытамыз» деген пікір айтты.
Айта кетейік, Бас прокуратура және Ұлттық кәсiпкерлер палатасы арасында қол қойылған Өзара әрiптестiк туралы меморандум экономика саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды және оларды жоюдың жолдарын анықтауды, кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын қалпына келтiру бойынша жұмыстарды күшейтуді мақсат етеді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз