Кәмшат Ермекова: «Тіл білмей, шетелге шықпаған жөн»
Америка Құрама Штатындағы Калифорния Мемлекеттік Университетінің студенті Кәмшат Ермековамен сұхбат:
– Қазақ балалары шетелден білім алуға құмар. Сіз де арман қуып Канадаға, одан Америкаға асыпсыз. Шетелге оқуға барған кезде ең алғаш қандай сезімде болдыңыз?
– Мен Канадаға барғанда он алтыда едім. Әлбетте, Канада университетінде оқыған ағамның жанында болғаным көп көмектесті. Атырауды, Қазақстанды, ата-анамды, ұстаздарымды, достарымды сағындым. Сол кезде ағылшын тілін де білмейтінмін. Қазіргідей ватсап, әлеуметтік желі болмады. Қолымдағы телефоным да қарапайым болатын. Анаммен, әкеммен айына бір-ақ рет сөйлесетінмін. Канаданың білім жүйесінде еркіндікті сезіндім. Ұстаздарға өз ойыңды ашық айтып, досыңдай, қатар құрбыңдай сырласа аласың.
– Қазіргі таңда Америка Құрама Штаттарының беделді жоғары оқу орнында білім алудасыз. Қалай ойлайсыз, шетелге оқуға барған кезде қолдайтын таныстар керек пе, әлде, өз білімің ғана жеткілікті ме? Мектепті бітіре сала шетелге оқуға асығу дұрыс па?
– Мен қазір өткеніме қарап отырсам, шетелге ерте кеткен екенмін. Әрине, мені қолдайтын, үнемі жанымнан табылатын бауырларымның болғанынан шығар, әйтеуір, өзім қалаған мамандықты игерудемін. Шетелде оқығысы келетіндерге ағылшын тілін дұрыс үйреніп алмай, шет жерге қадам басуға болмайды. Өйткені, сол елдің заңын білмейтін, тілін түсінбейтін, тұрмыс-салтынан хабары жоқ жастар тез адасады, арманын жоғалтып алады. Сондықтан, қаракөз қандастарыма айтарым, білім алу талабы керемет, бірақ, табандылықпен ағылшын тілін меңгеріп алғаннан кейін ғана шекара асып, білім іздеңіздер. Негізінен, бакалавриатты елден оқып, магистратураны шетелде оқыған жанның ұтатыны анық. Өйткені, 21-22 жаста адам қалыптасады, өзіндік ұстанымы болады. Оны жолынан ауытқыту оңай емес. Ал, 16-17 жастағы бозбала мен бойжеткеннің жағдайы мүлде басқа екенін өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар. Ол үшін қазіргі таңда жағдай бар. Онлайн аудармашыларды интернет желісінен тауып алсаңыздар, сол дұрыс болар еді.
– Америкадағы жастардың ұстанымы мен Қазақстандағы жастардың көзқарасы арасында қандай алшақтық, қандай ұқсастықтар бар? Сізге олардың несі ұнайды? Қандай жағдайлар көңіліңізден шықпайды?
– Иә, екі ортадағы айырмашылық – жер мен көктей. Біріншіден, онда тек білімге, өз күшіңе ғана сенуге тура келеді. Екіншіден, олар – өте қарапайым. Киіну үлгілері де солай. Бір-екі джинсы мен екі-үш футболка, бар гардероб содан құралады. Мұғалімдердің киіну үлгілері де сондай. Олар адамды киіміне қарап емес, ақылы мен біліміне, талантына қарап бағалайды.
Университет ғимараты түнімен ашық тұрады. Егер жатақханада бірнеше студенттің ортасында оқу мүмкін болмаса, университеттің кез келген аудиториясына барып дайындалуға рұқсат етіледі. Түн ішінде жатақханаға кетер кезде экскорд бар, шығарып салып, студенттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Полиция қызметкерлері көшелерді түнімен бақылап жүреді. Сонымен қатар, адасып қалғандарға жөн сілтейтін дүңгіршектер де бар. Осы жағдай маған өте ұнайды.
– Мұхиттың арғы жағында жүріп, Қазақстанды сағындың ба? Оқуыңды бітірген соң елге оралу ойыңда бар ма?
– Мен қазір тек бакалавриат дәрежесі үшін оқып жүрмін. Магистратураға түссем деп армандаймын. Ал, елді, әрине, сағынамын. Әсіресе, Жайықты, Алатаудың ақбас шыңдарын сағынбауға бола ма? Көк байрағымызды төсегімнің тұсына іліп, Әнұранды үнемі айтып жүремін. Ұлттық тағамдарды аңсаймын. Құрбыларыма қолым тиген кездерде бауырсақ пісіремін, елден құрт-ірімшік алып барамын. Ал, ет пісіру – бәріміз үшін мереке. Оларға біздің ұлттық тағамымыз өте ұнайды. Ата-анамды, достарымды да есімнен бір сәтке шығармаймын. Бір сөзбен айтқанда, өз Отанымның патриотымын. Сондықтан, жақсы оқып, елімнің атына кір келтірмеуді өзімнің парызым деп түсінемін. Мен арқылы барлық қазақ қызы туралы пікір қалыптасатынын жадымда сақтаймын. Ал, оқу бітірген соң міндетті түрде елге оралып, Қазақстанның экономикасына өз үлесімді қосу – перзенттік парызым.
– Әңгімеңізге рахмет. Арманыңыздың асқарына жетіңіз.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА