Көпқабатты үйлер қайта жөнделді
Бүгінде шырайлы шаһарда 11 көпқабатты тұрғын үй терможаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен. Бұл мақсатта жергілікті қазынадан 463 миллион теңге бөлінген.
Атап өтер болсақ, «Авангард» және «Вокзал маңы» мөлтекаудандарындағы №№1 «а», 3, 3 «а», 8, 14, 15 «а», 18 «а», 22 «а», 32, 33, 34, 73, 74 үйлерде құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Яғни, шатырлар қондырылып, электр жүйелері жаңартылған. Дәліздер жөнге келтіріліп, пластик терезелер салынған. Ішкі жұмыстар да толықтай атқарылған. Үй төбесі жөнделіп, домофон мен жылу көрсеткіштері орнатылған. Тіпті, кәріз жүйесі мен жылу тұрбалары да ауыстырылыпты. Су астында қалған жертөлелер құрғатылған.
Қазір жергілікті бюджеттен бөлінген қосымша қаржыға төрт және қайтарылған қаражат есебінен үш үй күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Айта кетейік, 2011 жылдан бері терможаңғырту бағдарламасы аясында Атырауда барлығы 83 көпқабатты үй толықтай жөнделген болатын.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