Кәсіби дамудың негізгі элементі
Қазір Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі серпінді өзгермелі әлемдік трендтерге трансформациялану мен бейімделудің маңызды кезеңін өткеруде. Осы тұста елімізде мемлекеттік қызметшілердің заман талабына сай кәсіби біліктілігі мен құзыреттілігін дамытуға ерекше мән беріледі. Атырау өңірінің мемлекеттік басқару саласына қажетті мамандарды даярлайтын толыққанды оқу ордасына айналған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін шыңдап, мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары басқарушылық мәдениеттің қалыптасуына үлкен үлесін қосып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік қызмет істері саласында жүйелі түрде жүзеге асыруға тиесілі бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Әсіресе «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуде мемлекеттік қызметшілердің бойында әділдік, адалдық, мемлекетшілдік секілді қасиеттерді орнықтыру ісін ерекше атап өтті. Бұл ретте Филиал сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік қызметті қалыптастыру, мемлекеттік басқарудағы заманауи үрдістер, мемлекеттік қызметтер көрсету, жасанды интеллектіні пайдалану, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру негізінде оқу бағдарламаларын жүйелейді.
Филиалда қайта даярлау курстары мен біліктілік арттыру семинарлары заман талабына сай оқытудың озық әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы өткізіледі. Интерактивті пікірталас, психологиялық тренинг, миға шабуыл, іскерлік, рөлдік ойындар, топтық жұмыстар, практикалық кейстерді шешу, аналитикалық жазба жазу, қызмет бағыты бойынша жобалар қорғау, тәжірибелік сабақ, интерактивті жаттығу, team building – интерактивті оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері мемлекеттік қызметшілер санасының заман талабына сай трансформациялануына ықпалы жоғары.
Өңірдегі мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша көшпелі семинарлар, сонымен қатар, кешкі тілдік курстарын өткізу тәжірибесі де енгізілген.
Кәсіби әрі сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында мемлекеттік қызметшілерді оқыту кәсіби даму мен құзыреттерді жетілдірудің негізгі элементі болып табылады делінген. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ерекше мәртебеге ие ұйым болып табылатын Академияның Атырау облысы бойынша филиалында 2024 жылы қайта даярлау курстарынан – 130, біліктілікті арттыру семинарларынан – 1111 мемлекеттік қызметші, өз қаражаты есебінен 11 жеке тұлға өз біліктіліктерін арттырды.
Академия филиалы мемлекеттік қызметшілерді даярлаумен және олардың біліктілігін арттырумен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметкерлері мен жеке тұлғалардың кәсіби дағдыларын арттыру, «Ассессмент-орталық» әдісімен персоналды кешенді бағалау, жобалық менеджментті дамыту, кәсіби сертификаттау және ҚР СТ ISO бойынша адами ресурстарды басқару саласында сертификаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты енгізу, персоналдың HR сертификаты, QAZAQ RESMI TEST (QRT) және т.б. бойынша консалтингтік қызметтер көрсетеді. Бұл қызметтер қызметкерлердің құзыреттерін арттыруға және кәсіби даму жолында тиімді құрал болып табылады.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұсынысымен 2024 жылдың қыркүйек-қараша айларында қалалық, аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 1920 мүшесі «Республикалық референдум: құқықтық негіздері, референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» және «Қала, аудан әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру» тақырыптарында семинарларға қатысып, біліктіліктерін арттырды.
Филиал Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі имамдардың рөлін көтеру және жұртшылық алдында әсерлі сөз сөйлеу мәдениетін, кәсіби құзыреттіліктері мен тәжірибелік дағдыларын дамыту, біліктілігін арттыру мақсатында «Өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі имамдардың (теологтардың) рөлі» тақырыбында семинар өткізіп, 51 тыңдаушыға бекітілген үлгідегі сертификат табыстады.
Сонымен қатар, ұстаздардың дінтану саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін және тәжірибелік дағдыларын арттыру бағытында ұстаздарға арналған «Дінтанудың қазіргі замандық мәселелері және гуманистік таным» тақырыбында семинар ұйымдастырылып, 50 тыңдаушы діни ахуал, фундаментализм, модернизм және діннің қазіргі қоғамдағы рөлі сияқты өзекті мәселелер бойынша білімдерін шыңдады.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 2024 жылдың маусым-шілде айларында Филиалда медицина қызметкерлеріне арналған «Кәсіби коммуникациялар. Көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті» тақырыбында екі күндік біліктілікті арттыру семинары өтті. Аталған семинарға облыстық басқармаға қарасты медициналық мекеме басшылары мен жауапты орынбасарлары қатысып, 36 тыңдаушы кәсіби іскерлік коммуникация және көпшілік алдында сөйлеу тәсілдерін қолдану бойынша тәжірибелік дағдыларын дамытты.
Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында ең бірінші кезекте, мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керектігін атап өткен болатын. Осы орайда, Мемлекет басшысының мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған тапсырмалары аясында Филиалда «Мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» тақырыбында облыстық және қалалық мәслихат депутаттарына арналған бес күндік біліктілікті арттыру семинары өткізілді. Семинар барысында мәслихат депутаттарының жазбаша коммуникация тақырыбы бойынша депутаттық сауалдар, өтініштер, ұсыныстар мен есептер дайындау бойынша тәжірибелік дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылып, тыңдаушылар бюджет жобасын қарау кезеңінде бюджет процесінде қолданылатын заманауи тәсілдер бойынша білім алды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы халықпен етене байланыста жұмыс істеуді талап етеді. Филиал мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын арттыру, БАҚ-қа сұхбат беру, бейнекамера алдында өзін еркін ұстау, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін, коммуникация негіздерін меңгеру мақсатында семинарлар өткізіп, практикалық сабақтарды көшпелі форматта жергілікті телеарналарда өткізу тәжірибесін қолданып келеді.
Филиал жұмысы үдерісіндегі қайта даярлау курстары мен біліктілікті арттыру семинарлары нәтижелілігінің бір негізі – тыңдаушылардың білікті мамандармен, елімізге танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесіп, сұхбаттасып, ой-пікір, тәжірибе алмасулары, көкейкесті сауалдарына жауап алып, кәсіби білік-дағдыларын шыңдауы. Осы бағытта қонақ дәрістер, мотивациялық кездесулер өткізу үрдісі жалғасып келеді. Атап айтқанда, Филиал тыңдаушылары Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Сұлтанұлы Желдібаймен, және мемлекеттік қайраткер, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі VIII-шақырылымының депутаты, ережесіз жекпе-жектен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы, Еуропа чемпионы Ардақ Құттықожаұлы Назаровпен, сонымен қатар, мемлекеттік қызметке еңбегі сіңген ардагерлермен, жергілікті және орталық атқарушы органдардың басшыларымен кездесті. Бұл кездесулер тыңдаушылардың бойында патриоттық сезімді нығайтуға, олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға, сондай-ақ жеке және кәсіби тұрғыдан дамуына үлкен үлесін қосты.
Академия бүгінде еліміз бойынша Ұлттық стандарттарға сәйкес адами ресурстарды басқару және жобаны басқару бойынша персоналдың сәйкестігін растайтын жалғыз аккредиттелген орган мәртебесін иеленген.
2024 жылдың қазан айында Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен және Филиалдың ұйымдастыруымен Академияның Ассессмент-орталығы Атырау облысындағы 88 мемлекеттік қызметшінің құзыреттілік деңгейін бағалауын жүргізді. «Ассессмент-орталық» әдісімен персоналды кешенді бағалау барысында мемлекеттік қызметшілердің талдау, шешім қабылдау, көшбасшылық, белсенділік, қызметті басқару және сенімділік секілді бес негізгі құзыреті қарастырылып, қатысушылар арнайы ситуациялық тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің кәсіби қабілеттерін көрсетті. Бағалау процесін халықаралық сертификатталған Академияның мамандары жүзеге асырды.
Мемлекеттік қызметшілердің жобалық басқару технологияларын меңгеру арқылы жұмыс тиімділігін арттыру, олардың бойында жобалық басқару дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету мақсатында 2024 жылдың қараша айында «Жобалық менеджмент: ҚР СТ ISO 21502-2022 сертификаттауына дайындық» тақырыбында бес күндік семинар-тренинг ұйымдастырылды. ҚР СТ ISO 21502-2022 «Жобаларды басқару жөніндегі нұсқаулық» Ұлттық стандарты бойынша сертификаттау емтиханына 22 мемлекеттік қызметші қатысып, «Жобаның басшысы» санаты бойынша персоналды сертификаттаудан 18 мемлекеттік қызметші сәтті өтті.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтармен күрес саласындағы кәсіби құзыреттіліктері мен тәжірибелік дағдыларын дамыту аясында біліктілік арттыру семинарлары үздіксіз өткізіліп келеді. Филиалдың оқу бағдарламалары сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексін ұстану, парасаттылық, әдептілік, ашықтық сияқты құндылықтарды ескере отырып, білім алушылардың кәсіби және тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру жолында әзірленеді.
2024 жылдың маусым айында комплаенс қызметтердің құзыретін кеңейту және ISO 37001-2017 жемқорлыққа қарсы күрес менеджменті жүйесін енгізу мақсатында Филиал Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) бірлесе алғаш рет квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірінші басшылары мен комплаенс қызметкерлеріне арналған семинар ұйымдастырды. Комплаенс қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында өткізілген бұл семинарда ISO 37001-2017 жемқорлыққа қарсы күрес менеджменті жүйесі, талаптары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс құру, іскерлік этика термині және комплаенс стратегиясының орындалу барысы туралы түсінік берілді.
Сонымен қатар, Филиалда Департаменттің «ANTIKOR оралығында» көшпелі форматта дәрістер өткізу тәжірибесі де енгізілген.
Жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, қажетті құзыреттері бар, ойы терең, стратегиялық және сыни ойлайтын мамандарды даярлау – Мемлекеттік басқару академиясының басты мақсаттарының бірі. Осы орайда, өңірдегі мемлекеттік қызметшілерді Академияда білімін жалғастыру мақсатында жұмыстар жүйелі жоспарланып, магистратура, докторантура білім беру бағдарламаларына оқуға түсу бойынша тұрақты түрде ақпараттық сессия, кездесу жұмыстары өткізіліп келеді. Ұйымдастырылған жұмыстар нәтижесінде 2024 жылы Академияның магистратура білім беру бағдарламаларына 9 үміткер оқуға қабылданды, оның ішінде 7 үміткер мемлекеттік қызметте және мемлекеттік емес ұйымдарда басшылық лауазымда қызмет етеді.
Негізгі жұмыстан қол үзбей өз құзыреттерін арттырғысы келетін азаматтарға арналған «Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму» модульдік оқыту бағдарламаларына биылғы жылы 6 мемлекеттік қызметші құжаттарын тапсырып, оқу ордасында өз білімдерін шыңдайтын болады.
Атырау облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің қолдауымен 2024 жылдың 9-10 желтоқсан аралығында Өңірлік кадр резерві мүшелерін оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинардың басты мақсаты – мемлекеттік сектордың басқару мәдениетіне өзгерістерді тиімді енгізу үшін өңірлік буынның топ-менеджерлеріне бәсекелестік орнататын өңірлік кадр резервіне іріктеуден өткен жас басқарушылардың құзыреттерін жетілдіру.
Биыл Академияның құрылғанына – 30 жыл. Осы уақыт аралығында Академия мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мен бәсекеге қабілетін арттыру жолында ауқымды жұмыстар атқарды, сондай-ақ басқару саласында ғылыми зерттеулер жүргізу орнына айналды. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін шыңдау ісін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтерді.
Мерейтой аясында Филиал облысымызда алғаш рет «Академиямен бір қадам алға» тақырыбында түлектер қауымдастығы форумын ұйымдастырды. Форумға мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызметтің ардагерлері, квазимемлекеттік сектордың, бизнестің, облыстық, қалалық, аудандық және Жастар мәслихаттарының өкілдері, сонымен қатар Филиалдың бұрынғы директорлары, Академияға оқуға түскен болашақ тыңдаушылар мен түлектер қатысты. Атырау өңірі бойынша Академияның 40-тан астам түлегі бүгінде министрліктер мен агенттіктерде, орталық және жергілікті атқарушы органдарда, жеке және квазимемлекеттік секторларда еліміздің экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеру жолында аянбай қызмет етуде.
Филиал Академияның 30 жылдық мерейтойына орай мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметкерлері мен Академия түлектері арасында минифутбол, шахмат, үстел теннисі және волейбол сияқты спорт түрлері бойынша Спартакиада ұйымдастырды. Жарыс нәтижелері бойынша жеңімпаз командалар салтанатты түрде марапатталып, аталған іс-шара қатысушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ әріптестер арасында тығыз байланыс орнатуға зор үлесін қосты.
Мерейтой аясында Филиалда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелер бойынша ой-пікірлерін ашық білдіруге мүмкіндік беру мақсатында мемлекеттік қызметшілер мен түлектер арасында «Үздік эссе» байқауы ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығы туралы терең ой жүгірткен байқау қатысушылары өз көзқарастарын көрсетіп, қоғамға қызмет етудің мәнін айқындады.
Филиалдың бүгінгі жетістіктері – ұжымымыз бен серіктестеріміздің ортақ еңбегінің нәтижесі. «Дәстүрді сақтап, болашаққа ұмтылу» ұранымен Филиал мемлекеттік қызметшілердің заман талабына сай сананың трансформацияланып, кәсіби біліктілігі мен өз қызметтеріне деген жауапкершілігін арттырып, парасаттылығын дамытуда және мемлекеттік органның мақсаты мен міндеттеріне сай келетін дағдыларды жетілдіруге бағытталған іс-шараларды кеңінен қамтуға жұмыстануда. Алдағы уақытта да мемлекеттік басқару бойынша аталған жүйелі жұмыстар өз жалғасын табады деген ойдамыз.
Айнұр МҰРАТБЕКОВА,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы
Атырау облысы бойынша филиалының жетекші сарапшысы