Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Көрісуде көп мән бар

14 наурызда «көрісу» деп аталатын ерекше маңызға ие мейрам басталады. Бір ғажабы, алыс пен жақынды байланыстыратын бұл мереке Қазақстанның батыс өңірлерінде ғана жақсы сақталған.

— Ықылым заманнан бері келе жатқан игі дәстүрдің тарихы туралы не айтасыз?

— Көрісудің мәні неде?

КОРИСУ

 

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

өлкетанушы:

Шүкіршіліктен туған мереке

— Рас, көрісу дәстүрі қазір Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде жақсы сақталды деп жүрміз. Десе де, Абайдың өлеңіндегі «… күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып, қырдағы ел ойдағы елмен араласып» деп келетін жолдар арқылы қазақтың бас ақыны Ахмет Байтұрсынов өз заманында көрісу дәстүрінің қанатын кең жайған мереке болғандығын дәлелдеді.

Тіпті, парсы математигі, астроном, ақын, философ Омар Хайямның «Наурызнамесінде» жаңа жылдың наурыздың 14-інен басталатындығы айтылады. Ескерерлігі, Омар Хайям – өз заманында дүние жүзі мойындаған күнтізбе жасаған ғалым. Оның күнтізбесі аса дәлдігімен, әрі күн қозғалысына негізделуімен ерекшеленеді. Мұның өзі көрісу мерекесінің тамыры әріде жатқандығын дәлелдейді. Расымен де, көрісу мерекесін бүгінде еліміздің батыс өңірлерімен бірге, көршілес Ресей елінің Астрахан, Самара, Волгоград және Саратов облыстары, Қарақалпақ Республикасы мен Өзбекстан елі де ерекше ықыласпен атап өтеді.

Ең алдымен, көрісу – қыстан аман шығып, жаңа өмірге, жаңа күнге аяқ басқан халықтың шүкіршілік етуінен туған мереке. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, бір-бірімен аман қауышқанына қуанады. Әрі кішілер үлкенге көрісіп, құрмет көрсетеді. Бұл мереке біріктіруші тетік бола алады. Өйткені, наурызда табиғат жаңарып, жылан қабығын тастап, халық жаңа өмірге ізгі қадаммен аяқ басады. Бұрынғы өкпе-реніш ұмытылып, тыныштыққа, берекелі тірлікке шүкіршілік етеді.

 

Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

мәдениет қайраткері:

Табиғатпен астасу

— Көрісу – рухани жаңару, тазару мерекесі ғана емес, қазақтың салт-дәстүрінен туындайтын ерекше бір ғұрып. Көрісудің мән-маңызын көшпенділер дәуірімен, шашырап жатқан ауылмен байланыстырған дұрыс. Салт-дәстүрдің өзі өмір сүру образынан, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайынан туындайтын дүние. Оның үстіне, қазақтың ежелден мал баққан халық екендігін ескерсек, қыстағы ауыл тірлігінің бейнеттен ажырамағаны белгілі. Басқаны былай қойғанда, қыста соққан дүлей дауыл мен үскірік аяздың өзі екі ауыл арасындағы қатынасты қиындатып жібереді. Ал, көктемде жер аяғы кеңиді. Осындайда халық бір-бірінің қыстан аман шыққанына көз жеткізу мақсатында арнайы барып, сәлем беріп, қауышатын болған. Бұл дәстүр Кеңес үкіметі тұсында да қалған жоқ. Қазір де жалғасын тауып келеді. Десек те, біз көрісуді, жалпы Наурыз мерекесін жас буынға ұлттық ерекшелік, ұлттық артықшылық, рухани нәр беруші, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы ретінде дәріптей білуіміз керек.

Көрісу – табиғатпен, жаратылыспен астасқан мереке. Қазақ айтатын амалдардың наурыз айынан басталуының өзі тегіннен-тегін емес. Мәселен,  ата-бабаларымыз жыл аяғында, яғни, наурыз айының 17-21-і күндері аралығында болатын жауын-шашынды, суық, әрі лайсаң мезгіл – бесқонақтан қатты сақтанып отыратын болған. Самарқанның көк тасы жібіп, күн жылып, жердің тоңы кетіп, ашық, шуақты мезгілдер басталатын кез де осы наурызға тұспа-тұс келеді. Мұның барлығы табиғат адаммен бірге жаңарады, жаңа өмірге қадам басады дегенді білдірсе керек.

 

Батыржан МАНСҰРОВ,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы:

Сәлем – сөздің анасы

– Сәлемдесу, көрісу – мұсылмандардың осы өмірдегі және жұмақтағы амандасу үлгісі, әрі оларды ерекшелейтін белгісі. Алла Тағала Құранда «Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер Раббыларының рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын, астынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жәннаттағы амандасулары «сәлем» болады» деп келтіреді. Саулық сұрау мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бірліктің себепкері.

— Сәлем беріп, көрісудің  аман-саулық сұрау дұғасымен қатар, Алланы еске алу болып табылатын тамаша дәстүр екендігін ескерсек, көрісуде көп мән барын көреміз. Түйіндей келгенде айтарымыз, көрісу  адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес. Жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін, өзара құрмет пен сыйластықты дәріптейтін дәстүрлі көрініс.

P.S.

Тарихшылар наурыз, яғни, көрісу мерекесінің түп-тамыры тереңде жатқанын айтады. Тіпті, көрісу дәстүрі туралы көне Қытай жазбаларының көшпенділерге қатысты деректерінде біраз мәліметтер де келтірілген. Осындайда белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың көшпенділердің көрісу мерекесінің Батыс өңірлерде сақталып қалуының себебін бір замандары ел  астанасы болуымен байланыстыруы ақылға қонымды, тереңірек зерттеуге тұрарлық пікір болып көрінеді. Расымен де, сонау ғұндар дәуірінен басталып, түрік, Алтын Орда дәуірі арқылы бүгінгі күнге жеткен ең ұлық мереке – көрісудің мәнін тереңінен ашып, ұрпаққа дәріптеуде көп істер атқарылуы керек-ақ…

Баян Жанұзақова

Related Articles

10 Comments

  1. Ұлыстың ұлы күні көрісуден басталады. Бұл мейрамның өзіндік ерекшелігі — көрші-көлем, ағайын тумалармен қол алысып, иық қағыстырып көрісіп, жасы үлкен ақсақалдарға қол ұсынып сәлемдесіп, олардан ақ баталарын алады. Бала күнімізде кешкісін үй жинап, тазалап, көрісуге арнайы дайындалатынбыз. Анам түнде тұрып, шелпек, бауырсағының ашытқысын дайындап қоятын. Сол күні үй — ішімізбен ерте тұрып,төрге көрпе жайып, дастархан дайындап қоятынбыз. Көрші-көлемді аралап кететініміз тағы бар. ауылда бұл күн осылай аталып өтетін. Және бұл мейрам 22-ші наурызға дейін жалғасатын. Қазір де солай, бауырларым «көрісіп келіп жатырмыз» немесе «үйде қонақ бар» деп жатады телефон шалып, хабарласқанымда.

  2. Күні кеше «Атырау» газетінен филология ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтар Арынның «Жаңа күн немесе жыл басы туралы не білеміз?» атты мақала жарық көрді.Ттанымдық материал екен. Онда Наурызды табиғи жаңа жыл ретінде және терең тәрбиелік құны бар әдет-ғұрыпты,салт-санамызды жаңғырту мақсатында пайдаланған орынды екенін айтылады. Расында, осы күні бүлдіршіндерге, жалпы адамдар бір-біріне сыйлықтар жасап, қуантуға тырысу керек. Солай жыл сайын жалғаса түссе, келесі жылы да балалар наурыздың 22-си күнін әдейі күтетін болады. Солай дағдыға айналып, бұл халықтық мейрам сипатын алады.

  3. Бүгінгі Наурыз мемлекеттік мереке деңгейінде аталып өтіледі. Ал, мемлекеттік мереке дегеніміз, жалпыхалықтық мейрам. Десек те, наурызды тойлауда шапан киіп, айналдыра киіз үй тігіп, ас ішіп, аяқ босатудан аса алмай жүрген сияқтымыз. Мұндай жасандылықтан арылатын кез жетті. Орыстардың шыршасы алдын ала құрылып қоятыны секілді, біз де ұлыстың ұлы күнінен бір ай бұрын орталық алаңдарда ұлттық ойындар ойнатылып, құндылықтарымыз ұлықталса …

  4. Гүлжан замандасым дұрыс жазады. Қаз-қатар киіз үй тігіп, жайнатып жайылған дастарханнан басшылар ғана ауыз тиетін мереке жалпыхалықтық мейрамның арнасына жатпайды. Мүмкін, бірнеше ай бойы көрме ретінде ашық тұратын киіз үйлерден қалашық тұрғызып, онда ұлттық ойын түрлерінен көріністер көрсетіліп, келушілерге ұлттық дәмдер ұсынатындай жаңалықтар ойластыру керек те шығар. Бұл хан да, қара да теңесетін күн емес пе?!

  5. Мерекені тойлау барысында ұмытылып бара жатқан «Селтеткізер», «Ұйқыашар» ырымын жасап, жастар арасында оны жақсы дәстүрге айналдырса да артық етпейді.

  6. Наурыз мерекесі жақындағанда ұлттық нақыштағы киім еске түседі. Мойындауымыз керек, сәукеле, тақияны, бүрмелі көйлек пен камзол-кәжекейді тек ұлыстың ұлы күні ғана шарқ ұрып іздейміз. Ұлттық киімдер тек этнографикалық сипатта қалып қойды, оны тек мереке кезінде ғана киіп шығамыз. Ұлттық бас киім, шапандардың заманға сай үлгісін жасап, тек мерекелік шараларға ғана лайықтамай күнделікті киюге арнап тігілсе дұрыс болар еді. Және бағалалары да қарапайым халықтың қалтасына сай қойылса, тележүргізушілер өнер жұлдыздары да киіп жүрер болса,трендке айналары сөзсіз..

  7. Мен, мәселен, «Ою», «Ханшайым», Аида Кауменова, Ая Бапани брендтерінің киімдерін кигім келеді. Бірақ, олардың өнімдерінің бағасын кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Мәселен, бір көйлегі 40-50 мың теңге тұрады, бұл менің айлық жалақымның тең жартысы.

  8. Қазіргі уақытта ұлттық нақышы бар, заманға бейімделген киім түрлері шығып жатыр. Ою — өрнекпен көмкерілген киім-кешек сәнге айналды. Ұлттық стильдегі киімдерді жаңғыртуға тырысып жүрген дизайнерлер де бар. Үйлену тойларында да жастар ұлттық нақыштағы киімдер киіп шығады. Сонымен қатар, кәсіпкер Жаннат Бақыттың да брендтік өнімдері сұранысқа ие. Және бағасы да қолжетімді. Сол себепті, ескі стереотиптен айырылып, сәнге деген жаңаша көзқарас қалыптастыруымыз қажет.

  9. Наурызды біз неге тек киіз үй арқылы елестетеміз осы? Бізде бұрын да өркениет көріністері болған. Абайдың Жиделідегі үйі, темір керуеті, кәдімгі жазу үстелі мен орындығы еуропалық тұрмысты сипаттайды. Бұл — бір.
    Ал, ұлттық киімді де Наурызда еске түсіреміз. Неге күн сайын киіп жүрмейміз? Ұят көреміз бе?…

  10. Наурызды біз неге тек киіз үй арқылы елестетеміз осы? Бізде бұрын да өркениет көріністері болған. Абайдың Жиделідегі үйі, темір керуеті, кәдімгі жазу үстелі мен орындығы еуропалық тұрмысты сипаттайды. Бұл — бір.
    Ал, ұлттық киімді де Наурызда еске түсіреміз. Неге күн сайын киіп жүрмейміз? Ұят көреміз бе?…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button