Карантин талаптарын бұзушылар жыл басынан бері 1 жарым млрд. теңге айыппұл төлеген
Қазіргі таңда республика аумағында 1860 мобильді мониторингтік топ жұмыс жүргізуде. Арнайы талдау нәтижесінде маусым айындағы мониторингтік топтардың белсенділігі мен жұмыс тиімділігі 32%-ға төмендегені анықталды.
Нысандарды рейдтермен қамту көрсеткіші Түркістан облысында 23,5 мыңға, Алматы облысында 3,7 мыңға, Қарағанды облысында 3,1 мыңға, Атырау облысында 1708 нысанға төмендеді.
Шағын және орта бизнес нысандарының маусымдық белсенділігіне қармасатан Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан Ақтөбе облыстарында карантиндік шектеу талаптарын бұзған объектілерді анықтаудың үлес салмағы кеміген.
Шілде айында, керісінше, мониторингтік топтар жұмысының жоғары тиімділігі Шымкент, Алматы қалаларында және Жамбыл облысында байқалды.
Сонымен қатар, мониторингтік топтар «Ashyq» жобасына қатысушы 3544 объектіні қамтыған. 482 нысанда тиісті талаптардың орындалмағаны анықталды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 10 маусым мен 24 шілде аралығында 12168 талап бұзушы анықталды, олардың 781-і «қызыл» және 4 887-і «сары» мәртебемен қоғамдық орындарға келген.
«Қызыл» мәртебесі бар жеке тұлғаларға жалпы соммасы 10,9 млн. теңгеден астам 258 айыппұл салынды. «Сары» мәртебесі бар жеке тұлғаларға үй карантині шарттарын сақтау туралы талап қойылып, өңірлердің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің 2203 қаулысы шықты.
2021 жылдың 1 қаңтары мен 24 шілдесі аралығында республика бойынша мониторингтік топтар жалпы саны 132 088 рейд жүргізіп, 758 679 нысанды қамтыды. Шектеу шараларын бұзған 20 158 объекті анықталды.
Шектеу шараларын бұзудың 19026 дерегі бойынша 11 376 бизнес субъектісі және 7650 азамат жауапкершілікке тартылды. Олардан 1,5 млрд. теңгеден астам сомаға айыппұл өндірілді. 91 нысанның қызметі тоқтатылып, 334 материал сотқа жіберілді.