Кандидаттардың бірі Президент сайлауына түсу туралы ойынан айнып қалды
Аtr.kz/29 сәуір, 2019 жыл. Талғат Ерғалиев «Ақ жол» партиясының төрағасымен сөйлескеннен кейін президент сайлауына қатысудан бас тартты.
Қазақстан құрылысшылары одағынан президент сайлауына ұсынылған кандидат Талғат Ерғалиев өтінішін қайтарып алды, деп хабарлады «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі.
Ерғалиев «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевпен кездескеннен кейін партияның кандидаты Дания Еспаеваны қолдауды ұйғарып, президент сайлауына қатысудан бас тартты.
Естеріңізге сала кетейік, «Ақ жол» партиясы алты үміткердің арасынан Дания Еспаеваны іріктеп алған болатын. Талғат Ерғалиев дауыс беру қорытындысы бойынша 31,6% дауыс жинап, екінші орынды иеленді. Кейін Ерғалиев мемлекет басшысы сайлауына Қазақстан құрылысшылары одағынан түсуді ұйғарды.
Талғат Ерғалиев съездегі дауыс беру қорытындысына ешқандай шағымы жоқ екенін хабарлады. Ол Қазақстан құрылысшылары одағын бұрыннан басқаратындықтан, саланың проблемасын және халықтың баспанаға мұқтаждығын бүге-шігесіне дейін білетіндіктен осы ұйымнан кандидат ретінде ұсынылуын дұрыс деп есептейді. Оның пікірінше, бұл мәселелерге мемлекет деңгейінде толық назар аударылып отырған жоқ.
«Сонымен қатар, Талғат Ерғалиев партияның төрағасымен әңгімеден кейін, «Ақ жол» партиясын құрметтейтінін ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясынан өз өтінішін қайтарып алатынын және Дания Еспаеваның сайлау алды науқанына қатысуға дайын екенін мәлімдеді», — делінген хабарламада.
Дереккөз: sputniknews.kz