ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІРДІҢ ШЫРАЙЫ

Атырауда жыл соңында бірқатар жаңа нысандар іске қосылды 

Атырау облысы жылды үлкен жетістіктермен аяқтағалы отыр. Жаңа жыл қарсаңында өлкеде бірнеше индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асып, бірқатар нысандар іске қосылды. Нәтижесінде, облыстың экономикалық жағдайы биік көрсеткіштерге ие болып отыр.


Ветеринария саласына – арнайы техника

Мұнайлы өлкеде өндіріс саласымен қоса, ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Аталған қызметке облыс басшылығы тарапынан да әрдайым қолдау бар. Сондай тағы бір игі шараның куәсі болдық. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, облысымызда ауруға бейім малдарды мал сою орындарына тасымалдау үшін 14 автокөлік сатылып алынды. Облыстың ветеринария саласының мамандарына арнайы техникаларды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов салтанатты түрде табыс етті.

– Елбасымыз Н.Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразиялық экономикалық Одаққа ену үшін ветеринария саласындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын, – деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы. – Сондықтан, біз өткен жылы осы сала қызметін жандандыруға 79 автокөлік алып бердік. Ал, бүгін облысқа қарасты жеті аудан мен қалаға мал таситын 14 көлікті сыйға тартқалы тұрмыз. Қазіргі геосаяси қиындықтарға қарамастан, экономикамыз жылдан-жылға артып келеді. Облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша көптеген жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның ішінде, мал басын өсіру және оны асылдандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

Көліктердің бөлшектері Ресейден әкелініп, Оңтүстік Қазақстан облысында тапсырыс бойынша құрастырылып, жасақталған. Айта кетсек, Атырау облысы – ветеринария саласына мұндай қамқорлық көрсетіліп отырған алғашқы аймақтардың бірі.

Бұл автокөліктер әр ай сайын ауруы белгілі болған малдарды сою орындарына тасуға негізделген.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұролла Сатеновтің айтуынша, облыста жалпы алғанда 600 мың бас қой, 200 мың бас сиыр, 52 мың бас түйе және 30 мың бас жылқы бар. Төрт түлік малға аурудың алдын алу мақсатында екпе жұмыстарын жүргізуге өткен жылы 275 миллион теңге қаржы бөлінген. Соған сәйкес аймақтың эпизотиялық жағдайы тұрақты. Айта кетсек, соңғы бес жылда бруцеллез ауруы төрт есеге азайды. Бұл көрсеткішті одан әрі жақсарту үшін облыстық бюджеттен келер жылға 10 миллион теңге бөлінген.

– Бруцеллез ауруы Қызылқоға ауданында қой-ешкі малдары арасында кездесіп отыр. Келер жылға жоспарымыз жасақталды. Техникаларымыз, мамандарымыз дайын. Мәселені шешуге жұмыстанатын боламыз. Алдыңғы жылдары сала мамандарына арнайы техникалар, жеке қызмет көліктері, дезинфекция жасайтын құралдар алынған болатын. Ал, бүгін тағы қосымша автокөліктер тарту етілуі – енді саланы одан әрі жақсарта түсіруге мүмкіндік артатын болады, – деді басқарма басшысы.

 

Азық-түлік қоры – бақылауда

Бұдан кейін аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған топ «Агро-Сервис» ЖШС-нің азық-түлік, көкөніс қоймасы мен қызанақ пен қияр жылыжайында болды.

Қолда бар деректерге сүйенсек, өңірлік тұрақтандыру қорына барлығы 642,3 млн. теңгеге 7 396 тонна азық-түлік тауарларының сатып алынуы жоспарланды. Соның ішінде, қазіргі таңда 3 433,8 тоннасы тасымалданған. Атап айтсақ, картоп – 1382,1 тонна (бұл жоспардың 28%-ын құрайды, қалған картоп көлемінің тасымалдануы жалғасуда – ред.)Пияз – 902,3, сәбіз – 234,4, қызылша – 45, қырыққабат – 170, қарақұмық жармасы – 30, күріш – 180, қант – 240, өсімдік майы – 100, жұмыртқа – 60, құс еті – 15, макарон өнімдері – 60 және құстың сан еті – 15 тоннаны құрайды.

Мамандардың айтуынша, бұл өнімдердің ішінен картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қызылша, қарақұмық жармасы және өсімдік майы облыс бойынша арнайы белгіленген 77 сауда-саттық орындарында нарық бағасынан 15-20%-ға төмен бағамен сатылуда.

Бекітілген кесте негізінде, күні бүгінге қала аумағына, аудан орталықтарына және селолық округтерге 568,9 тонна өнім тасымалданып, облыс халқына қолжетімді бағамен сатылып отыр.

«Атырау» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы арқылы азық-түлік өнімдерін тасымалдауға арнайы үш автокөлік сатып алынған.

 

Ет құтылары да өзімізден шығады

«Карат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 21 жылдай уақыт бойы әртүрлі бағыттағы салаларда жобаларды жүзеге асырудың арқасында облыс экономикасына, тұрақтылыққа және ұлттық әл-ауқаттың нығаюына жаңа мүмкіндіктер туғызып келеді. Жыл соңында аталмыш серіктестік бірнеше нысандарды іске қосты. Соның бірі – ет консервілеу цехы.

Цехтың ашылу салтанатына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.

– Атырау – қазақ мұнайының астанасы, қарашаңырағы. Сондықтан, өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың басым көпшілігі мұнай-газ саласына байланысты. Алайда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан еш түспей келеді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін азық-түлік тауарларының басым бөлігін сырттан тасумен келдік. Енді қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, өзімізді-өзіміз қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарып жатырмыз. Елбасының шағын орта бизнесті дамыту жөніндегі тапсырмасына сай «Карат» ЖШС 140 миллион теңге қаржы жұмсап, өлкеде маңызы зор жобаны қолға алып отыр. Облыс тұрғындары үшін аса қажетті, – деп облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов цех жұмысына сәттілік тіледі.

«Карат» ЖШС директоры, «Мұнайқұрылыссервис» холдингінің бас директоры Ибрагим Ақдрашев сөз алып, қонақтарға «қош келдіңіздерін» жеткізді және цехтың жұмысымен таныстырды.

Атырауда ет консервілеу цехы жылына 12 миллион 600 мың құты ет құтысын дайындайды деп жоспарлануда. «Карат» деп аталатын құтыдағы сиыр еті жоғары және бірінші сұрыппен шығып, облыс орталығындағы сауда орындарына халыққа нарыққа сәйкес бағамен жеткізілмекші. Бір құты 330 теңге тұратын болады. Кәсіпкер ет құтысын дайындайтын ет өнімдерін өз шаруа қожалығынан пайдаланып отыр.

Шыны ыдыстар сол жерде арнайы технологиямен тазалап жуылып, ыстық суға қайнатылады. Жоғары сапалы шандырсыз сиыр етіне май, пияз, дәмдеуіштер қосылып жасалады. Сондықтан, оның сапасы да жоғары болмақ.

– Бір күнде 35 мың дана құты шығаруға мүмкіндігіміз бар, – дейді «Карат» ЖШС атқарушы директоры Рашид Отаров. – Алдағы уақытта қазы құтысын дайындау, қалған сүйектерді далаға лақтырмай, олардан сүйек майын, сүйек ұнын, кір сабынын шығару жоспарымызда бар. Бұл үшін Ресейге құрал-жабдыққа тапсырыс беріп қойдық. Келер жылы бұл жұмысты да бастап кетеміз деп есептеймін. Бұл тағы да бізде жұмыс орындары ашылады деген сөз. Сондықтан, ауысым негізінде қосымша 20 адамды жұмысқа алмақпыз.

«Басты бәсекелесіміз – оралдық «Кублей» компаниясы» дейді цех мамандары. Орта есеппен алғанда елімізде шығарылатын ет құтысының 50 пайызы «Кублей» компаниясынан өндіріледі екен.

Жуырда Ақтөбе қаласында өткен көрмеде «караттықтар» өз ет құтыларын ұсынған болатын. Нәтижесінде атыраулық цех өнімдері ақтөбелік және оралдық тұтынушылар тарапынан оң бағаға ие болып, алғашқы тапсырыс қабылдап қайтты.

 Цех өнімі облыс тұрғындары сұранысын отыз пайызға қамтымақ. Болашақта бұл көрсеткішті әлі де көтеру жоспарда бар.

 

Еділдің «Мөлдір суы»

Сондай-ақ, облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы аталмыш серіктестікке қарасты «Райхан» шаруа қожалығының су цехының да салтанатты ашылуына қатысып, керілген лентаны қиды.

Су Еділ өзенінен алынып, дайындалады. Жергілікті жиырма екі маман екі ауысым бойынша жұмыс жасайды.

– Бұл цехта күніне екі мың жарым дана минералды «Мөлдір су» суын шығарады. Ал, жылына бұл көрсеткіш төрт миллионға жетеді, – дейді цех басшылығы.

Аймақ басшысының айтуынша, кәсіпкер бұл орталыққа 120 миллион теңге қаржы жұмсаған. Бұл – Атырау облысы үшін аса қажетті жобалардың бірі. Табиғаттың қолайсыздығы мұнайлы өлке тұрғындарының таза суға деген сұранысын арттырып отыр.

 

Тігін цехыжұмысқа кірісті

Бұған қоса, тігін цехы да іске қосылды. Мамандардың айтуынша, «Мұнайқұрылыссервис» холдингі мен «Карат» ЖШС-нде жалпы алғанда 5000-нан астам қызметкер жұмыс жасайды. Ал, жаз мезгілінде олардың саны 7000-ға жетеді екен. Тігін цехының өзінде 29 адам қызмет етеді. Жергілікті мамандармен қоса, өзге өңірлерден де адамдар келіп, ауысым әдісі бойынша жұмыс жасауда.

– Өз қызметкерлерімізге маман киімдерін осы цехтан тікпекпіз. Сонымен қатар, «Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігер компаниялары да тапсырыс беруде. Алғашқы тапсырысты сұранысқа сай орындадық. Енді, міне, екінші тапсырыс қабылдап отырмыз. Тігін матасы Ресей, Түркия елдері мен Алматы қаласынан әкелінеді. Қызметкерлеріміз түгелімен арнайы мамандандырылған. Тігін машиналары заман талабына сай соңғы стильде шыққан құралдар, – дейді Рашид Отаров.

«Карат» компаниясының негізгі жұмыс бағыты – құрылыс саласы. Қазіргі таңда «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында қызмет етуде.

– Ал, бұл жобаға кәсіпкер 140 миллион қаржы жұмсады. Жылдың төрт мезгіліне және өндіріс орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы киімдерді тігіп жатыр. Осының барлығы – жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өнімді көбейтуге, оның сапасын арттыруға үлкен септігін тигізуде. Сонымен қатар, экологиялық таза және нарық бағасынан төмен өнім шығарып жатыр. Елбасы елімізде шағын-орта бизнестің шығаратын өнімдері 50 пайызға жету тиіс деп тапсырған болатын. Міне, Атырау облысының бір кәсіпкерінің қосып жатқан үлесі осындай, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз