ҚАЙРАҢДА ҚАЛҒАН КЕМЕЛЕР
Шынында да, Жайық өзені бойында суға батқан кемелер шығару және жою соңғы жылдары өткір қойылып келе жатқан мәселенің бірі болып отыр. Бұл кемелер өз кезегінде кеме қатынасына, балық шаруашылығын, геологиялық барлау мен зерттеу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп қана қоймай, бассейннің экожүйесіне де зиянды әсерін тигізеді. Тіпті, мұнайлы астанамыздың эстетикалық келбетін де бұзып отырғаны баршаға аян. Осыған сәйкес Каспий теңізінің қазақстандық секторында және Жайық өзенінде кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су айдындарының экожүйесін қорғау мақсатында 2013 жылдың 23 мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметімен Жайық-Каспий бассейнін суға батқан кемелерден тазарту бойынша іс-шаралар жоспары да бекітілген болатын. Осыған орай, былтыр еліміздің Инвестициялар және даму министрлігімен бассейнде 20 координат бойынша зерттеу жүргізіліп, 15 суға батқан мүлікті көтеру және оның көтеру құны анықталды.
Қоғамдық тындауда талқыланып отырған мәселе бойынша баяндама жасаған аталған министрлікке қарасты Көлік комитетінің сарапшысы Светлана Әбенованың мәлімдеуінше, Жайық-Каспий бассейнінде суға батқан кемелерді көтеруге 2016-2018 жылдарға арналған бюджеттік өтінім әзірленген. Бұған республикалық бюджеттен шамамен 4,5 млрд. теңге қаражат керек. Іс-шаралар жоспарын орындау үшін Қорғаныс министрлігіне осы кемелердің судан көтеру реттілігін көрсете отырып, қорытынды беру туралы сұрау салынған.
Қазіргі уақытта кеме қатынасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін кемелердің суға батқан жерлерін Қорғаныс министрлігінің Гидрографиялық қамтамасыз ету қызметімен навигация басталысымен ескертуші навигациялық белгілер қойылады. Бұдан басқа, осы Гидрографиялық қамтамасыз ету қызметімен навигациялық жағдайдың өзгеруі туралы кеме иелеріне, кемелері бар мемлекеттік органдарға, отандық және шетелдік теңіз компанияларына ай сайын хабарлау бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Комитет сарапшысының пікірінше, Каспий теңізінің қазақстандық секторында суға батқан кемелер теңізде жүзу қауіпсіздігіне қатер төндірмейді, себебі бұлар теңіз кемелері жүретін жолдарынан қашықтау орналасқан.
Алайда, қайраңда қалған кемелердің су астында ұзақ уақыт жатуына байланысты, бұл мүліктер техногендік ластанудың көзі болып табылады. Су көлігі объектілерінде төтенше жағдайлардың туындауына әкеліп соқтырады және Каспий теңізіндегі судың гидрологиялық және гидрохимиялық қалпына кері әсерін тигізетіндігін де ескеруіміз қажет. Демек, жоғарыда айтылғандардың барлығы да Жайық өзенінде батқан кемелерді жоғары көтеруге, толығымен немесе бөліп жоюға негізгі себеп болады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен биылға 403 млн. теңге қаржы бөлінген, маусымның 15-іне дейін тиісті барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, өзендегі 25-30 жылдан бері суға батқан, тат басып, жағалаудың сиқын қашырған кемелер мен жүзу құралдарын кесіп, жою шараларын алмаса болмайды.
Қоғамдық тындауға ұсынылған мәселе бойынша суға батқан, кемелер бойынша жобаны жасақтаушы «Иртышподводсервис» ЖШС-нің өкілі Тимур Ахметкәрімовтің айтуынша, бұл – кемелерді бөлшектеп шығару үлкен қаржыны қажет ететін ауқымды жұмыс. Мұнда жұмысшылар су бетінде де, су астында да кемені аргонды балқытып кесу арқылы бөлшектейді.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиев, Жайық-Каспий Орхус орталығының үйлестірушісі Шынар Ізтелеуова, «Каспий» өңіраралық көлік бақылау инспекциясының басшысы Самат Ғилимов, «Арнаулы автобаза» кәсіпорнының директоры Мұрабек Маханов, «Глобус» экологиялық орталығының жетекшісі, белгілі эколог Галина Чернова және басқалар өз ойларымен бөлісіп, құнды ұсыныс-пікірлерін білдіріп, толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алды.
Қоғамдық тыңдауға келгендердің біразы Жайық-Каспий бассейнінде суға батқан кемелердің шіріп, ұзақ уақыт жатуы қоршаған ортаға елеулі әсерін тигізетіндігін, тіпті олардың төңірегінен мұнай өнімдерінің дақтары пайда болып, әлсін-әлі күкіртті сутек газының ауаға таралу фактілерінің де кездесетіндігін жеткізіп жатты.
Бақытжан ЖҰМАТ.