Көшеміз кімнің атында?
Санмен белгіленген көшелердің барлығына бірдей атау беру міндет емес. Сол секілді елді мекендерге ат қою, кісі есімін беруге шектеу қояр уақыт жетті. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың кеңейтілген алқа мәжілісінде үштілділік мәселесі де кеңінен сөз болды.
Жиында басқарма басшысы Баязи Әбдешев өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2017-2019 жылдарға арналған жұмыс жоспарларымен таныстырды. Айтуынша, «Тіл туралы» Заңның орындалысын анықтау үшін бірнеше компаниялар мен мекемелерге тексеру жүргізілген. Олардың қатарында «Теңізшевройл», «Сазанқұрақ», «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» ЖШС-тері, «Атырау-Жарық», «Атырау ЖЭО», «ҚазТрансГазАймақ» секілді акционерлік қоғамдары бар. Сонымен қатар, облыста қазақ тілін меңгеру деңгейі жоғары екендігін айтқан басқарма басшысы ағылшын тілін үйренушілердің қатары да көбейгендігін мәлім етті.
«Көп тіл білген – өзімізге пайда. Бірақ, «қазақ тілі – басты тіл» деген қағидатты ұстана отырып, басқа тілдерге де көңіл бөлу қажет. Әрине, тіл бөлімдері мектепте сабақ беру сапасын арттыра алмайды. Бірақ, жастар арасында үгіт-насихат жүргізіп, олардың үш тілді білуге қызығушылығын арттыру – міндет» деді ол.
Алқалы жиында ономастика саласы бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын білдік. Мәселен, Индер ауданы Кулагино орта мектебін Қ.Есқалиев атындағы орта мектебі және Құрманғазы ауданындағы Ганюшкин мектеп-интернатын З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернат деп қайта атау туралы ұсыныс барлық сатыдан өтіп, Үкіметтің қаулысымен бекітілген. «Санмен белгіленген көшелерге қатысты ұсыныстар ретімен қаралады, олардың барлығына бірдей атау беру міндет емес. Тіл бөлімдері үшін басты міндет – бар атауларды заңдастыру. Өкінішке орай, Атырау қаласы мен Мақат ауданы бойынша қанша көшенің заңдастырылғаны туралы мәлімет түскен жоқ. Соңғы жылдары жиі қайталанып тұрған атауларды қысқарту шаралары алынды. Бұл мәселені алдағы уақытта да қаперге ұстау қажет» деген Баязи Мәдешұлы тіл саясатын насихаттау, тілдерді дамыту бағытында атқарылған өзге де жұмыстармен таныстырды.
Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қанша көше заңдастырылғаны жөнінде мәлімет бермеген жауапты тұлғаларға ескерту жасады.
— Атқарылған жұмыстар өте көп, десек те, көкейкесті мәселелер де жоқ емес. Оларды күн тәртібінен түсірмеу қажет. Мәселен, үш тілді меңгеру – бүгінгі күннің ең басты мәселесі, — деді Әлібек Ибатоллаұлы.
Жиын соңында тіл саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін бір топ тіл жанашырларына Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаты табысталды.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА.
* Сіз не дейсіз?
Әбілсейт МҰХТАР,
Атырау мұнай және газ
университетінің профессоры:
— Бүгінге дейін қанша айтылғанымен, қазақ тілін өндіріске енгізе алмадық. Өндірісте, соның ішінде, мұнай компаниялары мен кәсіпорындарда қазақ тілін дамытуды қолға алу қажет. Сонымен қатар, қазақ тілін өзге ұлт өкілдері де насихаттауы керек.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті гуманитарлық ғылымдар және шетел тілдері факультетінің деканы:
— «Олардың жастары орысша сөйлемейді, ағылшын тілінде ғана сөйлейді» дейді Балтық бойы елдеріне барып оқып келген студенттеріміз. Тіл – әр ұлттың жаны. Өз тіліңе құрметпен қарап, өзге тілдерді де үйрену бүгінгі уақыттың басты талабы болып отыр.
Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағы
Атырау облыстық филиалының директоры:
— Дәстүрлі өткізіліп келе жатқан Оралхан, Махамбет оқуларынан бөлек, Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев, Ф.Оңғарсыноваларға арналған байқаулар ұйымдастыру үшін өзіміздің жоспарымыз болуы керек. Мұндай шаралардың ауқымын кеңейтіп, барлық аудандарда ұйымдастыру қажет.
Жаксы жазылган екен
Қазір кім көрінген ақшасы болса әкесіне, атасына көше сұрауды дағдыға айналдырды. Мұндайға тиым салу керек. Тіпті, өткенде біреу «Жұмыскерде әкемнің атында көше бар еді, мен жақында Нұрсаяға қоныс аудардым. Енді осы өзім тұратын көшеге әкемнің атын ауыстырып алуға бола ма» деп ономастикалық комиссияға хат жазыпты. Бұл не деген есіргендік? Тасқандық қой бұл.