Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Үйден бала босану қаншалықты қауіпті?

Atr.kz/18 наурыз, 2019 жыл.  Атырау қаласында 32 жастағы жүкті әйел төртінші сәбиін үйден босанып, ешбір себепсіз перзентханаға барудан бас тартқан. Мұндай жағдай ана мен баланың өміріне қауіп тудыруы әбден мүмкін. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында ақ халаттылардың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Белгілі болғанындай,әйел жүктілік кезінде  ультрадыбыстық зерттеулерге де түспей, одан бас тарту құжатын нотариалды түрде рәсімдеген. Мәселеге алаңдап, дабыл қаққан дәрігерлердің айтуынша, босанудың кез келген кезеңінде білікті медициналық көмек көрсетуді талап ететін асқынулардың дамуы ықтимал. Сондықтан, ана мен бала денсаулығы алғашқы сәттен бастап ақ халаттылардың қарауында болуы қажет.

«Жүктілік қалыпты жағдайда болғанның өзінде де ешкім босану кезіндегі асқынулардан сақтандырылмаған. Сәбиін дүниеге сау күйінде өмірге әкелгенімен, анасының жатыры зақымдалып, қан кету фактілері болуы мүмкін. Мұндай кезде үй жағдайында көмек көрсету мүмкін емес.

Doctor Delivering a Baby

Сондай-ақ, нәрестенің кіндігін кез келген қайшы немесе пышақпен кесу де қауіпті асқынулар туғызады. Кіндік стерилденген медициналық құрылғылармен кесілуі тиіс. Сонымен қатар, нәресте дүниеге келгенде сала мамандарының бақылауында болып, алғашқы екпелер перзентханада салынуы тиіс» деді денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Ұлжан Мұхтарова.

 Ал, облыстық «жедел жәрдем» стансасының директоры Ерлан Сүйеуғалиевтің айтуынша, әйел денсаулығының асқынғанын күтпей «жедел жәрдем» арқылы  перзентханаға жеткізіліп,  дәрігерлердің қабылдауында болғаны жөн. 

Mother holding newborn baby in hospital

«Босануда тәжірибем бар, үйден-ақ босана саламын» деген күмәнді ойға бола, тәуекелге бел байлаудың қажеті жоқ. «Жедел жәрдемшілерді» босанғаннан соң бір-үш сағат өткеннен кейін емес, толғағы басталған сәттен-ақ шақыруы  маңызды.

Айта кету керек, облыста үйден босану жағдайлары бойынша 2017 жылы – 52, былтыр  – 36, биыл жыл басынан бері 7 жағдай тіркелді. Абырой  болғанда, ешқайсында қайғылы жағдайлар орын алмады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button