КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

Елу төрт теміржолшы бір күнде үйлі болды
Мақаттық теміржолшылар баспаналы болды. Өткен сенбі күні заманауи жобамен салынған бір қабатты, екі пәтерлік 27 тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның тете-президенті Асхат Ақчурин бастап барған бір топ делегация қоныс тойы иелерін құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.

Жасыратыны жоқ, баспана кім-кімнің де бас ауыртар өзекті мәселесі екені белгілі. Мәселен, мұнайлы мекен – Мақат поселкесінің өзінде аудан әкімі Ерболат Омаровтың айтуынша, алты жүзден астам тұрғын пәтер кезегінде тұрған көрінеді. Бірінші кезектегі мәселенің шешімін табу мақсатында соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй құрылысын салу қолға алынған еді. Оның үстіне, Мақат ауданындағы кейбір елді мекендер болашағы жоқ деп танылып, басқа аумаққа көшірілді. Осылайша, жүк айналымы толассыз артып келе жатқан темір жол бойында мамандарды тұрақтандыру маңызды проблемаға айналды. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ кадрларды баспанамен қамтуда жалпы аумағы 1600 шаршы метрді құрайтын бір қабатты екі пәтерлік үйлер тұрғызып берді.
Теміржолшылардың кәсіби мерекесінде Мемлекет басшысының өзі пәтер кілтін иемдену әрбір жанның өміріндегі ерекше оқиға екенін атап айтқан еді. Енді осындай қуанышты сәт мақаттық болат жолдың бойындағы мамандарға бұйырып отыр. Баспаналы болғандарды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтаған оның орынбасары Тимуржан Шәкімов өңірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен мемлекеттік бағдарлама бойынша бірқатар көп қабатты үйлер салынып жатқандығын атап айтты.
– «Қолжетімді баспана- 2020» бағдарламасы арқылы Атырау қаласында 46 бес қабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатса, биыл оның 22-сін тапсыру жоспарланып отыр. Олардың дені жас отбасыларға берілетін болады. Маңызды мәселені шешуге «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ да атсалысып, өздерінің қызметкерлеріне 27 екі пәтерлік тұрғын үйді тұрғызып берді. Қоныс тойларыңыз құтты болсын,-деді ол.
Ал, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тете-президенті Асхат Ақчурин соңғы бес жылда үш мыңнан астам теміржолшы пәтерлі болғанын айта келіп, әріптестерін елеулі оқиғамен құттықтады. «Жаңа үйлеріңіздің сырты малға, іші жанға толы болсын!»-деген ізгі тілегін арнады.
Теміржолшылардың осынау қуанышымен бөлісуге сала ардагері Тұрақбай Дощанов келді. Болат жолдың бойында елу жылға тарта қызмет еткен ардагер мұнайлы мекеннің ыстық екенін, себебі осы жерде еңбек жолын бастағанын атап өтті.
– Оқу бітіріп, желкілдеген жас маман боп келген кезде мұнда шағын үйлер ғана болатын. Қысы ызғарлы, көктемі мен күзінде балшықтан көз аша алмайтынбыз. Қазір байқап қарасақ, поселке адам танымастай өзгеріпті. Осыдан төрт жыл бұрын аймаққа «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тете-президенті Асқар Мамин келгенінде қызметкерлеріне баспананың мәселесін шешуге көмектесуге уәде еткен еді. Енді теміржолшылар тілегі орындалды,-деді ол.
Тұрғын үйлерді салып берген «Ақпан» ЖШС өкілі Светлана Болдиярова құрылыс жұмыстары былтырғы жылдың шілде айында басталғанын, содан бері ауа райының түрлі мінезіне қарамастан құрылысшылардың жұмысты кідіріссіз жалғастырғанын жеткізді. Пәтерлердің инфрақұрылыммен толықтай қамтылғанын атап айтқан ол ауқымды жұмыс барысында 800-ге тарта вагон құрылыс материалдары әкелінгенін айтты. Осындай шаруаның басы-қасында болған мамандарын марапаттаған ЖШС өкілі пәтерлердің символикалық кілтін ұлттық компанияның тете-президенті Асхат Ақчуринге табыстады. Сөйтіп, 54 жанұя жаңа баспанасының кілтін алып, қоныстарына қарай бет алды.
Қуаныштары қойнына сыймаған тұрғындар шашу шашып, құттықтай келген қонақтарға ақтан дәм татқызды. Ауыл ақсақалдары жақсылық нышанына орай бата берді.
Пәтер кілтіне ие болғандардың бірі – Ғалымжан Жәкиевті теміржолшылар әулеті деуге толық негіз бар. Өйткені, әкесі Дәлу Жәкиев депода 45 жыл бойы машинист қызметін атқарып келіпті. Күні бүгінде ол аға инженер болып еңбек етеді. Ал, анасы Сағила Жәкиева осы салада жөндеу депосында табан аудармастан 35 жылдай жұмыс істепті. Қазірде бес балалы ана зейнеткерлікке шығып, қос ұлының немерелерінің тәтті қылығына бөленіп отырған жайы бар. Қарапайым теміржолшылар отбасынан шыққан ұлы Ғалымжан да әке мен ана жолын қуып, осы саланы таңдайды. Күні бүгін ол он жылдан астам уақыт бойы Мақат қалыпқа келтіру пойызының дәнекерлеушісі болып қызмет етуде.
– Бұған дейін бір үйде 14 отбасы бірге тұрдық. Ұлым Ғалымжанның жанұялы болғанына 11 жыл толыпты. Кейін Ғабит атты балам үйленді. Шүкір, немере-жиендерім баршылық. Балаларымның отбасы абысынды-келінді тату-тәтті бірге өмір сүрдік. Халқымызда «енші беру» деген дәстүр бар ғой. Немерелерім өсе келе Ғалымжанға енші беруді ойлаған едік. Енді міне, жұмысынан төрт бөлмелі кең әрі жайлы пәтер беріп, өздері бөлек шығып жатыр. Қуанғанымыздың үстіне қуанып мәз болыстық. Отбасы – шағын мемлекет қой. Еңбектерінің жемісін көріп, өз бетінше өмір сүру қажет. Қай ата-ананың да басты арманы – осы. Жергілікті компания басшыларына аналық алғысымды білдіремін. Бұл үйлердің жобасы мүлде басқаша. Ыссы, салқын су шүмектен сарқырап ағып, табиғи газ жанып тұр. Тіпті жуынатын бөлмесі бөлек екен. Тек немелерімді қимаймын,-деді Сағила апа қуанышын жасыра алмай.
Жас маман Райымбек Жолиманов та, жас отбасы Бекболат Бектілеуов пен Мейрамгүл Әдилова да пәтерлі болғандарына разы. Енді олар күн суытпай тұрған сәтте дереу жаңа қоныстарына көшіп алуға асығып отыр.
Мұнайлы Мақаттағы пәтер кілтін табыстау сәті осылайша бүкіл аудан жұртшылығына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аудан әкімі Ерболат Омаров поселкеде ұлттық компания демеушілігімен 31 екі пәтерлік тұрғын үйлер салынып жатқанын атап көрсетті. Ал, мемлекеттік бағдарлама бойынша 10 үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқандығын жеткізді. Сөйтіп, алдағы уақытта ауылда 116 пәтер пайдалануға берілмек. Оны уақыт еншісіне қалдырдық. Қоныстарыңыз құтты болсын!

Айбөпе САБЫРОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ,
Атырау-Мақат-Атырау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз