Атырауда ақсақалдар бата беруден жарысты

img 20220317 wa0027 Жаңалықтар

      Бата беру – ұлтымыздың  ежелден қалыптасқан рухани құндылықтарының бірі.

Кез-келген адамға өмірдегі маңызды бір белесіне қадам басарда ықыласпен берілген бата үлкен күш қосып, үміт пен сенімін арттыратыны айтпаса да түсінікті. Халқымыздың осы қасиетті салтын қастерлеп отырған қазыналы қарттарымыздың  еңбегі өте зор. Осыған орай салт-дәстүрімізді дәріптеп, ескіліктің ізін жалғап қалалық батагөй ақсақалдар арасында «Батаменен ел көгерер» атты баталар сайысы өтті.

  • ­­­­­- Ұлттық құндылықтарымыз бен озық салт-дәстүрімізді  ардақтап, бойға сіңген қазақы қасиетті жалғау, аға буын мен өскелең ұрпақ арасындағы байланысты нығайтуға және бата беру дәстүрі арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу мақсатында осындай керемет мерекелік шара өтіп жатыр. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деп Дамбы ауылдық округі, Амангелді ауылының ақсақалы Сатыбай Әпендеұлы өз тілегін айтты.

    Қатысушылар сайыста үш кезең бойынша жарысты. «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар» демекші, сайыскерлер бірінші кезекте өздерін таныстырды. «Аталарым батагөйім, дариям» атты бөлім бойынша үміткерлер үйден дайындап келген батасын берді. Ал үшінші кезең – «Баталы жанға бақ қонар» атты бөлімде сахналық қойылымға байланысты баталарын берді.

    Аталған үш кезең бойынша әділ-қазылар алқасы қорытынды баға шығарып, қатысушылар диплом, алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Мерекелік кеш ары қарай концерттік бағдарламаға ұласты.

     Қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, елдің рухани қазынасында бата сөздердің мән-мағынасы, қадір – қасиеті айрықша бағаланған. Айбыны асқақ, көңілі көкпар елдің жүректен шыққан ақ батасы қашанда айтыла бермек.

Нұрсұлтан НҰРСЕЙТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз