IMG 20190322 WA0080

Ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиев жоғары наградаға ұсынылады

Айбын Жаңалықтар

Atr.kz/23 наурыз, 2019 жыл. Ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиев жоғары наградаға ұсынылады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің кеңесшісі-ресми өкіл Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

– Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкері Ақымғалиев Шалқар Көкінбаевтың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Атырауда қызды құтқарам деп суға батып кеткен патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев мемлекеттік наградаға ұсынылады. Ш.Ақымғалиевтің отбасына ІІМ жеке құрамы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі, – деді Нұрділдә Ораз. ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев Шалқардың анасы Ләззат Мәженқызына жолдаған көңіл айту хатында ішкі істер органдары және қалың қазақ жұрты өзінің ер-жүрек, батыр ұлынынан көз жазып қалғандығын, бұл орны толмас қайғы екендігін баса айтып өткен. – Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қанатты сөзі бар. Сіздер тәрбиелеп өсірген ұлдарыңыз Шалқар Көшкінбайұлы осы қасиеттерге лайық еді. Адам ретінде қалыптасты, азамат болып атқа қонды, патриоттық болмысымен ел тыныштығын қорғады. Ол әрбір қазақстандықтың өмірін сақтауды өзінің қасиетті борышы санады. Сондықтан сын сағаттарда нағыз батырларға тән ерлікке барып, өзгенің өмірі үшін өз жанын құрбан етті, – деді ол.

IMG 20190322 WA0083

Министр Шалқар Көшкінбайұлының ішкі істер саласында бес жыл қызмет атқарғанын, қызметіне адал, достыққа берік азамат екенін атап өтті.

– Елін шексіз сүйген, халқы үшін адал қызмет атқарып, туған жер тыныштығын қас қақпай қорғаған батыр ұл өсіргендеріңіз үшін алдарыңызда басымызды иеміз. Біз оның ерен ерлігін, батырлық болмысын, биік азаматтық келбетін ешқашан ұмытпаймыз. Асыл ердің жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын!, – деді Е. Тұрғымбаев.

Дереккөз: «Айқын»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған