МОЛ ӨНІМ – ТҰҢҒИЫҚ ТЕРЕҢДЕ

Ертең еліміздің мұнай және газ кешені қызметкерлері төл мерекесін тойлайды. Әлемдік нарықта «қара алтын» құны қаншама құлдырағанымен, дүниежүзілік деңгейде көмірсутегі шикізатына сұраныс кемімейді. Демек, энергетикалық қуаттар осы саламен қатар дамиды. Елбасымыздың өзі жаңа геологиялық іздестіру жұмыстарын жандандырып, оған шетелдік инвесторларды тартуды тапсырды.

Осы орайда «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директорының бірінші орынбасары Айболат Габдуллинмен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында кәсіпорын жетістіктерімен қатар бүгінгі кейбір күрмеулі проблемалардың да түйіні тарқатылды.

– Алдымен, әдеттегідей, ембілік мұнайшылардың төл мерекені нендей табыстармен қарсы алып отырғандығын білгіміз келеді.

– Турасын айту керек, бүгінде әлемдік нарықта «қара алтын» құны біз күткендегідей деңгейде қалыптасып отырған жоқ. Оған дүние жүзінде орын алған түрлі оқиғалар себеп. Әйтсе де, біз – өндіріс адамдарымыз. Демек, біздің міндетіміз – мұнай өндіру, оны тұтынушыға ұсыну. Бұл ретте ембілік «қара алтын» өндірушілер қай кездегідей абырой биігінен көрініп келеді.  «Ембімұнайгаз» мекемесі негізінен ескі кеніштерден өнім алып жатқанымен, ел экономикасына сүбелі үлес қосып келеді.

– Ескі кен орындары жөнінде дұрыс қозғалды. Демек, геологиялық жұмыстарды өрістету керек емес пе?

– Әрине. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі де осы. Өйткені, өткен ғасырдың бастапқы кезеңінен, тіпті орта шенінен бері өнім беріп келе жатқан кен орындарының қайтарымы әбден азайды. Рас, ұңғымаларда түк қалған жоқ дей алмаймыз. Әйтсе де, сол өнімді алуға жұмсалатын шығын түсетін табысты өтей алмайды. Қазір кәсіпорын қорындағы ұңғымалардың әбден тозғандығы соншалық, олардан 99 пайыз су шығады. Сонда бір пайыз ғана мұнай алынып жатыр. Мұндай өзін ақтамайтын, қыруар шығынға батыратын ұңғымалармен алысқа бармаймыз. Шындығында, геологиялық шараларды жүзеге асыру нәтижесінде ғана өнім өндіру көлемін қалыпты ұстап отырмыз. Егер Елбасының Қазақстанның әлемдегі ең көп мұнай өндіруші бес мемлекетінің қатарынан тұрақты табылуы міндетін қойып отырғандығын ескерсек, онда іздестіру шараларын барынша кеңінен өрістетуіміз керек.

Бүгінде республикада перспективалы алаңдар анықталды. Еліміздің бетке ұстар бір топ ғалым-геологтары бірнеше жыл қатарынан зерттеу жұмыстарын жүргізіп, келешегінен үлкен үміт күттіретін кеніштердің картасын жасады. Бұл құжат Мемлекет басшысының назарына ұсынылып, геологияға оң бетбұрыс жасалды. Рас, ен байлықты игеруге тек өзіміздің ғана шамамыз келмейді. Ол қыруар қаражатты қажет етеді. Сондықтан, Елбасымыз айтқанындай, сырттан инвесторлар тартқан жарасымды. Бәзбіреулер мұны байлығымызды далаға шашып жатқандай көретін шығар. Ал, шындығында, отандық кен орындарын бірлесіп игергеннің өзінде де өз пайдамыздың аяқасты қалмауына күш саламыз. Бәрін де мемлекеттік мүдде тарапынан таразылаймыз.

– Сонымен, қандай қайтарымды алаңдар анықталып отыр?

– Ғалым-геологтардың пайымдауынша, мол мұнай әуелден белгілі Каспий ойпаты мен Маңғыстауда ғана емес, сонау Солтүстік және Оңтүстік Торғайда, Ертіс маңында, Балқаш пен Солтүстік Үстіртте де көп шоғырланған. Арал мен Сырдария төңірегінде 5,5-7,5 мың метр тереңдіктен көмірсутегі шикізатын өндіруге болатындығы анықталды. Мұның бәрі зор байлық емес пе? Оның үстіне, турасын айту керек, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері кең көлемде терең бұрғылау жүргізілмеді. Сырттан келген инвесторлар да ешқандай жаңа алаңды ашқан жоқ. Олардың бүгінде өнім алып отырған кеніштері – бұрын қазақстандық геологтар бұрғылаған кен орындары. Ал, отандық «қара алтын» өндірушілер негізінен таяз ұңғымаларды қанағат тұтты. Қазір бұлардың қайтарымы қайтты. Жер астының қысымы кеміді. Екі-үш мың метр тереңдіктен мұнай шығарудың өзі көп шығынды талап етеді. Сондықтан, бес мың метрден аса тереңдікті бұрғылайтын кез келді.

Рас, геология – тәуекелі көп іс. Әсіресе, шетелдіктер беймәлім шаруаға қаржы жұмсамайды. Демек, жоғарыда айтқан алаңдарда мол мұнай барлығына солардың көзін жеткізу керек. Қазақстандық ғалым-геологтардың зерттеуі елімізде геология саласын дамытудың 2014-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Ендеше, бел шеше іске кірісу қалды.

– Сонда, ғалым-геологтар республикадағы көмірсутегі қорын қаншаға бағалап отыр?

– Әзірге зерттелген он бес тұнба бассейнінде 76 млрд. тонна шикізат бар екен. Рас, бұл – болжамды ресурс. Ендігі міндет – оны әрі қарай бұрғылау арқылы нақтылап, дәлелденген қорға айналдыру. Қазір бізде әбден анықталған бес миллиард тонна шамасында «қара алтын» қоры бар. Әйтсе де, соның 3,8 млрд. тоннасы ғана халық кәдесіне жарайтын, өндіруге болатын шикізат. Мәселен, Қашаған кенішінің жалпы қоры екі миллиард тонна делінгенімен, соның бәрі алынбайды ғой. Дегенмен, жоғарыда айтылған 76 млрд. тонна шартты отынның бір пайызы ғана дәлелденсе де, біз тағы бір Қашағанды ашқандай болар едік.

– Осы мол байлықтың Атырауға қаншасы тиесілі?

– Әзірге мүмкін ретінде бағаланып отырылған 76 млрд. тонна мұнайдың 64 миллиарды Каспий ойпатында орналасқан. Демек, оларды бұрғылау біздің жігіттердің еншісі болуы әбден ықтимал. Ембілік бұрғышылар кезінде Жетібай, Өзен, Кеңқияқ, т.б. бүгінде өнім беріп тұрған талай кен орындарын жайғастырған жоқ па еді? Тіпті, әлемге әйгілі Теңіз кенішіне бастап бұрғы бойлатқан да – біздің жерлестеріміз. Ендеше, толымды тәжірибе жеткілікті. Тұңғиық тереңді қазатын технологиямыз да бар. Сонау жылдары осы жетіспейтін еді ғой. Соған қарамастан, Биікжалда аса терең ұңғымаға бұрғы салынған. Қашағанда мол мұнай бар екендігін анықтаған да қазақстандық геологтар. Демек, тұз астының сырын ашып, мол өнім алуға еш кедергі жоқ.

Қазақстан мен Ресей Президенттерінің Атыраудағы кездесуі кезінде Еуразия жобасын бірлесіп жүзеге асыруға келісім жасалды. Бұл – осы ғасырдың еншісіне тиген аса ауқымды кен орны. Оны бұрғылау нәтижесінде геология саласындағы көп сауалдарға жауап беріледі. Жалпы, өңірде геологиялық іздестіру жұмыстарын жандандыруға «Ембімұнайгаз» акционерік қоғамының мүмкіндігі жоғары. Біздің территориямыз үлкен. Бұрғылау шараларын кең көлемде өрістетуге болады.

– Қазір әлемде «қара алтын» құны кеміп, балама энергетикалық қуаттар іздестіріліп жатқанда көмірсутегі шикізатына сұраныс кеміп кетпей ме? Мұндай жағдайда мұнайды көп өндіру кімге керек?

– Дүниежүзілік деңгейде мұнай бағасының ойнап тұруы – қалыпты құбылыс. Мұндай жай бұрын да болған, қазір де қалыптасып отыр, алда да кездесуі ықтимал. Бірақ, одан «қара алтынға» деген қажеттілік кемімейді. Оған сұраныс әлі де үлкен. Мұнайлы мемлекеттердің өнім өндіру көлемін қысқартпай отырғандығы да содан. Біз де биыл 2,8 млн. тонна мұнай алуды жоспарлаған едік. Енді соны 21 мың тоннаға артығымен орындауға шештік.

Рас, өзімізде ішкі мүмкіндіктерді саралайтын шараларды жүзеге асырдық. Үстіміздегі жылға мұнайдың әр баррелінің бағасын 50 доллардан есептегенде 24 млрд. теңге шығын жоспарланған еді. Әйтсе де, біз кейбір шығындарды азайту нәтижесінде жоспардан тыс өнім өндіріп, жылды 264 млн. теңгелік табыспен аяқтауды көздеп отырмыз. Оның үстіне, елімізде қолға алынған жаңа экономикалық саясат қаржылық жағдайымызды жақсартпақ. Оны біз зор қанағаттанғандық сезімімен құп алдық.

Әйтсе де, республикалық бюджетке жолдайтын түсім төмендейді. Мәселен, өткен жылы мұнайдың әр баррелінің бағасы 115 доллар болғанда ембілік мұнайшылар түрлі салық есебінен 197 млрд. теңге аударған-ды. Енді «қара алтын» құны орташа есеппен әр барреліне 50 долларға кемігенде 96 млрд. теңгені құрамақ.

Дегенмен, қаншама қаржылық қиындықтар орын алғанымен, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында бірде-бір адам қысқартуға ұшырамайды. Қызметкерлердің жалақысы мен әлеуметтік төлемі уақытында өтеледі. Жоғарыда айтқанымдай, бұрғылау жұмыстары кең көлемде өрістейді. Перспективалы алаңдарда іздестіру шараларын жүргіземіз. Демек, ембілік мұнайшылардың еңбек тынысы тарылмайды.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттер редакция мұрағатынан алынды.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз