Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Көлікті өртенбейді демеңіз…

…Қып-қызыл жалын гаражды түгелдей жалмаған сәтте үй иелері шырт ұйқыда жатқан еді. Дереу тілсіз жауды сөндіруге тырысқанмен, оның ішіндегі көлік от құшағында қалып қойған болатын. Бұл өрт қаңтардың 16-сы күні Атырау қаласында орын алды. Тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Нақты себебі әзірге белгісіз.

Көлікті өртенбейді демеңіз..

Жыл басынан бері автокөліктің өртенуі күрт көбейіпті. Бұл Төтенше жағдайлар бас-қармасы мамандарын алаңдатып отыр. Былтыр облыс орталығындағы тасымал құралы арасында тіркелген 43 деректен 7 млн. теңгеден астам материалдық шығын келген.

«Тілсіз жаумен» күресте  ең тиімді жол – алдын алу екенін жетік білетін төтенше жағдай қызметкерлері «Қауіпсіз көлік» акциясын ұйымдастырды. Облыстық Ішкі істер департаменті жол полициясы қызметімен бірлесіп өткізген шарада көлік жүргізушілеріне ескертулер жасалып, оқыс оқиғадан сақтану жолдары кеңінен түсіндірілді.

— Өкінішке орай, темір тұлпар иелері  көлігі өртенбейтіндей сенімді жүреді. Бірақ, автокөліктің жанар-жағармай мен электр желілері арқылы қозғалып тұрғанын ескерсек, қатердің аяқ астында екенін жадымыздан шығармағанымыз абзал, — деді қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғаныс майоры Ринат Құрманғалиев.

Оның айтуынша, 2015 жылы 38 автокөліктің өрт дерегі тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 43-ке (33-і жеңіл және 10-ы жүк көліктері-авт.) жеткен. Талдау нәтижесі мынаны көрсетіп отыр: «тілсіз жаудың» басты себептері – «темір тұлпардағы» электр сымдарының қысқа тоғысуы, отты абайсыз қолдану, қасақана өртеу. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап бір жүк, үш жеңіл көліктен өрт шыққан.

Рейд барысында жауапты мамандар  таксопарктерді аралап, жүргізушілермен профилактикалық әңгімелесулер жүргізді. От құшағына алған оқыс жағдайда қарапайым өрт сөндіргіштің маңыздылығы түсіндірілді.

Айбөпе САБЫРОВА.

 

Жедел сөз

Аслан  КАМАЛОВ,

Атырау  облысы  Төтенше  жағдайлар

департаментінің  халыққа  хабар  беру

және  оқыту  тобының  бас  маманы,

азаматтық  қорғаныс  капитаны:

ӨРТ ШЫҚПАУЫ ҮШІН

Жүргізушілер көбіне-көп жеңіл көліктерін сыйымдылығы 1 литрге дейінгі аэрозольды өрт сөндіру құралымен жабдықтауды жөн көріп, өз өмірін және автокөлігін тәуекелге тігеді. Дегенмен, тәжірибе көрсеткеніндей, қауіп кезінде бұл өрт сөндіргіш құралдарының көмегі тимейтіні анықталып отыр. Тіпті,  отандық өнім де күрделі жанулармен күресуге арналмаған. Ол дегеніңіз, от лаулаған кезде үйді бір шелек сумен сөндіруге тырысқанмен тең. Сондықтан автожүргізуші аэрозольды емес, 2 литр немесе одан да көп сыйымдылығы бар ұнтақты немесе көмірқышқылды өрт сөндіру құралы болған кезде ғана өзін қауіпсіз сезіне алады.

 

Райымбек ҚАНАТҰЛЫ,

көлік жүргізушісі:

«Салғырттық сан соқтырмасын»

—  Жасыратыны жоқ, тізгіндеп жүрген темір тұлпарымыздан өрт шығады деп ойламаймыз. Кейбір кездері көлік оталмай жатқанда түрлі амалдар жасайтынымыз бар. Ал, одан өрт шығуы мүмкін екенін аңғармаймыз. Мына рейд  шара ойлантып тастады. Шын мәнінде, автокөлік рөліне отырғаннан кейін қауіпсіздік белдігін автоматты түрде тағып алған секілді, электр сымдарына да абай болған жөн.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button