КӨП ІС ӘЛІ КӨҢІЛДЕН ТЫС
Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Жанбай селосына тоқтап, ондағы «Балдәурен» балабақшасында жүргізіліп жатқан құрылыс нысанымен, №7 ұңғыманың орнымен танысты. Сондай-ақ, ол Тұщықұдық селосындағы биыл күрделі жөндеуден өткізілген «Құлыншақ» балабақшасының ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен бірге Х.Ерғалиев ауылындағы әлеуметтік нысандарды да аралады. Ал, Аққыстау селосында болғанда, күні кеше ғана ашылған орталық стадионда, «Жалын» мәдениет үйінде болып, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы ғимаратының құрылысын аралап көрді.
Соңында осы жұмыс сапарына байланысты аудандық әкімдіктің акт залында жиналыс өткізілді. Оған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, энергетика және коммуналдық шаруашылық, жолаушылар және автокөлік жолдары басқармаларының басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, селолық округтер әкімдері, салалық бөлімдер басшылары, аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиналысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен облыстық басқарма басшылары сөз сөйледі. Басқарма басшылары атқарылып жатқан жұмыстардан гөрі орын алған кемшіліктерге ерекше тоқталып өтті.
Мәселен, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы К.Мұқашкереева «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарында аудан бойынша 90-ға жуық жергілікті адамдардан еңбек ететінін, алайда олардың 10 пайыздық зейнетақы төлемі көрсетілмегендіктен, жұмыс орындарына алынбағанына қынжылыс білдірді. Және бұл жөніндегі нақты мәлімет базаға енбеген. Несие алуға ниетті адамдардың қолына тиесілі қаржы әлі тимеген. Аудан бойынша 26 отбасының 128 адамы әлеуметтік көмек алған. 641 мүгедек үшін бір бөлме орталық ретінде бөлінсе деген ұсынысын да жеткізді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Х.Базарбаев халықты күнделікті тұрмыстық қажетіне керекті сумен қамтып отырған «Казсушар» РМК-ның Нарын, Бақсай, Сборный, Кобяково-Забурын каналдары болып табылатынын, осы каналдардың кейбір жерлерінде қоға шөбі көп шығып, судың жүруіне қиындық туғызып отырғанын, соларды алға қарай болдырмау мақсатында каналды тереңдетіп қазу қолға алынса, каналдарды сумен үздіксіз қамтамасыз етсе, аудан бойынша 2011, 2013 жылдарға ұсынылған ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыру шешімін тапса, аудан бойынша биылғы жылға ірі сабақты мал азығын дайындауға жұмсалған шығындарды 50 пайызға дейін өтеу мақсатында мал азығын дайындаған шаруа қожалықтарына субсидия берілсе деген ұсынысын білдірді.
АУДАНДАДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕКТЕБІ ЖОҚ
Бұдан кейін сөз кезегін алған облыстық білім беру басқармасының басшысы Б.Сәрсенғалиев аудандық білім саласына байланысты өз ойын былайша өрбітті.
— Облыста екі мектепте үш тілде оқыту жүзеге асырылуда. Министрліктің аймақтарда көптілді оқытуды дамыту жоспарына сәйкес 2013 жылы Индер, Исатай, Мақат аудандарындағы мектептерде үштілді оқытуды дамыту жоспарлануда. Осыдан үш жыл бұрын инновациялық бағытта жұмыс жасайтын мектеп саны 10 болса, қазір 13-ке жетті. Алайда, ауданда бүгінгі күні бірде-бір дарынды балаларға арналған білім беру ұйымы жоқ.
Ал, балабақша бойынша айтар болсақ, тоғыз балабақша мен 20 шағын орталыққа 1605 бала қамтылған. Бұл — балаларды қамтудың 85,1 пайызын құрайды деген сөз. Енді Аққыстау, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев елді мекендеріне балабақша қажеттігі туындап отыр.
Сондай-ақ, биылғы оқу жылында мектеп оқушылары оқулықтармен, оқу кешендерімен толықтай қамтылмаған. Оның себебі жергілікті бюджеттен оқулыққа қаралатын қаражаттың аз мөлшерде бөлінгендігінде болып отыр. Мысалы, осы мақсатқа 2005 жылы 17500,0 мың теңге бөлінген. Ал, күні бүгінге дейін инфляцияны, контингенттің өсуі, жаңа пәндердің енгізілуі сияқты мәселелер ескерілмей келеді. Сол кездегі бөлінген сомаға қосымша қаражат бөлінбеген.
Жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша 27 млн. 121 мың теңге қарастыруды қажет етеді. Сонда ғана оқулыққа деген сұраныс 100 пайыз қанағаттандырылады.
Әртүрлі діни ағымдар мен секталар өздерінің уағыз насихатын түрлі жолдармен жастар арасында таратуға тырысуда. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан да, өткен жылдың қаңтар айынан бастап мектептерде 9 сыныпта «Дінтану» арнайы пәні енгізілді. Осы пәннің оқытылуына үлкен мән беріп, балалардың әртүрлі діндер мен діни ағымдар, секталар туралы толыққанды мәлімет алып шығуларына аса қатты көңіл бөлу керек. Яғни, оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасауымыз қажет.
Мектептерден тыс жұмыстарды жандандыруда мектептердегі түрлі үйірмелер мен секциялардан басқа қосымша білім беру ұйымдарының желісін дамытуда Исатай ауданында небары төрт қосымша білім беру ұйымы бар. Қосымша білім беру ұйымдары барлық оқушының тек 9,0 пайызын ғана қамтуға мүмкіндігі бар.
Сонда бұл оқушылар сабақтан кейінгі уақыттарын бос өткізеді деуге келеді. Жас техниктер стансасы, жас натуралистер стансасы, аула клубтарын ашу да кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі.
Және бір айта кететін жайт — ауданда бірде-бір жазғы тынығу лагері жоқ. Балалардың демалуына табиғаты қолайлы ауданда бүгінгі күні мәселе шешілмей тұр. Биылғы жазда 3200 оқушы мектеп жанындағы жазғы лагерьмен қамтылған.
ЖОЛ САЛУ САПАСЫ ТӨМЕН
Жиналыста аудандағы жол мәселесі де сынға алынды. Осыған орай облыстық жолаушылар және автокөлік жолдары басқармасының басшысы А.Такешев сөз сөйледі. Бұған облыс әкімінің бірінші орынбасары қанағаттанбады. Ғ.Дүйсембаевтың айтуынша, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев селоішілік жолдарын күрделі жөндеуге бөлінген 500 млн. теңге қаржы игерілмеген. Қыс болғанда жол салуға болмайтынын айтты. Ал, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Л.Жұмағалиева аудан бойынша бірде-бір индустриялық-инновациялық жоба жүзеге аспағанына өкінішін жасырмады.
АЛДА ҮЛКЕН МІНДЕТ ТҰР
Жиналысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев қорытындылады.
— Екі күнгі жұмыс сапарымызда аудандар бойынша көптеген мәселелердің бар екеніне көзіміз жетті. Әсіресе, «қыс — қыр астында» дегендей, ауа райы да бірте-бірте салқындап бара жатыр. Бұл — қысқа әзірлікті күшейту керек деген сөз. Сапар кезінде әлі де болса біраз балабақшалардың күрделі жөндеу жұмыстары тиянақталмағаны көрініп тұр. Жылу маусымы да жақындап қалды. Осы мәселелерге жергілікті әкімдер ерекше назар аударулары керек. Әйтпесе, қыс ырғалып жүргенді көтермейді. Мал азығын дайындауды да жеделдету қажет. Жаңа біз Исатай орта мектебін аралап көрдік. Қазіргі заман талабына сай салынып, жаңа оқу жылына әзір отыр. Осыдан үлгі алыңдар. Алпыс пәтерлік үйдің құрылысын жыл аяғына дейін бастап, оны тиісті қаржымен қамту керек.
Жалпы тұрғын үй мәселесін бірлесіп шешуге тиіспіз. Жоғары білімді мамандарды ауылға тарту мәселесі өте кенже қалған. Жол мәселесі еш сын көтермейді. Күрделі жөндеу жұмыстары күзге дейін аяқталуы тиіс.
Каналдарды сумен қамту да — өзекті мәселе. Жергілікті жерде өңдеуші цехтарды дамыту жолға қойылмаған. Х.Ерғалиев ауылындағы Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектепті күрделі жөндеу үшін облыс әкімі 100 млн. теңге қаржы бөлген болатын. Бірақ, тендерді ұйымдастыруда кемшіліктер болып, қаржы бюджетке кері қайтарылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұдан да басқа міндеттерді алға қойып, оны дер кезінде орындауды талап етті.
Аяпберген САЛИХОВ,
Исатай ауданы.