«Көңіл көңілден су ішеді»
Эссе
Ауызекі әңгімеде болсын, жазба тілімізде болсын «көңіл» сөзі – көп қолданылатын ұғымдардың бірі. Жоғарыда айтылған, тарихтан басқа ғылымдарда ішінара, үстіртін болса да зерттеу нысанына айналған, бірақ, тоқтамды шешімі табылмаған, адамның жұмбақ болмысының бірі де бірегейі, осы – «көңіл» болмысы немесе көңіл феномені.
Көңілдің әп-сәтте түрлі түске боялып, сан түрлі құбылмалы күйге ие бола алатыны соншалық – тіпті көңіл деген мынау деп тиянақты айту қиын. Осыған орай «көңіл» сөзімен тіркесетін сөздердің саны тіптен көптігін бір ескеріп қойсақ, көзбен көрген, не естігеніңді анықтап, ақылға салып болғанша, екінші бір болмашы нәрсеге көңілің ауып, құбылып, ол сол сәтте-ақ басқа түрге еніп кете барады. Көңілдің осындай тұрақсыз, құбылмалылығын кейбір ақындар арсыздыққа балаған. Бүгінде халық әні деп орындалып жүрген, қазақтың арқалы ақыны, композитор Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әнінде:
«Дарияның жарға соққан толқынындай,
Көз салған көрінгенге көңіл арсыз» деген философиялық жолдар бар. Сонда ата-бабаларымыз айтып кеткен «арсыздар» үшеу емес, төртеу болғаны ғой!
Осы мақаланы жазбас бұрын «көңіл» ұғымына қатысты оны анықтаушы сөздер мен сөз тіркестерінің біразын сөз қадірін білген бұрынғы өткен абыз ақындар мен жыраулар, заманауи классиктердің шығармаларынан теріп алып, біршамасын ой елегінен өткіздім. Сондағы түйгенім, философиялық пайымдауда да, әдеби көркем шығармада да «көңіл» сөзі негізінен өзімен-өзі жеке тұрғанда анық түсінік бермейді, міндетті түрде «қандай?» деген анықтауыштың сұрақтарын тілеп тұрады.
Жазушы Бек Тоғысбаевтың «Таңғы ән» деген повесінде: «–Е-е, сол ма, жасырын сырың…» деп, әйелдің көңілі ашырқанып қалды…» деген жолдар бар.
Көңілдің құбылмалы, үнемі өзгерісте болатын түрлерін санамалап берудің өзі ғана бірнеше кітап көлеміне тиесілі болар. Ал, осылай ұдайы тоқтамай, үнемі өзгерісте болатын, әрі соны табиғаты қалап тұратын көңілдің байлауы бола ма? Әрине, жоқ. Оған өзіміз күнде шырқап жүрген «Сусамыр елдің жайлауы-ай, көңілдің бар ма байлауы-ай» деген халық әнінің сөздері де куә. Жоғарыда мысал келтірілген қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Бек Тоғызбаевтың «Көктемнің сол күндері» атты повесінде:
«…Алып ұшқан көңілдер,
Табар ма екен байлауын?!» деген өлең жолдары бар. Көрнекті жазушы «көңілдің байлауы жоқ, тұрақсыз, құбылмалы….» деген байлам жасап отыр.
Демек, байлауы жоқ нәрсе қайда баруын да, қалай құбылуын да өзі біледі. Енді, осы байлаусыз, тұрақсыз көңілдің қазақтың байырғы даналық сөздеріне, кейінгі көркем әдебиеті мен сөйлеу тілінде көрініс тапқан үлгілеріне жүгінелік. Мұнда да бұрынғы өткен абыздардың айтқандарынан аттай алмайсың.
Балаби қартайған шағында халқын жиып:
Жерден ауыр не?
Судан терең не?
Оттан ыстық не?
Көктен биік не? – деп төрт сұрақ берген екен. Ешкім шеше алмапты. Сонда Балаби өзі қойған сұрақтарын өзі былай деп шешіп:
Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім,
Судан терең дегенім – оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім – фәни жалған, адамның өмірі.
Көктен биік дегенім – тәкаппардың көңілі, — деген екен.
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 9 томында тәкәппар сөзін менмен, өркөкірек, паң деп түсіндіреді. Күнделікті өмірде ілтипатқа иілмейтін, кішілігі де, кісілігі де жоқ адамдарды жұмсартып айтқанда, жұртшылық қашанда қош көрмеген. Көнекөз қарияларымыздың «менменсіп, кеуде кергеннен сақта» деген баталарын естіп өстік. Өзінен өзі болып-толып, кеудесіне нан піскендей шіренетіндер турасында қазақтың мақалы:
«Бидайдың кеудесін көтергені – дақылы жоқтығы,
Жігіттің кеудесін көтергені – ақылы жоқтығы» дейді. Сірә, бұдан асырып айта алмаспыз. Сондықтан, осы тәкаппарлық мінез де көңіл арсыздығының бір көрінісі деп білемін.
Қазақ жазба әдебиетінің атасы, «өлең – сөздің патшасы» деген, өзі де өлең өлкесінде патшалық құрған абыз Абай көңіл болмысына терең бойлап, көп көңіл бөлгенін, оның тұрақсыз болмысын бөле-жара жырлағанын білеміз. Бір өлеңінде:
«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?
Босқа әуре қылмай, шыныңды айт.
Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің…» десе: «Сап-сап, көңілім» деген өлеңінде:
«Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа
Күні-түні жай таппай?» деп көңілінің тынымсыздығына мазасызданса, тағы да:
«Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!
Сабыр түбі – сары алтын» деп басу айтады да, тағы осы өлеңінде:
«… Көріп алсаң көріктіні,
Таңдап алсаң тектіні,
Сонда да көңіл толмай ма?», — тағы нені тілейсің дегендей, көңілінен қайыра сұрайды.
Абайдың Аллаға сенім жолында бәрінен жүректі жоғары қойғанын білеміз. Енді сол жүрегін тура жолдан тайдырып алғанын айтып, «көрінгенге қызықтырған» көңілін кінәлап отыр. Тағы да хәкім Абай:
«Дүниені көңілім, кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!» деп, өршіген көңіліне үсті-үстіне басу айтады. Көрдіңіз бе, тұрақсыз, құбылмалы көңіл адамды зар илетіп қояды екен. Бұл да – көңілдің адам жанын әр қиянға салатын арсыздығының дәлелі!
PS. Бұл жерде көңіл болмысына қатысты бірнеше кітапқа жүк боларлықтай жиналған материалдардан үзінділер келтіріп, оқырманның уақытын алғымыз келмеді. Әйтпесе, қазақ атамыздың «Қалған көңіл – шыққан жан!», «Көңілден көңіл су ішер», «Көрген жерде көңіл бар», («Көңілі тірі», «Көңіл қаруы», «Көңілге ой салу») (Абай), («Жаралы көңіл», «Өлген көңіл – ындынсыз өмір») (Шәкәрім), «Көңілі білді» деген тәрізді толып жатқан терең фалсафалық һәм әпсаналық, бір бұрылған жол-жөнекейге сыр алдыра қоймайтын, жеңіл-желпіге жұғылмайтын сөз тіркестерінің шын мәнісін түсіндіріп шығуға да болар еді. Ол жұмыс Құдай қаласа – келешек еншісінде. Қазіргі қазақ оқырманы жалпылай сауатты, соқырға таяқ ұстататын дәуір өтті. Сондықтан, «ортаға тек ой тастап, талапты жанға ойтүрткі болсақ» деген ұстаным жағындамын. Әйтсе де, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп абыз Абай айтқан пікірдемін. Сөз соңында бір есте ұстайтын нәрсеміз, «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ сөзбен өмірдің кез келген құбылысын, тұрмыстың түйткүлдерін түйіндеп, тіпті қоғамдық озық ой-сананы пәлсапалық тұжырымдап кеткен біздің бабаларымыз айтпаған, таразыға тартпаған сөз қалмаған деуге болады екен. Тек солардың інжу-маржанын зерделей теріп, кәдеге асыра алсақ, қанеки?!
Ғазиз САЙФУЛЛА,
Атырау қаласы,
Томарлы ауылы.