Кәсібі бардың – нәсібі бар
Atr.kz/2 тамыз, 2019 жыл. Соңғы екі жылда ауылдық жерден бағдарламаға қатысушылардың саны артуда. Мәселен, 2017 жылы ауылдағы бизнес жобалардың саны 191-ді құраса, былтыр 207-ге жетті. Бұл сегіз пайыз өсімді көрсетеді.
ТӨРТІНШІ БАҒЫТ:
- Жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты лайықты жалақымен қамту
«Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл — стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет».
(Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінен)
***
Аудандар бойынша екінші деңгейлі банктер ауылдағы жобалардың кепіл мүлкін төмен деңгейде бағалауымен қаржыландыруда. Басты проблема – кепілдік өтімділігінің төмен болуында. Аталған өзекті мәселені шешу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен соңғы алты жылда ауылда тұратын шағын кәсіп иелерін жеңілдетілген несиемен қолдау үшін жергілікті бюджеттен 2,1 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерден қайтарылған қаражат есебінен 145 млн. теңге көлемінде несие берілді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқылы ауылдық жерде 405 бизнес жоба қаржыланып, 623 жаңа жұмыс орны ашылды.
Биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артық. Облыс экономикасына шетел инвестициясын тарту және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Жуырда «Атырау Ойл & Газ» және «Атырау Билд» Солтүстік Каспий аймақтық көрмелері өтті. Шараға 100-ден астам отандық және шетелдің мұнай-құрылыс компаниясы қатысып, өзара ықпалдастық мәселелерін талқыға салды. Атыраудағы экспортқа бағытталған кәсіпорындардың тұсауы кесілді.
Нәтижесінде әртүрлі инвестициялық жобаларға қызығушылық танытушылар салалық обьектілерге бару мүмкіндігіне ие болды. Биылғы жыл басынан бері Атырау облысына Ұлыбритания, Ресей, Белоруссия, Канада және АҚШтан делегация өкілдері ресми іссапармен келді.
Сонымен қатар, «Бір терезе» қағидаты бойынша ақпараттықталдау және сервистік қолдау, отандық және шетелдік инвесторларға сапалы көмек көрсету мақсатында өңірде «Kazax Invest» ҰҚ», «Атырау әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамдары жанынан инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде кеңес жұмыс істейді.
Айқын ЕЛЕУСІЗОВ,
кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық
даму басқармасы басшысы
***
«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыста ауқымды жұмыстар тындырылуда. Аталмыш бағдарлама қабылданған 2010 жылдан бері өңіріміз алғаш рет былтыр республикада төленген субсидия және кепілдендіру құралдары бойынша бірінші сатыға тұрақтады. Бұл аймақтағы кәсібін өрістетуге ниеті бар тұрғындар жобаларының тиімді жүзеге асырылып жатқанын аңғартса керек.
• 2019 жылдың І тоқсанындағы жалдамалы қызметкерлер саны – 223018 адам
• Ірі және орта кәсіпорындарға жұмысқа қабылданғандар – 19022 адам
• Халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысының көлемі 195546 теңгені құрады