ӘР АРЫЗДА – АДАМ ТАҒДЫРЫ

Атырау өңіріне іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Алдан Смайыл мен Еркін Шпанов «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың арыз-тілектерімен танысты. 

Бес жасар қызының туа біткен мүгедек екенін алға тартқан Геолог селосының тұрғыны, төрт баланың анасы  Айман Жұмашева депутаттардан қолдау сұрай келіпті.

«Жеті  жылдан бері пәтер жалдап келемін. Тұңғыш қызым тұрмыста, екінші ұлым - әскерде, одан кейінгі қызым туа біткен мүгедек. Ал, кенже балам балабақша жасында болғанымен, оның да кезегі жақын емес. Балаларға өзім қарайлап отырғандықтан қызметке тұруға еш мүмкіндігім жоқ. Қызымның мүгедектегіне байланысты төленетін жәрдемақыны пәтерақысына төлеп келемін. Басқа шығындарды айтпағанда, қаржының тапшылығынан қызымның емдік курстары бірнеше жыл бойына алынбай тоқтап тұр» деген ол пәтер алуға көмектесуді сұрады. 

 Мәжілісмендер пәтердің кезекпен берілетінін айтып, оған дейін уақытша бір бөлмелі жатақханамен қамту жолдарын қарастыратындарын жеткізді. Сондай-ақ, депутаттар көмекке зәру сәбидің емдеу курстарына қаржыны ірі компаниялардың демеушілігі арқылы табуға уәде берді. Мүгедек баланың көп күтімді қажет ететіндігіне ерекше тоқталған депутат А.Смайыл  Айман Жұмашеваға оны интернатқа орналастыруға кеңес берді.

Ал, Жанбике Дошымбетова – 2008 жылдан бері ІІ топ мүгедегі. Денсаулығының қазіргі жағдайына байланысты мүгедектіктің І тобына ауыстыруын сұрайды. Қабылдауға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бұл азаматшаны медициналық сараптамадан қайта өткізіп, нәтижесі І топтың сипатына сай келсе, мүгедектік тобы қайта тағайындалатынын мәлімдеді.

Бәтима Оразбаева  жасы елуде екен, жұмыспен қамтамасыз етуді сұрады. Бұрын техникалық училищені тәмамдаған ол құрылыс, есеп  салаларында қызмет етіпті. Екі жылдан бері жұмыссыз. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыссыздар есебінде тұрғанымен, өз сұранысына сай жұмыс таба алмай келеді. Азаматшаның сұраған қызметі – қойма меңгерушісі. Алайда, мұндай бос жұмыс орындары табыла бермейді. Осы орайда мәселеге араласқан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова «бізге бұл тұрғынның арызы таныс. Бірақ, өз сұранысына орай жұмыс табылмай келеді. Бұл кісі алғыр, әрі елгезек. Сондықтан, үкіметтік емес ұйым құрып, жұмыс жасауына болады» деген ұсынысын білдірді. Бұл пікірді қолдаған депутаттар  мұны өте дұрыс  шешім деп тапты. «Егер бұл істі бастасаңыз, әрі қарай ынтаңыз оянып, жұмысқа қабілетіңіз арта түседі» деді Алдан Зейноллұлы.

«Авангард» мөлтекауданының тұрғыны, тыл ардагері Марфа Сырәлиева осыдан төрт жыл бұрын пәтер кезегіне тіркелген екен. Қазіргі уақытта кезек саны – 1382. Тұрып жатқан пәтері жанұядағы он адамға тарлық ететінін айтып, «үй алуға қолдау болса» дейді. Зейнеткердің өтінішін тыңдаған депутаттар заң бойынша пәтердің кезекпен ғана берілетінін жеткізіп, балаларының мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының біріне арыз жазып, қатысуға болатынын айтты.

 Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз