Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Күй өнерінің Қаршығасы – өзіміздің Таңдайдан ұшқан тарлан

Сәрсенбай Еңсегенов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй – Ұран» атты бірінші республикалық жеке домбырашылар байқауы және соның аясында Махамбет атындағы облыстық драма театрында өткен салтанатты жиналыс пен «Күй толғау» кітабының тұсаукесері көпшіліктің көңілінен шықты деп айтуға болады. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі ұйымдастырған тәрбиелік мәні, танымдық тағылымы мол шара алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамын.

%d0%bc%d1%83%d0%b7%d0%b0

Күй – халқымызбен біте қайнасып келе жатқан өнер. Ақын Нұралы Әжіғалиевтың күй туралы:

«Сан ғасырдың бойында көнермеген,

Құдірет бар Күй деген – өнер деген!

Қазақ үшін жайсаң боп жаратылған,

Күйге ештеңе  дүниеде теңелмеген»,-деп басталатын өлең жолдары бар. Күй өнері ұрпақтан-ұрпаққа жал-ғасып, жиырмасыншы ғасырда әлемдік деңгейге көтерілді. Оның бүгін жеткен биігіне есепсіз еңбек сіңірген аға буын өкілдері болды. Солардың бірі, әрі бірегейі – Қаршыға Ахмедиярұлы.

Аталарымыз күйшілікті толық меңгерген майталман шеберді «дәулескер» деп атаған. Бұл – халқымыздың төл сөзі, елден ерекше нәтижеге қолы жеткен адамға ғана таңылар атақ. Оны заңмен немесе тамыр-таныстықпен ала алмайсың. Бұл – атаның қаны, ананың сүті және  еңбектің нәтижесінде қол жететін биіктік.

Қаршыға Ахмедиярұлы домбыра тартудың хас шебері болды. Ол – көзінің тірісінде халқынан дәулескер домбырашы атағын алып, құрметке бөленген санаулылардың бірі. Күй құдіретін домбыра арқылы қазаққа ғана емес, әлемге танытқан алыптардың бірі болды. Ахмет Жұбанов күйлерді сараптай келе оның негізгі екі мектебін атаған. Оның бірі – батыстағы Құрманғазы, ал, екіншісі – Арқадағы Тәттімбет мектебі. Осы мектептердің ішінде әр өңірдің ерекшеліктеріне байланысты оннан астам мектептер қалыптасқан екен. Соларды түгел меңгерген бірден-бір домбырашы Қаршыға Ахмедиярұлы екенін күй саласының мамандары бірауыздан айтуда.

Қаршыға тек шебер орындаушы емес, ол күй өнерінің жоқтаушы, іздеушісі, оны халқына таратушы болды. Әсіресе, Махамбеттің он бір күйін бізге жеткізіп, оның бұл қырын дәріптеуде орасан еңбек сіңірді.

Қаршығаның күйшілік, сазгерлік, дирижерлік қабілеттері мен жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе. Бұл туралы жоғарыда аталған жиында толық, жан-жақты айтылды.

Қаршыға ағамыздың тағы бір қыры – еліне, туған жеріне деген ерекше сағынышы мен құрметі дер едім. Алпыс жасқа толған тұсында берген бір сұхбатында ол:

«Әлі күнге елді сағынып, өзімді Алматыда іссапарда жүргендей сезінетін сезімнен арылған жоқпын» деген екен. 2006 жылы алпыс жасқа толуына байланысты Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында халықпен кездесіп, концерт берді. Атырауда да үлкен концерт қойды. Халық лық толған осы мерейлі той концертіне барлық аудан әкімдері шақырылған болатын. Мен сол кезде Жылыой ауданының әкімі қызметінде едім. Қаршыға Ахмедиярұлын құттықтап, ресми түрде Жылыой ауданына шақырдым, бұл Кең Жылыой халқының тілегі екенін айттым. Бұндай сапар жоспарында болмағанына қарамастан Қаршыға ағай мен Нұрбике жеңгей елдің ықыласынан аттап кетпеді, менің шақыруымды аяқсыз қалдырмады.

