ҚҰРБАН АЙТ – ҚАСИЕТТІ МЕЙРАМ
— Еліміз егемендігін еншілеп, мемлекетіміз тәуелсіздігін алғаннан бері халқымыз рухани тұрғыдан да қайта түледі. Осы бағытта көптеген оңды өзгерістер орын алды. Тілімізбен бірге діліміз де, дініміз де қайта жаңғырды. Дінге, құдайға құлшылық етуге, мұсылманшылық парыздарын орындауға деген түбегейлі бетбұрыс басталды. Мешіттердің саны көбейді. Алғашында олардың қатары санаулы ғана болса, бүгіндері екі мыңнан асты. Имандылыққа ұйыған, инабатты, иманды жастарымыздың да саны жылдан-жылға артып келеді, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы. – Адамдар ізгі амалдарды атқарып, қайырымдылық жасауға, қиналғанға қол ұшын беріп, көмектесуге ден қойып, дағдылана бастады. Сайып келгенде, атадан балаға мирас болып жалғасқан, қашан да елді береке мен бірлікке, тату тірлікке, ынтымақтастыққа, жақсылыққа үндеген асыл дініміздің қадір-қасиетін бағалай білуді, біріне-бірі кешірімді болуды үйренді. Міне, сондықтан да, қадірменді жамағат, бүгінгі күні сіз бен біз болып қарсылап отырған ұлық мереке, қасиетті мейрам – Құрбан айтымыз құтты болсын. Әр шаңырақта шаттық, әр жанұяда жарасымдылық, қоғамымыздың іргетасы саналатын әр отбасында берекелі тірлік орнасын. Бұл мереке баршаңызға құт-береке, бақытты ғұмыр сыйласын, жандарыңызға ізгілік нұрын шашсын, қымбатты ағайын!
Аймақ басшысының осынау игі тілекке толы лебізінен кейін мешітке жиналған жұрт бір кісідей ғибадат қылуға ұйыды. ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров Айт намазын оқыды. Намаз аяқталысымен жамағат бірін-бірі Құрбан айт мейрамымен құттықтасып, арқа-жарқа болып жатты.
Соңынан көпшілікке арналып, дәстүрлі дәмге толы мерекелік дастархан жайылды. Балықшы кентіндегі спорт кешенінде қаладағы мешіт жамағаттары арасында садақ ату, асық ойнау, қазақ күресі секілді ұлттық спорт түрлерінен қызықты сайыстар жалғасын тапты.Қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Дәулетқали АРУЕВ.