Қалам қуаты танылған күн

 Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық ұйымының бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиналысы «Ақ Жайық» ЖШС ғимаратында орналасқан Ұлттық баспасөз орталығында өтті. Оған облысымыздағы газеттер мен телеарналардың өкілдері және сала ардагерлері қатысты.

 Жиында баяндама жасаған Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қуандық Батыров қоғам өмірінде БАҚ-тың алар орны мен мән-маңызына тоқталды. – Бүгінде біз Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Берік Қорқытов, Әбуғали Ғабдуллин сынды өлке жылнамасын тарихқа жазып кеткен марғасқа қаламгерлерді мақтанышпен еске аламыз. Қазіргі таңда журналистика ардагерлері Шөпенғали Дәуенов, Құмарғали Ғабдешев, Қилыбай Қуанышбаев, Төлеген Жаңа-баев, Айтқали Нұрғалиев, Өтепберген Әлімгереевтердің ізін басып жаңа ұрпақ өсіп келеді, – деген ол аймақ журналистерін төл мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шарада күн демей, түн демей ақпарат айдынында желкен керіп, жылт еткен жаңалықты дер кезінде жұртшылыққа жеткізуге асығатын журналистер қауымының бұқара мен билік арасындағы алтын көпір екені айрықша атап айтылды. Ерен еңбе-гімен ерекшеленген қаламгерлердің бір тобы Қазақстан Журналистер Одағының дипломымен марапатталды. Олардың қатарында облыстық «Атырау» газетінің хат және бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Гүлзада Ниетқалиева да бар. Ол бұл үлкен марапатқа шығармашылық жоғары жетістіктері үшін ие болды. Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалы жариялаған байқаудың қорытындысы шығарылып, оның жеңімпаздары да осы жиында ұлығыланды. «2016 жылдың үздік редакторы» атағы облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетовке беріліп, алтын алқа тапсырылды. Сондай-ақ, «Үздік репортер» номинациясымен «Ақ Жайық» газетінің тілшісі Зүлфия Байнекеева марапатталса, «Хабар» телеарнасының Атырау облысындағы тілшісі Арыстанбек Кенже «Үздік тележурналист», «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының операторы Айбек Өтемісов «Жылдың үздік операторы», «Ақ Жайық» баспаханасының баспашысы Әліби Оспанов «Үздік баспагер» деп танылды. Құрманғазыдағы «Серпер» аудандық газетінің редакторы Таңатар Дәрелов, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын, сіңірген еңбегі үшін және 70 жылдығына байланысты Қуандық Батыров Қазақстан Журналистер Одағының алтын медалін иеленді. ҚР Журналистер Одағы Атырау филиалының және облыстық біріккен кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен жемісті еңбектері үшін түрлі БАҚ өкілдерінен 25 қызметкер марапатталды. Ұлттық баспасөз клубында бұл күні танымал атыраулық фотожурналисттер Олег Свидин мен Алпамыс Теміровті еске алу экспозициясы ұйымдастырылды.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз