
“Jastar Fest-2025”: Киберспорт, жәрмеңке және жастар марапаттары
Атырау қаласында Халықаралық жастар күніне арналған “Atyrau Jastar Fest-2025” фестивалі аясында жастарға арналған бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Фестиваль облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің қолға алуымен өтуде.

Бүгін 16 тамызда алдымен «Beast» компьютер клубында «AJF eSports Cup 2025» киберспорт турнирінің ақтық кезеңі өтті. «Counter Strike 2» дисциплинасы бойынша қолға алынған додаға 2–5 тамыз аралығында FaceIt онлайн алаңында өткізілген 4 іріктеу кезеңінің нәтижесінде жолдама алған 8 команда қатысты. Олар: Aulet power, Baka-shayandar, n1, ex-Delta, KETKO, TOTO, voco, Tokyo.
Жалпы іріктеу кезеңдеріне 261 қатысушыдан құралған 44 команда қатысқан болатын.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 600 000 теңгені құрады.
Нәтижесінде І орын — 250 000 теңгемен, ІІ орын — 150 000 теңгемен, ІІІ орын — 100 000 теңгемен және үздік ойыншы 100 000 теңгемен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир жастар арасында киберспортты дамыту, дарынды ойыншыларды қолдау және оларға жаңа мүмкіндік ашу мақсатында өткізілді.
Кешкі уақытта сағат 17:00–20:00 аралығында қаланың орталығында «Atyrau Books» кітап және қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңке барысында келушілерге түрлі шеберлік сағаттары мен көрмелер ұсынылды. Бұл іс-шара шығармашылық жастар үшін шабыт пен тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Ал кештің шарықтау шегі — «Atyrau Jastar Fest-2025» гала-концерті болады. Концертте «Тәуелсіз ұрпақтары» грантының иегерлері салтанатты түрде марапатталады. Кештің хэдлайнерлері – танымал орындаушы ALEM және «6elluchi» тобы көпшілікке ерекше көңіл-күц сыйлайды деп күтілуде.
Фестиваль жастардың өнері мен спортын, білім мен жігерін, шығармашылығы мен армандарын бір алаңға тоғыстырады.
Айта кету керек, «Atyrau Jastar Fest-2025» фестивалі 24 тамызға дейін жалғасады. Жалпы 10 мыңнан астам жасты қамту жоспарланған.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