Жылыой халқы зор қуанышпен, көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Құлсарыдағы мұнайшылар мәдениет үйінде ине шаншар жер болмады. Концертке ауруханада жатқан бір әжеміз дәрігерлердің рұқсат етпегеніне қарамастан аурухананың халатымен қашып келіп қатысты. Аудан тұрғындарының атынан Қаршыға Ахмедиярұлына жеңіл автокөлік берілді. Мұнайлы өңірдің халқымен кездесуден Қаршыға ағамыз зор шабыттанып шықты. Елге, азаматтарына ризашылығын білдірді.

Біраз уақыт өткеніне қарамастан Алматыға барған сапар кезінде Нұрбике жеңгей екеуі арнайы шақырып, жылыойлықтарға деген жылы лебіздерін қайта-қайта жеткізген. Осы кездесуде де ел, қазақ халқының өнері мен салт дәстүрі, ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғап, ойларымен бөліскен. Менің Халық Қаһарманы Хи-уаз Доспановаға жолығатынымды естіп, бірге барып сәлем бергенбіз.

Бүгін оның бәрі тарихқа айналды. Қаршыға Ахмедиярұлының туған жерінде жүріп қайтыс болуы кездейсоқ болмас. Оның ұстазы болған Қ.Ризуанов «Қаршығаның қасиеттері» деген естелік сөзінде «Қаршығаның тағы бір ерекшелігі – ол туған топырағына келіп көз жұмды. Күйшінің өз елімен қоштасуы Атырауда да, Алматыда да өткізілді. Оған екі жердің топырағы да бұйырған екен деп ойлаймыз. Ол оның ерекше қасиетінің табиғи көрінісі болса керек» деп тұжырымдайды. Күйшінің еліне арнап шығарған туындыларының арасында аулына арнаған «Таңдайым» деген күйі де оның туған жерге деген сағынышы мен сүйіспеншілігінің дәлелі болса керек.

Қаршыға туралы өткен шақта сөйлеу, еске алу өте қиын. Дегенмен, оның өмірі мен өнерін ұлықтау ісі қолға алынғаны қуанышты. Осы орайда, Қаршыға Ахмедияров атындағы домбырашылар байқауын кіндік қаны тамған Таңдай ауылында өткізу туралы пікір құптауға тұрады. Бұл Қазақстанда тұратын жастармен бірге, алыс-жақын шет елден келетін домбырашылар мен қонақтарға дәулескер домбырашының дүниеге келген, өмір сүрген ортасын тереңірек танып-білулеріне себеп болары сөзсіз. Сонымен бірге, бұндай шара ауылдың да өсіп-өркендеуіне жол ашар еді. Осы орайда Таңдай ауылындағы мектепке Қаршыға Ахмедиярұлының есімі берілсе деген ойымды жеткізгім келеді. Бұл елінің, ерінің атын шығарар өнегелі ісі болар еді.Өнер майталманына арналған  мұражайы өз есімімен аталатын мектепте ашылып, оның  кеуде мүсіні мектеп алдында тұрса, ол ауылдың да, адамдардың  да мерейін өсірер еді.

Нұрбике Ахмедияр келінінің әзір-  леуімен шыққан «Күй – ғұмыр» кітабына Қаршыға Ахмедиярұлының сұхбаттары мен ой пікірлері жинақталып басылған. Кітапты оқи отырып Қаршыға Ахмедиярұлының тек музыка төңірегінде шектелмей, өмірдің, қоғамның барлық саласына бойлай енген ой-өрісі кең азамат, қайраткер екеніне көзім жетті. Бұл кітаптан оның Атырау-да жоғары музыка мектебі болса деген арман-тілегін де оқып білдім. Бұл – абзал азаматтың артына қалған аманатындай. Балық пен мұнайдың ғана емес, күйдің де Отанына айналған Атырауда бұл іс те болашақта жүзеге асады деген сенімдемін.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button