Кәсіптік бағдарға – инновациялық көзқарас
Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында атап көрсетілген басым бағыт, жүктелген маңызды міндеттің бірі республикамызда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жетілдіріп, уақыт талабына сай жаңғырту болып табылады.
Осы тұрғыдан келгенде, біздің облысымызда да нақты жұмыстар жалғасын табуда. Бұл үрдіс, әсіресе, бұрынғы кәсіптік-техникалық мектеп-лицейлердің колледжге айналдырылып, бірыңғай оқыту жүйесіне көшірілуімен байланысты дами түсті. Заманауи талаптарға мейлінше тез бейімделіп, бағыт-бағдарын түбегейлі өзгертіп, уақыт көшіне ілескен арнаулы орта оқу орындарының санатында Атырау энергетика және құрылыс колледжін атаған ләзім.
Директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Эльмира Ерқұлованың айтуынша, оқу орнының инновациялық, ғылыми-әдістемелік қызметін дамыту мақсатында өңірлік және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беріледі.
Таяуда ғана аталған колледж базасында «Кәсіптік-техникалық білім беру мазмұнын жаңғыртуға инновациялық көзқарас» тақырыбында халықаралық ауқымдағы семинар ұйымдастырылды. Шараға колледж қамқоршылар кеңесінің мүшелері, әлеуметтік серіктес компаниялардың, Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының өкілдері, әдістемелік кабинет қызметкерлері, сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей Федерациясы кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, әдіскерлері мен оқытушылары қатысты.
Семинарды кіріспе сөзбен ашқан Атырау энергетика және құрылыс колледжінің директоры Нұрғали Темірташевтың мәлімдеуінше, дуальды оқыту жүйесіне көшкеннен бері мұнда облыстағы отыздан астам кәсіпорын-мекемемен келісім-шарт жасалған. Өндірістік тәжірибеден өту кезінде студенттер жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп, бітіргеннен кейін серіктес кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа орналастырылады. Бұлардың қатарында «Атырау-Жарық», «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ, «АтырауМұнайМаш», «АльянсБиКоммерц», «Әсем Үміт» ЖШС, «Компас Сервис» корпорациясын, т.б. атауға болар еді. Оқу орны мен жұмыс беруші арасындағы екіжақты берік байланыстың нәтижесінде, тек соңғы үш жылда колледж түлектерінің тұрақты жұмыспен қамтылу деңгейі 87-90 пайызды құрап, республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірін еншілеген.
Келесі кезекте семинарға қатысушылар да тақырып төңірегіндегі ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Бұл ретте Ресейдің Ставрополь өлкесіндегі құрылыс техникумы мен политехникалық колледжі директоры В.А.Семилетов пен В.П.Хорин, аймақтық кәсіпкерлер палатасының өкілі Қуанғали Қожантаев және басқалары кәсіптік білім беру жүйесін, мазмұнын жаңарту жағдайында дуальды оқытудың мамандар даярлаудың тиімді тәсілі саналатынын атап өтті.
Соңынан семинарға қатысушылар Атырау сервис, Махамбет көп бейінді агротехникалық, Құрманғазы агротехникалық колледждерінің материалдық-техникалық базасымен танысып, бірқатар әлеуметтік серіктес кәсіпорындарды аралап көрді.
Дәулетқали АРУЕВ