Каналдардың бойына қан жүгірді

img 20240411 wa0256 Жаңалықтар

Өр суынан қорғану мақсатында кезінде «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Оңтүстік-Батыс Қамысты және С.Балғымбаев кен орындарының арасын жалғайтын қатқыл табанды жолдың астына өткелдер салынған болатын.
Бұл арқылы бұрын өр суы аудан аумағына жақындаған сәтте «Бақсай» каналымен аққан су тасқыннан арнасы толғанда сол өткелдердің көмегімен Ақкөл, Ауқайраң учаскелері арқылы тікелей теңізге шығатын. Қазір қауіп төндіріп отырған көктемгі су тасқыны жағдайында оның алдын алу үшін сол өткелдер тазаланып, канал суы теңізге қарай жіберілді. Өйткені, бүгінде теңіз суы тартылып, аталған елді мекендерден 25-30 шақырымға қашықтап кеткен. Бұл туралы аудан әкімі Нұрым Мусин хабарлады.
Аудан басшысының айтуынша, бұдан бөлек, ондаған жылдардан бері құрғап қалған «Есіркеп» каналының арнасы да аршылып, оның бойындағы бөгеттердің барлығы алынды. Қамысқалалықтар болса бүгінде «Бақсай» каналының жағалауын биіктету жұмыстарын жүргізуде. Сол сияқты, «Нарын» каналынан құмның жиегіндегі елді мекендерге су жеткізетін осы суару-суландыру жүйеснің «Қызыл үй» тармағы арқылы жаз мезгіліне қажетті қор жасақтап алу үшін «Жұмағазы», «Дүтбай» котловандары суға толтырылуда.
Осылайша, қос өзен аралығын қоныстанған қазыналы, малды өңірге тіршілік нәрін жеткізіп тұрған каналдардың арналары кеңейтіліп, түбі тередетіліп, бойына қан жүгірді.
Дәулетқали АРУЕВ,
Исатай ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз