Жалақыдағы теңсіздік қашан шешімін табады?
Облыстық кәсіподақтар үйінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытгүл Хаменова мен Ирина Унжакова жергілікті кәсіподақтар ұйымдарының жетекшілерімен кездесу өткізді.
Атырауға балықшылар қауымының жағдайымен, діни ахуалдың жай-күйі, мұнай өндіруші компаниялардағы жұмысшылардың еңбек қатынасы мәселесімен танысуға арнайы келген халық қалаулылары алғашқы кезекте ірі отандық және шетелдік компаниялардағы жалақы теңсіздігіне назар аударды. Мәселен, қазақстандық инженерлер 2-3 мың доллар көлемінде жалақы алады екен. Дәл осы қызметті атқарған шетелдік маманның еңбекақысы 20-30 мың доллар шамасында. Осы мәселені Бас прокуратураның қарауына ұсыну, құқықтарды шектеуге байланысты мониторинг жүргізудің қажеттілігі туып тұр. Сондықтан, облыстық мәслихат депутаты Салтанат Рахимова оны Астанадан келген халық қалаулыларына ұсыныс ретінде айтты.
Басқосуда көтерілген проблеманың бірі – кадр мәселесі. Бүгінде мұнай саласындағы компаниялар жұмысшылар қабылдау үдерісін кадрлық компанияларға толықтай сеніп тапсырған. Бұл – жұмысшылар үшін тиімсіз. Өйткені, кадрлық агенттіктер қызметі үшін азаматтардан қомақты қаражат талап етуде.
Сонымен бірге, кеніштердегі демалыс және мейрам күндеріндегі жұмыс сағатының есептелуін индексикациялау, мемлекеттік қызметкер немесе бюджеттік жұмыскер санатына кірмейтін азаматтық қызметшілерге еңбек демалысы кезінде сауықтыру ақысының төленбейтіні туралы көптеген сауалдар қойылды.
Аслан МҰРАТҰЛЫ