Күй абызын еске алды (+ФОТО)
«Әз-аға, қазағымның күй абызы…» Осындай тақырыпта облыс әкімдігінің қолдауымен және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Халық әртісі, көрнекті күйші Әзидолла Есқалиевты еске алу кеші өтті.
Шара шымылдығы оның өмір жолы баяндалған бейнероликпен ашылды. Содан кейін Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының әртістері театрландырылған шағын көрініс қойды. Кеш барысында сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр дарынды күйшінің есімі ел есінде мәңгі жатталатынын, оның мол мұрасы кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге болып сақталатынын атап өтті.
Келесі сөз кезегін алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов Әз-ағаның домбырада ойнауының өзі ғажап құбылыс болғанын, өзі де өнерге бір табан жақын екенін жеткізді. Содан соң, еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Айтжан Тоқтаған даңқты өнерпаздың қызығы мен қиындығы қатар өрбіген өмір мен өнер жолына тоқталды. Артынша Құрманғазының «Айда бұлбұл, Айжан-ай!» шығармасын нақышына келтіре орындап берді.
Әзидолла Есқалиев ұстаздық ете жүріп ауыл жастары үшін «Домбыра үйрену мектебі» атты оқулық та жазған. Сол кезде домбыраны жаңа үйреніп, сахнаға алғаш шыққан екен. Кейін қазақтың өлмес өнерін барша әлемге әйгілі етті. Осы орайда, кешке арнайы келген республикамыздың еңбек сіңірген артисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Үлкенбаева ескірмес естеліктерімен бөлісті. Көпшіліктің сұрауымен Құрманғазының «Жігер» күйін де шертті.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Бозторғай», «Шабыт» халықаралық байқауларының ұйымдастырушы директоры Қарлығаш Әбдукәрімова ыстық лебізін жолдады. Ал, еліміздің Мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев Сейтектің «Ортпасын» орындады.
Жас домбырашылар мен күйшілерді іздестіру мақсатында Атырауда екі жылда бір рет Әзидолла Есқалиев атында республикалық «Алтын домбыра» күй байқауы өткізіліп келеді. Оған әр жылдары қатысқан бас жүлде иегерлері – халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Нұржан Тәжікенов, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепбергенов, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп интернатының 12 сынып оқушысы Дастан Қазкенов сахна төрінен табылып, өнерлерін паш етті.
Сондай-ақ, еліміздің Мәдениет қайраткері Рахила Құлсариеваның дирижерлігімен Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Динаның «Әсем қоңырын», Құрманғазының «Машинасы» мен «Алатауын», түрлі байқаулар жеңімпазы Ринат Ғимранов «Балқаймақ» туындысын орындап берді.
Гүлдана ЕРЛАНҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.