КАНДИДАТ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ТАНЫСТЫРДЫ
Кандидаттың сенімді өкілі Жұма Шығанбаева үміткердің өмірбаян деректеріне тоқталып, көпшілікті оның Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын аға заңгерліктен бастағанынан, облыстық прокуратура және мемлекеттік құқықтық салада, сондай-ақ, әкімшілік басшылық қызметтерде жауапты қызметтер атқарғанынан хабардар етті.
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары, кандидаттың сенімді өкілі Кеңес Қосыбаев үміткер атқарған қызметтің кең ауқымын, оның қайраткерлік қабілетін байыпты әңгімелеп, ең жас сенатор бола жүріп, білікті заңгерлігімен танылғанын айтты. Ол 105 заң жобасын қарауға атсалысып, 64 депутаттық сауал жолдағанын, әсіресе, Азғыр, Тайсойған полигондары проблемасын батыл көтергенін, республикалық жолдарды күрделі жөндеуге қозғау салғанын әсерлі әңгімеледі. С.Еңсегеновтің Теңіз кен орнында қордаланып қалған күкірттен арылу мәселесіне белсенді араласуы – экологияны сауықтыруға қосқан үлкен үлесі. Бүгінде тоғыз млн. тонна күкірттің бір млн. тоннаға да жетпейтіні – көңілге медеу.
Басқосуға қатысушылар ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Сәрсенбай Құрманұлының сайлауалды бағдарламасынан сөз сабақтаған ойларын ұйып тыңдады. Үміткер өзінің алдағы міндеттері тұрғысынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, ұлттық құндылығымыз – тілімізді дамытуға және үш тұғырлы тілді қатар меңгеруге баса мән берді. Ертіс, Еділ, Жайық өзендері басқа елдерден бастау алатындықтан Атырауда су көздері де қат мәселе болып отырғандығын айтты.
Сенат депутаттығына кандидатпен кездесуде айтылған сөз аз болмады. Аудандық мәслихат хатшысы М.Кенғанов Маңғыстау-Астана пойызы Құлсары арқылы жүре берсе деген тілегін білдіріп, Тұрғызба-Құлсары жолы әлі күнге бітпей отырғандығын айтса, геолог-барлаушы, ардагер Б.Қалымбетов Жаңасу және Сорбұлақтың тұщы суын пайдалану қажеттігін, зейнеткер М.Сағиев тілімізді дамытуды халық талабы деңгейінде шешу керектігін баса айтты.
Басқосуда мәслихат депутаттары Х.Жамалов, Ү.Жақашев және басқалар сөйлеп, ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатқа шынайы тілектерін жеткізді.
Соңынан С.Еңсегенов кәсіпкерлер тарапынан қойылған көптеген сауалдарға нақты әрі тұшымды жауап берді.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.