Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Күйші домбырасы үнсіз қалмайды…

Қазақ өнерінің қас тұлпары, «қазақ» деген халықтың қос ішекті домбырасынан төгілген ғаламат күй өнерін дүние жүзіне паш еткен тарланбоз. Талай елдің төріне шығып, қыран құстай қанатын қомдап, домбыраның күмбірі мен шанағынан төгілген құдіретті әуенге бас игізген тума талант. Бұл –Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың және Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері,  дәулескер күйші, дирижер, композитор, Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Қаршыға Ахмедияровқа берілген баға, ел-халқының бағасы.

%d0%ba%d2%af%d0%b9%d1%88%d1%96-%d0%b4%d0%be%d0%bc%d0%b1%d1%8b%d1%80%d0%b0%d1%81%d1%8b-%d2%af%d0%bd%d1%81%d1%96%d0%b7-%d2%9b%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d1%8b

Уақыттың жүйріктігіне жетер ештеңе жоқ екен, сірә. Осыдан бес жыл бұрын, 65-ке қараған шағында  айтулы азамат дүниеден озды. Халқы қайғырды. «Қазақтың бір домбырасы үнсіз қалды» деп күңіренді. «Қос ішектің бірі үзілді» деп түңілді. Ақтық сапарға қанына сіңген қасиетті күймен жөнелтті. Жылдар жетегінде өзі кетсе де, соңына өшпес із қалдырған Қаршыға Ахмедияровтың есімі күннен күнге айшықтала түскендей. Оның себебі, өміршең өнері еді.

Төрт жасынан домбыраны ермек қылған Қаршыға жастайынан үлкендерден бата алды. «Баталы ұл арымас» деген, әке қанымен берілген талант ұшқынын ағасы Қырғи танып, жас буынды одан әрі баптап, үлкен топқа қосады. Домбыраның  сиқырлы үні бозбаланың өнерге деген құштарлығын  одан әрі өршіте түседі. Сөйтіп, ауылдың қара домалақ баласы үлкен арман жетегінде асқақ Алматыға жол тартып, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияға маңдай тірейді. Міне, осыдан бастап, Қаршығаның өнер жолы басталады.

Жоғарғы оқу орнын үздік бітірген өнерлі жігіт бірден Құрманғазы атындағы консерваторияға жолдама алып, сиқырлы сахна төрінде орындаушылық қабілеті шыңдалып, ширыға түседі. Талант пен талап астасып, өнер атты әлем дарынды Қаршығаны өз биігіне самғата жөнеледі. Шет мемлекеттерде өнер көрсетіп, көрермендерін тәнті еткендігі сондайлық, орындарынан тік тұрып әуезді домбыра үніне, одан төгілген күй әуенінің құдіреттілігіне көрсетілген құрметті ол еліме, халқыма көрсетілген шынайы ықылас деп бағалады. Тек қазаққа ғана тән күй өнерінің кереметтігіне талайларды таңдай қақтыра тамсандырды. Өз білгенін кейінгі ұрпаққа үйретіп, дәріс те берді. Бұл ұлағатты ісін өмірінің соңына дейін жалғастырды. Сөйтіп, қазақтың музыка мәдениетінде  өзіндік  мектеп қалыптастырып, жастар арасынан жоғары деңгейдегі сайыстардың талай жүлдегерлерін тәрбиеледі.

Ол – «Қайран әке», «Ақ қайың», «Сағыныш», «Ғазиза», «Би», «Қуаныш», «Шамғон Ақжелең», «Нұрғиса»,  «Абай толғау», «Құрманғазы», «Нұрғиса», «Ақжелең», «Жаңа жыл», «Шабыт», «Осака», «Алтын ұя», «Құрдастар», «Нарын», «Ақжайық», «Атырау», «Атамекен» сияқты елуден астам күй шығарған композитор. «Шашақты найза, шалқар күй», «Әсем қоңыр», «Сарыарқа», «Жігер», «Атырау» деп аталатын әлденеше күй жинақтарының авторы және сондағы күйлердің жинаушысы, зерттеушісі.

Бір басымен  осындай сан алуан іс тындырған талант иесі арада болса 70-ке толып, отбасының ортасында, ел халқының құрметіне бөленіп, шабыты тасып, шаттанып отырар еді-ау, шіркін. Қазақ «орны бар оңалар» деген сөзді бекер айтпаса керек. Жан жары Нұрбике Ахмедиярова азаматының шаңырағының отын маздатып, балаларына қамқор болып отыр. Жұбайының шығармашылығын кейінгі ұрпаққа жеткізуді де өзінің төл міндеті санайды. Ерлан, Раушан, Ерболаттар әке жолын қуса, Жұлдыз, Ақтоты, Иманғали атты үш немересі де өнер жолында жүр.

Өзі кеткенмен өнері өшпеген Қаршығасын ел-жұрты естен шығармақ емес. Жетпіс жылдығына орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен  тұңғыш рет Қаршыға Ахмедияров атындағы  «Күй-Ұран» атты  I Республикалық жеке домбырашылар байқауы Атырауда өткізілгелі отыр. Қазақ өнеріне өшпестей өрнек салып кеткен үлкен өнер иесіне көрсетілгелі отырған бұл шараға еліміздің түпкір-түпкірінен өнерпаздар қатысып, бақ сынаспақшы. «Атырау топырағынан шыққан өнерпаздардың барлығы да біз үшін дара тұлға, өшпес бейне. Қаршыға Ахмедияровқа арналған бұл еске алу шараларының да біз үшін маңызы зор. Халқы Қаршығаны сағынды, оның күмбірлей төгілген күйін сағынды. Арамызда болмаса да шығармаларын тыңдап, еске түсіру мақсатында осы байқау ұйымдастырылып отыр. Облыстық филармония «Күй толғауы» атты кітап пен «Күй өнерінің алтын жұлдызы» деректі фильмін түсірді.Осы шарада тұсауы кесіледі. Бұл шараға Қаршекеңнің жары Нұрбике Ахмедиярова, ұлы – белгілі дирижер Ерболат Ахмедияров, қызы– белгілі скрипкашы Раушан Ахмедиярова, басқа да бала-келіндері, немерелері қатысады деп күтілуде» деп Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның директоры Ғаділ Дүйсенғалиев өз ойын ортаға салды.

Аз ғана ғұмырында артына өшпестей із қалдырып кеткен дүлдүл күйші Қаршыға Ахмедияровтың есімі мәңгілік. Өйткені, өнер мәңгілік. Ал, Қаршыға есімі мен оның өнер жолы біртұтас.

 Ағиба Мұстажапқызы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button