Жарнама
Жаңалықтар

ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Жалпы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшахановтың айтуынша, бұл бағытта қыруар шаруа тындырылғанымен, кейбір проблема да жоқ емес. Мәселен, аймақта барлығы 1504 көп пәтерлі тұрғын үй болса, солардың 896-сын ғана қамтитын 74 пәтер иелері кооперативі (ПИК) жұмыс жасайды. Қалған 608 тұрғын үй ешқандай басқару тетігімен қамтылмаған. Бұлардың көпшілігі – аудандарда. Тұрғындар арасында қаншама түсінік жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, әзірге нәтиже жоқ. Бұл ретте, біріншіден, жұртшылықтың мұндай құрылымдарға сенімі сарқылған. Екіншіден, «қыста бәрібір тоңдырмайды, әкімдік жасап береді» деген масылдық пиғыл да жоқ емес. Атырау қаласындағы 124 көп пәтерлі үйдің ешқандай құрылымға кірмей отырғандығы да сондықтан.

Биылғы 23 мамырдан бастап жылу жүйелеріне сынақ басталды. Қазір 813 көп пәтерлі үй қысқа дайын. Бұл барлық тұрғын үй нысанының 85 пайызын құрайды. ПИК басшылары өздеріне қарасты үйлердің жертөлелерін құрғатып, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте «Рахман», «Жаңаша» және «Энергетика» кооперативтері тәуір қызметімен көрінуде. Әйтсе де, мәжіліс барысында «Гүл», «Бастама», «Асыл-Атырау», «Бытсервис» тәрізді құрылымдардағы салғырттық да аталды.

Атырау қаласы пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрайымы Гүлнәр Салықованың айтуынша, жергілікті атқарушы билік пен ПИК жетекшілерінің арасында тым-тәуір байланыс бар. Әйтсе де, қыс кезінде иесіз саналатын электр, жылу және су желілері ұдайы қиындық туғызады. Олар коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардың да, кооперативтердің де қорында емес. Бұл ретте «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының президенті Нұрадин Шамшатов мұндай нақты иесі жоқ құбырларды қорға алуға болатындығын, бірақ ол үшін тиісті құжаттарды реттеу қажеттігін айтты. Демек, бірлескен іс керек. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев иесіз желілерді анықтап, коммуналдық меншікке беруді тапсырды.

Гүлнәр Салықованың тағы бір назар аударған мәселесі – пәтерішілік газ тұрбаларынан болуы ықтимал апат жайы. Оның айтуынша, ақау туралы «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Атырау филиалына өтініш жасаса, оның мамандары шақыртуға келмейтін көрінеді. Бұған түсінік берген аталмыш мекеме директорының орынбасары М.Әбуов пәтерішілік ақауларды арнайы құрылған кәсіпорын жөндейтінін айтты. Демек, тұрғындар сонымен келісім жасауы керек. Өз басымыз мұндай әрі итеріп, бері жығуға қарсымыз. Газ — өте қауіпті нәрсе. Сондықтан, оның сенімді таралуын қос мекемеге жүктеген жараспайды.

Кейбір тұрғындардың ПИК құрылымдарына көп мөлшерде қарыз екендігі де жасырын емес. Сөйте тұра, жергілікті атқарушы билікке шағымданып жатады. Мұның өзі де олардың арасында берік байланыс жоқтығын көрсетсе керек. Қысқасы, «қамданған қапы қалмайды» дегендей, жылу беру науқанын бірлесіп қана сәтті өткізуге болады.

    Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button