Күй өнерінің алтын жұлдызы

өнер Жаңалықтар

Қаршыға Ахмедияров есімі – халық жүрегінде.

Атырау қаласында Қазақстан  Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік және Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, күйші-композитор Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй – Ұран» атты І республикалық жеке домбырашылар байқауы өтті.

Атыраудың киелі топырағында дүниеге келіп, мол мұра қалдырған күйшінің 70 жылдық мерейтойына орайластырылған шараны облыс әкімдігі ұйымдастырды. Талант иесінің құдіретті өнерін еске алуға арналған кеш Махамбет атындағы қазақ драма теа-трында бастау алды.

%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d1%80

Қайталанбас талант иесі

Оған өңір тұрғындары, күйшінің туыстары, еліміздің әр түкпірінен келген замандастары мен шәкірттері және облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Алдымен, кешке жиналған жұртшылыққа театр фойесінде «Күй аспанының Қаршығасы» атты көрме ұсынылды. Көрме сөрелерінен күй қағанының өмір-деректері, өнерінен сыр шертер суреттер, алған марапаттарымен қатар, қасиетті қара домбырасы, сахнаға киген ұлттық үлгідегі шапаны, кітаптары орын алды. Қаршыға Ахмедияров туралы зиялы қауым өкілдерінің қанатты сөздері жазылған тақталар да көрмеге ерекше маңыз беріп тұрғандай.

Шараның салтанатты ашылуында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев сөз алып, күй дүлдүлінің музыкалық жәдігерлерін сақтап, насихаттау әрбір азаматтың парызы екенін айтты.

– Қазақ халқын бүгінгі күнге дейін жеткізген – оның дәстүрлері. Соның ішінде Қаршекең қасиетті қара домбыраны қолына қару етіп, құдіретті өнер жолында аянбай тер төкті. Бір адам елге қызмет атқарса, осы ағамыздай атқарсын! Ол Біріккен Ұлттар Ұйымында, Нью-Йорктегі «Карнеги Холда», Вашингтондағы «Кеннеди» орталығында, одан қала берді басқа да алыс-жақын елдерде  домбыраның үнін әуелетті. Жыр семсері Махамбеттің ұмыт қалған оннан астам күйін қатарға қосты. Бес жүзден аса күйді күйтабаққа түсірді, 150-ден астам әні бар. Мұның бәрі – адал еңбек. 1991 жылы «Гурьев атауын өзгертеміз» дегенде Қаршекең «Атырау» деген күй шығарыпты. Ол облыстың атауын насихаттауда зор рөл атқарды. Сөйтіп, тарихта өшпес із қалдырды. Күйшінің салып кеткен сара жолын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру – бізге парыз. Биыл бұл байқауды Атырау төрінде өткізсек, келесі жолы өзінің кіндік қаны тамған жері – Махамбет ауданының Таңдай ауылында ұйымдастыруға әбден болады. Қаршекеңе қандай құрмет көрсетсек те, артық емес,-деді әкім.

Одан әрі сахна төріне өнер иесінің жұбайы Нұрбике Жұмағалиева, ағасы Алғи Ахмедияров шақырылып, құрмет көрсетілді. Облыс басшысы олардың иықтарына шапан мен камзол жауып, гүл шоқтарын ұсынды.

«Халықтың шексіз ықыласына бөленген күйшіні еске алу кешін ұйымдастырғаныңыз үшін, қазақ өнеріне көрсетіп келе жатқан қолдауыңыз үшін ризамыз» деген Нұрбике Жұмағалиқызы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа Қаршыға Ахмедияровтың өмірінің соңғы кезінде жасатқан домбырасын сыйға тарту етті. Сондай-ақ, күйшінің туындылары жазылған күйтабақ пен композитордың «Күй-толғау» кітабын ұсынды.

Жиында композитордың жұбайы құрастырған кітаптың тұсаукесері болды.Оны Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының деканы Кәрима Сахарбаева көрермендерге таныстырды. Мұнда Қ.Ахмедияровтың көзі тірісінде нотаға түсіріліп, жарыққа шықпай қалған күйлері жинақталған.

 

«Ол – ұстаздардың ұстазы»

Халықтың шексіз ықыласына бөленген ұстазы туралы К.Сахарбаева да өз естеліктерімен бөлісті.

– Қаршыға Ахмедияров –  ұстаздардың нағыз ұстазы. Ол өте қарапайым, кішіпейіл еді. Студенттердің орындауына көңілі толмай, «бұны міндетті түрде оқудан шығар» деп талап ететін. Алайда, оның кішіпейілділігі сол, келесі күні «Бұл студенттің бойында өнердің бір ұшқыны бар екен. Оқудан шығармай-ақ қой» деп мені қайта шақыртатын. Міне, Қаршыға аға нағыз адамдықты бойына жиған жан еді. Ол талант көрсе, оны өзімен бірге сүйреп, қалай да өнерге аттандырып шығаратын.

