ҚАРАЖАТ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛУЫ ТИІС

Кеше Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХІІІ сессиясы өтіп, мұнда өткен жылы 2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселесі қаралды.

– Бюджеттік бағдарлама әкімгерлері мен аудан әкімдіктері қаралған қаржылардың жыл аяғына дейін игерілмеу фактілерін анықтап, нәтижесінде 1 млрд. 773 миллион теңгеге өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Атап айтсақ, олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдени, коммуналдық, тұрғын үй құрылысы, қоршаған ортаны қорғау саласы нысандары бар. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес республикалық бюджет туралы заңға өзгеріс енгізіліп, облысқа бөлінген қаражат көлемі азайтылып отыр.

Жылыой ауданының Шоқпартоғай, Қосшағыл және Ақкиізтоғай елді мекендерінің автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу жөнінде сөз қозғалды. Бұл жолдардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Келер жылы бұл жолдарға мүмкіндігінше қаражат қарастырылатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева.

Сессияға қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов депутаттардан алда келе жатқан мерекелерге ерекше мән беруді сұрады.

– Қыс мезгілінің алғашқы айы мерекелерге толы, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы. – Сондықтан, жаңажылдық шыршаларды 17 желтоқсаннан бастап орнатуды өтінемін. Қала, аудан басшыларына бұл жөнінде тапсырма берілді. Жаңа жылға дейінгі мерекелердің де мазмұны терең, маңызы зор.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз