«АРДАГЕРЛЕР ӘУЕНДЕРІ» – ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ ҮЛГІСІНДЕЙ

Соғыс өртінің сөніп, Ұлы Жеңіс күнінің туғанына 70 жылға уақыт таяп қалды. Осынау атаулы мерейтойға республика көлемінде бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты фестивалі.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған облыстық «Ардагерлер әуендері» байқауы өз мәресіне жетті. Атырау қаласы мен аудандарда байқаудың бірінші кезеңі жоғары ұйымшылдықпен өткен болатын. Оған 1 108 өнерпаз-ардагер қатысып, олардың 113-і түрлі марапатты иемденді. Ал, өткен жұма күні Махамбет атындағы қазақ драма театрында облыстық мәдени шараның екінші кезеңі, яғни, қорытынды шарасы өтті.

Сұрапыл соғыста Кеңес Одағы әскерлерінің қатарында қазақстандықтар да отаншылдық қасиет пен патриоттық сезімнің ерекше үлгісін көрсетті. Мәдени шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев аймақтағы соғыс ардагерлеріне, жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне барынша әлеуметтік қолдау көрсетіліп келетінін жеткізді. 

– Жуырда облыстағы Ардагерлер ұйымдарына қызметте еркін жүріп-тұрулары және мерекелік дайындық жұмыстарын алаңсыз жасауы үшін тоғыз қызметтік көлік бөлінді.  «Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, ардагерлерімізге көрсетілер қамқорлық, сұрапыл соғыста мұз кешіп, қар жастанған аға-апаларымыздың есімдерін ұлықтайтын шаралар мұнымен шектелмейді, – деп Ғұмар Ислямұлы өнер байқауына қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері қазақтың қара домбырасымен  күй шертіп, сахнада өнер көрсеткенде көпшілік ризашылықпен қошемет білдірді. Ардагерлерден құралған ұлт-аспаптар оркестрі, ҚР Мәдениет қайраткері, облыс мәдениетінің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген белгілі әнші Ұлдай Аманғалиева «Шаттық көңіл» атты өз әнін орындаса, сексен екі жастағы Нәсіп Жаңбырбаева қара өлең оқып, Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Талпақова «Қыз қуу» биін мың бұрала билеп, Рабиға Ғалиева мен Аманжан Бекенов Сегіз Серінің «Гауһар тас» әнін тамаша орындады. Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Панов «Бізге бейбітшілік керек!» атты өлеңін оқыды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінен құрылған «Фронтовичка» халықтық хоры, Амангелді халық театрының әртістері, қаладағы әжелер хоры, «Ерасыл» ағалар ансамблі және басқа өнерлі аға ұрпақ өкілдері өз өнерлерімен жұртшылықты тәнті етті. 

Мәдени шара соңында облыс әкімінің атынан барлық қатысушыларға диплом табысталды. Сондай-ақ, Махамбет ауданының Алға халық театрының режиссері Махамбет Оңдағани, қазақ күй өнерінің Қаршығасы атанған белгілі күйші Қаршыға Ахмедьяровтың өнердегі алғашқы ұстазы, құрылыс-мұнай саласының ардагері Өтеген Марданов және сексен жастағы исатайлық ардагер домбырашы Өтепқали Зұлқашев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Байқау қорытындысымен жүлделі ІІІ орынды Индер ауданының өнерпаз ардагерлері иемденсе, ІІ орын атыраулықтардың еншісіне бұйырды. Ал, исатайлық ардагерлер жеңіс тұғырынан көрінді.

Ұлы Отан соғысындағы майдангерлердің ерлік істері ұрпаққа үлгі болып қала береді, әрқашанда мақтанышпен еске алынады. Аталмыш фестиваль мақсаты – қан майданда жеңістің қаншалықты қиындықпен келгенін жас ұрпақ жадында жаңғырту. Сондықтан да, бұл аймақтағы игілікті шаралардың жалғасы болмақ.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз