Жарнама
ЖаңалықтарЭкология

Көз жетпегенге сөз жетеді

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың аудандарға сапарында, жұртшылықпен кездесу, алқалы жиындарында айтқан пікірлері ел назарын ерекше аударып жүр. Сондықтан, біз бүгіннен бастап  оларды тұрақты түрде оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

%d3%99%d0%ba%d1%96%d0%bc%d0%bd%d1%96%d2%a3-%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%bf-%d0%b0%d0%b9%d1%82%d2%9b%d0%b0%d0%bd%d1%8b

Өзгенің озығы – бізге тозық емес

Бүгінде облыста тазалық жайына айрықша маңыз берілуде. Осыған орай өзге облыс, елдердегі озық технология, жетік әдістерді бізде кеңінен пайдаланудың қажеттілігі  туындап  отыр.

— Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында мынадай тәжірибе бар: елді мекендердегі қоқыс жәшіктерінің қасына үлкен тор орналастырылған. Лас қалдықтарды төгуге келген адам қолындағы пластикалық құтыларды (баклажка) соған сала қояды. Ол үшін ешкім ақша сұрамайды. Қиын да шаруа емес. Тор қолданылған ыдыстарға толғаннан соң оны жергілікті адамдар алып кетеді. Осылайша, екі-үш кәсіпкер ауадан ақша жасап, мол табысқа кенеліп отыр.

Екі  жаққа да  тиімді бұл әдісті Атырауда неге ұйымдастырмасқа?! Бұл қоқысты полигонға төккеннен  кейін, содан іздеп, жинап жүргеннен әлдеқайда тиімді. Әлде, біз торға құтыларды салуға да ерінеміз бе? — деді облыс  әкімі.

Жол бойында белгі көп

Соңғы кездері қоғамда ыңғайсыз көрініс белең алып бара жатыр. Ол – жол бойында қазаға ұшырағандарға қойылатын белгінің көбейгендігі.

— Дүниеден өткен жандарға әркез құрметпен қараймыз. Әйткенмен, бір-бірімізден ұялып, әдептілік сақтап, айтпай жүрген  мәселе бар, — деді Нұрлан Асқарұлы. – Қазір үлкен жолдардың бойына шықсаңыз, «мына жерде пәленше деген адам қаза тапты» деген белгіні жиі көресіз. Мұндай жағдай Атырау қаласының ішінде де байқалады. Қайсыбір  адамдар жарық бағаналарына гүлдестелерді байлап қояды. Осы дұрыс па? Марқұмның жанашырларының бұлайша әрекет еткенінен гөрі, Құран оқытып, дұға бағыштағаны жөн болмай ма? Әркім өз сезімін өз жүректерінде сақтасын. Ендеше, мұндай келеңсіз көрініске тоқтау салатын кез жетті деп ойлаймын.

 

Ақ адал малымыз қай жерде сойылады?

— Жуырда Құрбан айт кезінде ветеринар мамандарды, санитарлық дәрігерлерді ертіп, Атырау қаласындағы мал сою, ұстау орындарын аралап шықтым. Бұл – арнайы белгіленген, барлық талапқа жауап береді деген нысандар. Сондағы көргенім әлі есімнен кетпейді. Келеңсіз көрініс төбе шашыңды тік тұрғызады: cою бекетіндегі жұмысшылар сойылған малдың қан-жынын тобығынан кешіп жүр. Ешқандай тазалық байқалмайды. Түліктің терісі бір жақта, ішек-қарыны екінші жақта ақтарылып жатыр. Одан қалды, шұбырған егеуқұйрық.

Біз ақ адал малымызды қандай жағдайда сойып жатырмыз? Осыны ойладық па? — деген өңір жетекшісі  мәселені ретке келтіруді тиісті басшыларға тапсырды.

 

Жайықтың жағалауы – толған қалдық

— Қаланы қақ жарып ағып жатқан Жайық  біздің зор байлығымыз. Дегенмен, оған үлкен қамқорлық жасаудамыз деп айта алмас едім. Мәселен, жағалаудағы шағын кемелердің жарты бөлігі суда, қалғаны құмда азып-тозып жатыр. Ол өзеннің экологиялық жағдайына үлкен кеселін тигізуде. Мұны алып тастау үшін облыс әкімінің пәрмені керек пе? Заңдылық бойынша мүліктің иесі табылғанша, бір жыл уақыт күтеді. Ол мерзім өткен. Ендеше, кеменің қожалары табылмаған жағдайда, тиісті заңға сәйкес, шара алынуы қажет.

Осындай ыңғайсыз көріністерді көріп отырып, Жайықтың жағалауына келген қонақтарды апаруға ұяласың. Сондықтан, бар байлығымызды күтіп ұстауға баршамыз  атсалыссақ  дегім келеді, — деді облыс басшысы.

Азамат базарбаев.

Related Articles

4 Comments

  1. Иа айтылған ұсыныстар көңілден шығарлық. Осылардың бәрі ауыздан шыққан сөз болып қалмай, іс жүзінде орындалса нұр үстіне нұр. Шынымен, Жайығымыздың жағаларында тұрған кемелерді бір жақты ету керек. Таттанған кемелер қаламыздың көркін бұзумен бірге өзеннің жағдайына зиян келтіріп тұрса, бұл мәселе тезірек шешімін табады деген үміттемін.

  2. «Әкімнің атап айтқаны» деген жаңа айдардағы «Көз жетпегенге сөз жетеді» атты Азамат Базарбаевтың мақаласын оқып, бір жасап қалдым. Пластикалық құтыларға арналған арнайы ыдыс жасау – бүгінде өте маңызды. Егер орнатып жатса, тиімді болар еді. Жол бойындағы белгілер жөніндегі айтқаны да көңілге қонымды. Қасапханаларды жөнге салу да – уақыт талабы. Бұл – адамдардың денсаулығының кепілі. Әкімнің Жайықты таза ұстауға көңіл бөлгеніне қуандым. Іскер басшы болса, біз оны қолдаймыз.

  3. Иә, айтылған ұсыныстар көңілден шығарлық. Жай ауыздан шыққан сөз болып қалмай, іс жүзінде жүзеге асса нұр үстіне нұр болар еді. Таттанған кемелер қаламыздың көркін қашыруымен бірге, өзенімізге зиянын да тигізіп жатыр. Бұл мәселе тезірек шешімін табады деген үміттемін.

  4. Қателеспесем осыдан 1 жыл бұрын болуы керек Жылой ауданы әкімі Мақсым Шафихұлының «Кең Жылой» газетіне «Тәртіпке бағынған-құл болмайды»атты мақаласы жарық көрген болатын.Көтерген мәселесі естір құлаққа өтетіндей салмақты.Себебі бәрімізде еліміз үшін өз үлесімізді қосқымыз келеді.Бірақ қалай?Күнделікті өмірде көзге көрініп үйренісіп қалғасың ба аталған мәселені көтеруге сөздің шыны дәтіміз шыдамайды…Нұрлан Асқарұлының тыңымсыз еңбегі бағалауға тұрарлық.Аудан орталықтарымен шалғайдағы ауылдық елді*мекендерді аралауы,тұрғындардың әлеуметтік жағдайымен жіті танысуы болар басшының іскерлігін аңғартты.Атап көрсеткен мәселесінің өзі қолдауға тұрарлық.Облыс орталығында пластикалық құтыларды өңдейтін немесе соған ұқсас бір кәсіпорын салынса жергілікті тұрғындар бос құтыларын сол жерге тапсырып пайда түсірсе жақсы емес пе?Бұрындары балалық кезімде шөлмектің құтыларын іздеп сұраушыларға өткізуші едік.Қазір пластикалық құтылардың саудасы қызатын секілді.Егер іске асырған болсақ!
    Облыс әкімінің атап көрсеткен барлық мәселесі оң шешімін табады деп сенім білдіремін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button