ҚАРТТАРЫМ, АМАН-САУ ЖҮРШІ!..
Жиында облыс басшысы ардагерлерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебіз, ақ тілегін жеткізді. Сонымен қатар, облыста жыл бойына атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалар жөнінде кеңінен айтты.
— Биылғы жылдың ең басты ерекшелігі – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы. Мемлекет басшысы жаңа стратегиялық саясатты әдеттегідей жыл басында емес, өзінің көрегендігінің арқасында үлкен қиындықтарға тап болып қалмау мақсатында қараша айында жариялады.
Әлемде белең алып жатқан геосаяси қиындықтарға қарамастан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз қарқынды даму үстінде. Соның ішінде, Атырауда да үлкен жобалар жүзеге асып жатыр. Тұрғын үй құрылысы комбинаты, ешкі сүті фермасы, гидропоника цехы, голландиялық голштин-фриз асыл тұқымды мүйізді ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы, құс фабрикасы және тағы басқа жобалар облыс тұрғындарын жергілікті өніммен қамтуға септігін тигізбек, — деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы.
Сонымен қатар, өлкеде мәдениет, спорт, құрылыс салаларында да қол жеткізген жетістіктер туралы айта келе, аймақ басшысы алдағы жоспарларымен де бөлісті.
— Газымыздың бағасы төмен, облыс халқының көбі «көгілдір отынмен» қамтылып отыр. Бірақ, әлі де табиғи газды армандап отырған елді мекендеріміз де баршылық. Солардың қатарында – үлкен стратегиялық мәнге ие құрамында алты елді мекені бар Азғыр өңірі. Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкин ауылынан Сүйіндікке дейін 265 шақырым жерге газ тарту мәселесін қарастырудамыз. Келер жылы жобалық-сметалық құжаттарын дайындауды тапсырдым. Жасыратыны жоқ, бұл – өте күрделі жоба және он миллиард теңгеге жуық қаржыны қажет етеді. Алайда, мұны қазір қолға алмасақ, бұл аумақтағы халықты көшіріп жіберуге тура келеді. Ал, бұл маңдағы жерлер біз үшін өте қажет. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерге ерекше көңіл бөлуді ұйғарып отырмыз. Келер жылы арнайы жоспар жасақтап, Индер, Доссор және Жанбай ауылдарын дамыту жұмыстарын жүргізбекпіз. Атырау-Астрахан тасжолының бұрын жасақталған жобалық-сметалық құжаттары ескірген. Кері дайындау қажет. Келер жылы Астраханмен шекаралас Котяев ауылынан бері қарай 60 шақырым жол құрылысын бастап кетуге жұмыстанып келеміз, — деді облыс басшысы.
Облыстың Құрметті азаматы, еңбек ардагері Есен Тасқынбаев жыл аяғында аймақтағы ардагерлердің басын қосып, кездесу ұйымдастырған облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, өлкеде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
— Келер жылы еліміз үшін мерейтойға толы кезең болғалы отыр. Сол сияқты, Атырау қаласы үшін де маңызды жылдың бірі. Алдағы жылы Атырау қаласының 375 жылдығы өтеді. Осы атаулы күнді жоғары деңгейде тойлауды ұйымдастыру қажет деп есептеймін, — деп ұсыныс берді.
Ал, Ұлы Отан соғысының ардагері Айдын Айбаров Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын насихаттау барысында бос сөзділіктен аулақ болып, Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерге жету үшін нақты қандай іс тындырылуы қажет екенін қадап айтуды жөн санады.
Ал, еңбек ардагері Меллят Сабырова облыс басшысына, облысымыздың гүлденуіне арнап шығарған өлең жолдарын оқыды. Сонымен қатар, еңбек ардагерлері Хисмет Табылдиев, Ғатау Ібішев, Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Захарова және тағы басқалары сөз алып, Елбасына, облыс әкіміне көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдірді. Ал, облыстың Құрметті азаматы Мәдина Ғабдісәлімова Азғыр өңірін көгілдір отынмен қамту туралы жаңалыққа орай қуанышын жасырмады.
Ал, өнер жанашыры, қазақ өнері мен әдебиетінің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Илья Жақанов ескерткіштерге үлкен мән беру керектігін жеткізді.
— Өлкемізде біршама игі істер тындырылып жатыр. Қаламыз да күн санап көркеюде. Алайда, ұлыларды ұлықтайтын ескерткіштерге ерекше көңіл бөлген жөн. Мәселен, қазақтан шыққан батыр қыз Хиуаз Доспанованың ескерткіші адам көрмейтін жерде тұр. Неге бұл ескерткішті халық көп жиналатын алаңға немесе әуежайдың алдына орналастырмасқа? Осылай ғана біз жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, батырларды ардақтау тәрбиесін сіңіре аламыз, — деді Илья Жақанов.
Көзі тірі болса, қазақ поэзиясының падишасы атанған Фариза Оңғарсынова биыл 75 жасқа толар еді. Ал, келер жылы Әнұран авторларының бірі, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 80 жыл толмақшы. Осыған орай, облыс басшысы қазақтың маңдайына біткен біртуар қос тұлғаға арнап аймақта ескерткіш орнатылатынын жеткізді. Қазіргі таңда жобасы жасақталуда.
Табиғатынан үлкенді қадір тұтып, құрметтеген қазақ халқының қарияларға деген қамқорлығы қашан да ерекше болған. Облыстың тұтқасын ұстап, өлкенің жанашыры, ақылшысы болып отырған ардагерлермен кездесу соңында облыс әкімі сый-сияпат табыс етті.
Айгүл Социалқызы.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.