Өзінің кәсіби шеберлігіне байланысты талай шығармалар да туғызды. Оны қолына домбыра ұстаған жастардың бәрі Қаршыға секілді меңгермесе де, бүгінде тым жақсы насихатталуда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді ол.

Одан әрі Қаршыға Ахмедияров туралы түсірілген «Күй өнерінің алтын жұлдызы» атты бейнефильмнің үзіндісі жария етілді. Фильмнің толық нұсқасы  жуырда республикалық және облыстық телеарналарда көрсетіледі.

Жиын соңы мерекелік концертке ұласып, Дина Нұрпейісова атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі өнер көрсетті.

%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d1%803

Атадан – мұра

Шара облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияда күй байқауына жалғасып, оған республиканың әр түкпірінен жиырма өнерпаз қатысты. Бай-қауда облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Қаршыға Ахмедиярұлының өнер әлеміндегі өзіндік нақышын әрі қарай дамыту мақсатындағы байқау үш кезеңнен құралды. Бірінші, екінші сатыларында үміткерлер күйлерді өздерінің таңдауы және белгіленген тапсырма бойынша тарт-са, үшінші кезеңде оркестрдің сүйемелдеуімен орындады.

Сайысқа Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас дирижері Ерболат Ахмедияров, ҚР Мәдениет қайраткері Әбділхамит Райымбергенов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Роза Айдарбаевалар қазылық жасады.

Екі күнге созылған дүбірлі доданың қорытындысында жеңімпаздар анықталды. Марапаттау рәсімі өткен бейсенбіде Махамбет атындағы қазақ драма театрында салтанатты түрде ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысып, жүлдегерлерді құттықтады.

Үшінші орынға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының төртінші курс студенттері Асылхан Жоламанов, Серік Әлібеков, Бекболат Әбдіберікұлы, Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курс студенті Дарын Құдайбергеновтер ие болып, 250 мың теңге ақшалай сыймен марапатталды. Жүлдесі  375 мың теңгені құраған екінші орын аталған консерваторияның төртінші курс студенті Азамат Шынаровқа бұйырды. Бірінші орынды Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының Атырау музыка колледжінің ұстазы Айнұр Сақыпова мен Алматы облысы Қарасай аудандық мәдениет үйінің қызметкері Таңат Сәденов жеңіп алып, оларға 625 мың теңге сый ұсынылды. Ал, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Абылай Тілепбергенов бас жүлдені жеңіп алып, бір миллион теңгені қанжығаға байлады.

Сондай-ақ, Ахмедияровтар әулеті атынан арнайы дайын-далған жүз мың теңгелік сый Атырау музыка колледжінің төртінші курс студенті Жадыра Мияноваға табысталды. Бірқатар үміткерлерге диплом, об-лыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттары тарту етілді.

Байқау соңында көрермендер гала-концертті тамашалады.

%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d1%804

 

Әбдірахман ҚИСЫМОВ,

көрермен:

Құрмет тұтамыз!

– Қаршыға 2010 жылы дүниеден өткенде қабырғасы қайыспаған қазақ болмады. Ол өте қарапайым еді. Домбыра өнерінің қайраткері ретінде біз оны аса құрметтейміз. Мамандығым мұғалім болса да, қазақтың күй өнерін  қадірлеймін. Домбырашылардың байқауы болғанда, үзбей қатысамын. Бүгін Атырау төрінде мұндай кештің ұйымдастырылғанына өте ризамыз.

 

Алғи АХМЕДИЯРОВ,

Қаршығаның ағасы:

Күй өнерінің мектебі

– Бұл – күйшілердің үлкен тойы. Қаршыға күй өнерінде өз алдына бір мектеп қалыптастырып кетті. Сол күйді бүгін жастар жалғастырып, оның кеңінен насихатталып жатқаны бізге үлкен қуаныш. Күй мектебін сақтап отырған өнер иелеріне алғысым зор.

 

Абылай ТІЛЕПБЕРГЕНОВ,

Құрманғазы атындағы

Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты:

Қазақ күйі көлеңкеде қалмаса…

– Қаршыға атамыздың күйлерін орындау – қиынның қиыны. Сондықтан, бұл байқауға жоғары деңгейде дайындалдым. Домбыраны бес жастан бастап қолға алдым. Ал, алты жылдан бері Қаршыға Ахмедияровтың күйлерін шертіп, дайындық үстінде болдым. Мұндай байқауға бірнеше рет қатысып жүрмін. Атырау өңірінің сахнасында алтыншы рет бағымды сынаудамын. Осы жолы Динаның «Бұлбұл» атты күйін орындадым. Алдағы уақытта күй өнері көлеңкеде қалып қоймай, Қазақстанның әр түкпірінде осындай конкурстар жиі өткізілсе деймін. Мұның біз секілді жас буынның шыңдалуына септігі мол.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз