Жарнама
Жаңалықтар

ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ҚОРҒАЙ БІЛ!..

Нақтылай кетсек, жыл ішінде 462 мекеме мен ұйым тексеріліп, 1442 еңбек заңдылығын бұзу дерегі анықталыпты. Тексеру нәтижесінде 469 ескерту берілсе, оның 337-сі – еңбек заңына, 78-і – еңбекті қорғауға және 54-і халықты жұмыспен қамтуға байланысты. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі» Кодексіне сәйкес, жауапты қызметтік және заңды тұлғаларға 31 млн.теңгеден астам сомаға 618 айыппұл салынған.
Жыл басынан бері «Жылыоймұнайсервис», «КООСК», «АСД», «Теміржол-Сервис», «Әлемгаз-Атырау» мекемелері жұмысшыларына жалпы сомасы 117,3 млн.теңге қарыз болған. Сондай-ақ, биылғы жыл ішінде ішкі істер органдарына 45, сот органдарына жалақы мен әкімшілік айыппұлдарды өндіру үшін 64 материал жолданған. Негізінен, құрылыс және мұнай кәсіпшіліктерінде кездесіп отырған оқыс жағдай болса, азаюдың орнына көбейіп кеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2012 жылы 37, 2013 жылы 41 өндірістегі төтенше жағдай тіркеліпті.
Бірқатар сын-ескертпелер комиссия отырысына қатысқан «Каспий Проджекст Қазақстан», «Вест Партнершип девелопмент», «Қарашұңғыл», «Қазмұнайсервис энд Контрактинг» ЖШС-теріне байланысты да айтылды. Олардың көпшілігінде жұмысшылардың мүддесін қорғап, сөзін сөйлеуі тиіс кәсіподақ ұйымдарының жоғы өз алдына, еңбек келісім-шарты дұрыс құрылмаған, жұмысшылардың еңбек демалысы заңдық негізде берілмейді және төленбейді, жалақы кешіктіріледі. Мәселен, «Вест Партнершип девелопментте» жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жасақталған еңбек шартында жұмыстың басталу уақыты көрсетілмеген. Қашан басталатынын көрсетпесе, жұмыс процесі қалай жүзеге аспақ?!
Айта кетейік, аталған кәсіпорын өкілдерінің берген жауаптары егіздің сыңарындай ұқсас шықты. Анықталған кемшіліктерді жою жолында жұмыстанып жатыр, кешіккен жалақы мен салынған айыппұл төленбек, кәсіподақ құрылады, қысқасы, сыннан қорытынды шығаратын болады. «Каспий Проджекст Қазақстан» мекемесінен отырысқа «қазіргі вахтаның аймақтық менеджері» келіпті.
— Шақырған кезде әр жолы әртүрлі осындай қызметкер келіп, тыңдап кетеді. Еліміздің заңдарына ешқандай мойынсұнып отырған жоқ. Аспазды Үндістаннан, дәнекерлеушіні Канададан алдырған. Өзімізде осы қызметтерді жасайтын маман жоқ па?! — деді компания жұмысына көңілі толмайтындығын білдірген облыстық құрылысшылар мен өндіріс саласы қызметкерлері кәсіподағының төрғасы Есет Өтеулиев. Сондай-ақ, ол өнеркәсіп мекемелерінде кәсіподақтардың жоғына наразылық білдіріп, кәсіподақ ұйымы ашылған жағдайда ол үшін компьютермен, жиһаздармен жасақталған кабинет ашудың міндеттілігіне мән берілмей жүргенін атап көрсетті.
Айтқандай-ақ, заңсыздықтар орын алды деген компаниялардың бір де бірінен жоғары лауазымды басшы келген жоқ. Белгілі болғаны, бірі — еңбек демалысында, бірі – іссапарда, тағы да сондай себептер.
Күн тәртібіне сәйкес, «ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшаханов баяндады. Оның айтуынша, бағдарлама аясында 2011-2012 жылдары республикалық бюджеттен 1 млрд. 276 млн. теңге бөлініп, оған Атырау қаласында 45 тұрғын үй жөндеуден өткен. Сонымен бірге, «Алмагүл» ықшамауданында бес үйдің лифтісі ауыстырылып, 30 үйге жалпыүйлік жылу есептегіш құралдар орнатылған.
Жастар саясатын дамыту және жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, кәсіптік деңгейлерін арттыру төңірегінде сөз қозғаған облыс кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева осы мақсатта жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың өзектілігіне тоқталды. Алайда, бизнеспен айналысудың оңай еместігін жастар түсінуі тиіс. Қазіргі таңда бар-жоғы бір сағаттың айналасында жеке кәсіпкерлік ұйымын тіркетіп, ісін бастап жатқан жастар көп. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі қиындықпен бетпе-бет келгенде төтеп беруден тайқып, ұйымдарын кері жауып жатады. Осы орайда, жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктері оларға салық, бухгалтерия, маркетинг, басқа да күрделі тақырыптар бойынша семинар-тренингтер өткізіп отыр. Сол сияқты, колледждерге дуальдық оқыту жүйесін енгізу нәтижесінде білім алған түлектерді кәсіпорындарда тәжірибеден өткізіп, біліктілік деңгейлерін көрсеткен жағдайда тұрақты жұмысқа қабылдау тәжірибесі тиімділігін көрсетіп отыр.
Әлия Байжанқызы мынадай жағдайды да айтып өтті. Мекемелер мен ұйымдар өз есебінен оқытып, білікті маман етіп шығарған кей жастарымыз содан кейін жалақысы көбірек басқа қызметке ауысып кетіп жатады. Нарық заңдылығы десек те, кәсіпорынның осындайдан зиян шегері айдан анық.
— Бүгінгі отырысты мемлекеттің бизнеcке араласуы, әкімшілік кедергі деп түсінбеу керек. Егер компаниялар заң шеңберінде әрекет еткен болса, біз оларды комиссия отырысына шақырмаған болар едік,-деген Шыңғыс Жұмабекұлы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан айтылған кемшіліктерден бір ай мерзім аралығында қорытынды шығару жөнінде тапсырма берді.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button