Түсінісе білу – табыстың негізі

Еліміздің Жер кодексін талқылауға арналған «Қазақстан – 2050» демократиялық күштердің облыстық коалициясының отырысы өтті.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мәжіліс залында өткен жиынға қатысушылар Жер кодексіндегі өзгерістер мен толықтыруларды талдап, оған қатысты мораторийдің жариялануына қолдау білдірді. Жерге байланысты түсініспеушіліктердің өршіп кетпеуі үшін халық пен билік арасында ашық диалогтың қажеттігі айтылды.

– Бұған дейін хабарланғанындай, арнайы Jerturaly.kz порталы іске қосылды. Онда құрылған комиссияның жұмысы туралы барлық ақпарат жарияланады. Қосымша Call-орталық та жұмыс жасайды. Оған бүгінге дейін 12 сұрақ түсіп, тиісті жауаптар берілді, – деді «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміров.

«Жер реформасының тағдыры шулы митингтерде шешілмейді. Оны жан-жақты талқылайтын ашық диалог алаңдарында  байыппен, келісе отырып, жүргізу маңызды». Мұндай пікірді алға тартқан облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов: «Жер шетелдіктерге жалға берілген күнде оның мақсатты пайдаланылуын толық қадағалайтын орган болғаны жөн. Бұл ретте Жер қатынастары инспекциясы, табиғатты қорғау прокуратурасы сынды уәкілетті органдардың қызметтері күшейтілгені жөн» деді. Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев арнайы Жер прокуратурасы органын құруды ұсынды.

Жиын соңында аталған коалиция атынан облыс жұртшылығына Үндеу қабылданды.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз