Кәсіпкерлерге – жедел несие
Атыраулық кәсіпкер әйелдер үшін жағымды жаңалық бар. Яғни, алдымыздағы шілдеден бастап «Даму-Блиц» технологиясы аясында «жедел несиелер» берілмек. Енді аймақтық қаржыландыру арқылы екінші деңгейлі банктен қарыз алу үшін біраз уақыт күтіп, әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Жаңа бағдарламамен несие беру мен құжаттарды рәсімдеу небәрі бір апта ішінде қаралады. Жылдық мөлшерлеме шамамен 8,5 пайызды құрамақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында кеңінен сөз болды.
Субсидиялау мөлшері өсті
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Әлия Өтепқалиеваның айтуынша, шағын және орта бизнесті өркендету бағытында атқарылған іс аз емес. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде несиені субсидиялау бағыты табысты жүзеге асуда.
– Мәселен, кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден 19 пайызға дейін несие алса, оның жетіден онға дейінгі мөлшерін мемлекет субсидиялайды. Бағдарлама қолданысқа енгеннен бері Атырау облысы бойынша барлығы 54 млрд. теңгеге 381 жоба мақұлданды. Осындай мүмкіндікпен жүзеге асқан жобалардың ішінде «Baizаar» ойын-сауық орталығы, «Нейбарт» тігін шеберханасы жеке кәсіпкерліктері, «GoldenBridgeCompany» компаниясының «Инфинити Орда» фитнес орталығы нысаны, «Жолмуханов» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің «SultanPalaceHotel» қонақүй құрылысы бар, — деді ол.
Ал, кепілдігі жеткіліксіз кәсіп иелері несие алған кезде «кепілдендіру» бағытын пайдаланады. Ісін жаңадан бастаған бизнес өкілдері үшін қайтарымды қаражат көлемі 20 млн. теңгеден аспауы тиіс. Соның ішінде «Даму» барлық соманың 85 пайызына өз кепілдемесін береді екен.
Әлия Меңдіханқызының айтуынша, бұл бағытты қолдану үшін өтінімді «электронды үкімет» порталы арқылы жолдауға болады. Оның ерекшелігі сол, шешім қабылдауды онлайн-режімде қадағалауға мүмкіндік туып отыр. Демек, барлық шараның әділ де ашық өткеніне көз жеткізу қиын емес. Ел бойынша осы жүйені қолданудан Атырау облысы екінші орында.
«Алтын кемеден» – «Даму-Блицке»!
Брифинг барысында баяндамашы облыс әкімдігімен бірге жасақталған «Алтын кеме» бағдарламасына кеңірек тоқталды. Өйткені, былтыр осы қор жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, кәсіпкерлерді қаржыландыруға 500 млн. теңге бөлген болатын. Мұнда негізгі басымдық облыс орталығына қарасты елді мекендер мен ауылдық округтерге берілген еді. Бизнес иелері үшін сыйақы мөлшерлемесі 8,5 пайызды құрады.
–Соның арқасында бүгінде 468 млн. теңгеге 21 жоба қаржыландырылған. Олардың ішінен «Нұрмышева» жеке кәсіпкерлігінің жобасын атап өтуге болады. Жас бизнес иесі өзінің 19 литрлік пластик бөтелкелермен ауыз су шығару туралы бастамасын кәдімгі өндіріске, яғни, цехқа айналдырды. Былтыр қазан айында ол «БанкЦентрКредит» АҚ-нан 20 млн. теңге көлемінде (8,5 пайыздық мөлшерлемемен – авт.) несие алды. Сонымен қатар, тұтынушы заемның 70 пайызына, яғни, 17 млн. теңгесіне «Даму» қорының кепілдемесін қолданды, — деген филиал басшысы табысты тәжірибе биыл да жалғасатынын жеткізді.
Бұлақ көрсең, көзін аш!
Өткен уақытта «Жаңа бизнес ашуды қолдау» жобасы бойынша жасалған іс те жеткілікті. Кәсіпкерлік әліпбиіне оқытудан бөлек, қор «startup» жобаларға белсенді қолдау көрсетіп келеді. Бұл ретте Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен «бизнес-коворкинг» ашуға келісім жасалған. Оны үстіміздегі жылғы төртінші тоқсанда бастау жоспарланып отыр. Мұнда бизнеске қадам басуға ниет білдіргендер оқыту курстарымен қатар, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды пайдалануға мүмкіндік алады.
– «Startup Академия» жобасының қорытындысы бойынша Махамбет ауданындағы Алмалы селосының тұрғыны Райхан Хайруллина жеңімпаз атанды. Ол өзі тұратын елді мекеннен емдеу және массаж бөлмесін ашуды көздеп отыр, — деді Ә.Өтепқалиева.
Айбөпе Сабырова