КӘНІГІ АҢШЫЛАР АЗАЙЫП БАРАДЫ

немесе қасқырға қарсы күрес қалай жүруде?

Редакцияға келген Алпысбай Құлпейісов есімді жігіт әуесқой аңшы екен. Негізгі мамандығы мұнайшы болғанымен, көп жылдан бері қасқыр аулаумен шұғылданатын көрінеді. Өзін, әсіресе, Жылыой жақтың жұртшылығы жақсы білетіндігін айтады. Ол аң аулаудағы тәжірибесін көппен бөліскенді жөн көріпті.

Жалпы, аумақта қасқырлардың әлсін-әлсін қатер туғызатыны жасырын емес. Қорадағы қорғансыз қойға шабуы өз алдына, үйірдегі айғыр мен табындағы бураны да оп-оңай жарып кетеді. Түз тағысының тырнағынан, әсіресе, шаруа қожалықтары көбірек зардап шегуде. Қасқыр малды қойып, адамға ауыз салуды шығарды. Өткен жылы Индер ауданында осындай тосын оқиға орын алды. Сонда не істеу керек?

Міне, осы орайда Алпысбай аңшы қасқыр аулауды жүйелі жүргізуді, табиғаттағы оның санын қолдан реттеп отыруды ұсынады. Мүлдем құртып жіберу де жараспайды.

Мәселен, бір қасқырдың қаншығы кей кезде 12 бөлтірік туады екен. Ал, орташа есептегенде, көбіне сегіз, кем дегенде алтауын өмірге әкеледі. Тағы бір ғажайыбы – егер аналығы өліп қалса, оларды өзгесі асырайтын көрінеді. Мұны Алпысбай аңшы Махамбет ауданының «Аруана» жеке қожалығына қасқыр аулауға барғанында көріпті. Ақырында, адамдар бөлтірік-терін көріп қойса, ұрғашысы сол бойда оларды басқа жаққа көшіреді. Бұл жай аңшыларға Маңғыстау облысында кездесіпті. Кешкілік қасқырдың апанындағы бөлті-ріктерді көрген олар ертең ертемен келіп алмаққа бел байлайды. Сөйтіп, өздерінше үркітпей кейін қайтады. Бірақ, таңертең келсе, жоқ. Апанға адам аяғы басылғанын білген ұрғашысы бәрін басқа жерге алып кетіпті. Міне, мұның бәрі қасқырлардың ұрпағын сақтауға тырысатындығын, демек келешекте олардың саны артуына байланысты қауіп-қатер де сейілмейтіндігін көрсетеді.

Жалпы, қасқырдың мақсаты – қарын тойдырып, аштығын басу емес. Ол малды қырып-жойғанды ұнатады. Мәселен, қос арлан бір отар қойға тигенде 20-30 шақтысын жарып кетеді. Қасқырды нағыз аулайтын уақыт – оның бөл-тіріктейтін кезі. Осы мезгілде олар әлсіз болады. Олар түнімен тамақ іздеп жортып, күндіз қалың ұйқыға беріледі. Міне, сол кезде соғып алуға мүмкіндік бар.

Алпысбай Бауыржан Жиенбаев есімді тағы бір аңшымен Жылыой ауданындағы Қосшағыл елді мекені тұсынан қасқыр аулапты. Осындағы бір азаматтың биесін жарып кеткен екен. Содан ауыл маңынан із кесіп, 25 шақырымдай жаяу жүргенде қасқырдың апанына тап болған. Ұйықтап жатқан жерінен алдымен арланын атады. Өте ірі екен, төрт мәрте оққа байлағанда ғана әрең құлаған.

Жалпы, қасқыр жараланса және құтылмасын білсе, ызаланып адамға тура шабады. Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында аңшылар осындай оқиғаға кездескен. Олар қасқырдың соңынан бес күн қуып, ақыры қолға түсіре алмаған. Өйткені, қасқырдың сақтығы мен айлакерлігі мықты. Содан арада жиырма шақты күн өткенде сол маңдағы жеке қожалықтың жылқысын жарып кеткендігі жөнінде хабар жетті. Бұлар да қаруланып барған. Сол аналық қасқыр екен. Ұйықтап жатқан жерінен соғып алды. Апанынан алты бөлтірік олжаланды.

Қасқырдың бөлтірігін асырап, оны қолға үйрету туралы да айтылады. Бірақ, Алпысбай аңшының пікірінше, бұл мүмкін емес. Оны өз тәжірибесінен көрген. Бірде Махамбет ауданы Баймөңке сары деген жерде қасқырдың төрт бөлтірігін асырапты. Мұндағы ойлары – бөлтіріктерін іздеп келген үлкен қасқырларды қолға түсіру. Бөлтіріктерге барлық тамағын беріп, аш етпеген. Соның өзінде әлгілер бірін-бірі жеп қойыпты. Қазақтың «қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» деген сөзі осыдан қалған шығар.

Осы бөлтіріктерді апанынан алып шығудың өзі қиын. Оны тұтас ғылым десе де болғандай. Тәжірибесіз аңшылар өздері жазымға ұшырауы ықтимал. Мұны Алпысбай аңшы жақсы меңгерген. Апанға кіруші қолына жарық түсіретін фонар ұстауы шарт. Аяғына арқан байлап, оның бір шетін сырттағы серіктеріне береді. Өйткені, апанға кіргенімен, одан кейін бұрылып шыға алмайды. Сонда сырттағылар тартуы тиіс.

Қасқырдың апаны бірнеше қуысқа бөлінеді. Әдетте бөлтіріктер арғы түбіне жиналып, біреуі адамға бетпе-бет қарап тұрады. Өзгелері інді әрі қарай қаза береді. Әккі аңшылар жарықпен көзін шағылыстырады. Осылай біраз арбасуға тура келеді. Себебі, денесіне қол тигізсе, тістейді. Сондықтан, бір жағына бұрылса, құлақ-шекеден, ал теріс айналса, артқы екі аяғынан ұстау керек. Сол кезде сырттағылар да арқанмен тарта бастайды. Осындай әдіспен бөлтіріктер түгел қолға түседі. Алпысбай аңшы көбіне апанға өзі кіреді, өзгелердің өмірін тәуекелге байламайды.

Тәжірибелі аңшы ретінде Алпысбай шәкірт даярлауға ынталы. Өз білгенін жастарға айтқысы келеді. Кейбірін қасына ертіп, тәрбиелеп те көрген. Бірақ, көпшілігі қиындыққа шыдамай, соңынан тастап кетеді. Расында да, аптап ыстық пен аязды боранда дала кезіп, 20-25, кейде тіпті одан да көп шақырым жаяу жүру оңай емес. Міне, жастар осындай ауыртпалықтан қашады. Бүгінде тәжірибелі аңшылар қатары сейіліп келеді. Сонда бұл кәсіпті ертең кім жалғастырады? Аңшылықты қалай қалыптастырамыз? Мүмкін оларды қызықтыратын бір тетік ойластырған жөн шығар?

Рас, облыста атылған әр қасқырға 14000 және шибөрі мен бөлтірікке 7000 теңгеден сыйақы беріледі. Бірақ, сол ақша қолға тигенше, біраз тер төгуге тура келеді. Біздегі тәртіп бойынша, атылған аңның терісі басымен және құйрығымен бірге сыпырылып тапсырылады. Одан әрі арнайы құрылған комиссия сараптамадан өткізіп, кейін арнаулы автобаза территориясында өртеледі. Мұндай тәртіп әлдекімдердің  даладағы арам өлген қасқыр терісін әкеліп, сыйақыны алдап алмауы үшін енгізілсе керек. Бірақ, көршілес Батыс Қазақстан облысында түз тағысының тек құйрығы ғана тапсырылады екен. Сыйақы мөлшері де бізден көбірек, 20 мың теңгені құрайды. Қазір кейбір атыраулық аңшылар атқан қасқырларының терісін түгелімен соларға сатып та жүрген көрінеді. Сол жаққа барып қасқыр аулайтындар да бар.

Облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамында бес мыңнан аса мүше бар. Бірақ, менің ойымша, солардың дені балықшылар болса керек. Әйтпесе, осында жиырма шақты ғана әуесқой аңшының басы біріктірілген. Солардың қаншасы қасқыр соғуға машықтанғаны да белгісіз. Өйткені, бұл кәсіп жеңіл емес. Аңшы азайса, аң басынатыны белгілі. Қасқырдың да өрістегі жылқы мен түйені місе тұтпай, қаймықпастан қотандағы қой-ешкіге шауып жүргені содан шығар.

Бұрын аңшылар бригадасы құрылып, олар барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілетін. Дала жолында сенімді автокөліктер өз алдына, тіпті тікұшақтар да пайдаланылатын. Қазір бұлардың құны ұшынып тұр. Әдетте, әуесқой аңшыларды төрт түлігіне қасқыр маза бермеген шаруа қожалықтарының басшылары немесе ауыл адамдары әдейі шақырып, көмек сұрайды. Елді мекен маңынан түз тағысының ізін кесу де оңай емес. Өйткені, мал ізімен араласып кетеді. Ал, қасқырдың соңына түсу үшін ондаған шақырым жүруге тура келеді. Сонда көлікке құйылатын жанармай да аңшылардың өз есебінен шығады. Соның салдарынан әр қасқыр үшін алынатын 14 мың теңге осы шығынды да өтей алмайды. Содан шығар, аңшылардың қасқыр аулауға көп құмартпайтыны.

Энциклопедиялық  деректерге қарағанда, қасқыр 200 миллион иісті сезеді екен. Тірі жануардың иісін 1,5 шақырымнан аңғарады. Әр 65 күнде күшіктейді. Бөлтіріктерінің салмағы жарты келі тартады. Аш қасқыр бір жегенде он келі етті жұтады. Қасқыр қашқанда сағатына 32, ал шын қауіпті сезінгенде 56 шақырымды бағындырады. Міне, осындай қасиеттері бар түз тағысының саны артып кетсе, жан шыдатар ма?..

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз