Іздеуде жүргендер жазадан босатылады
«Рақымшылық туралы» Заңның 2-інші бабына сәйкес онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған адамдар жазадан босатылады. Сонымен қатар, бұл заң іздеуде жүргендер мен айыпталушыларға да қатысты қолданылмақ.
Бұл туралы Атырау қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Олардың айтуынша, ауырлығы орташа қылмыс үшiн сотталған адамдар: кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар, I, ІІ және IIІ топтағы мүгедектер; елу жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс жастағы және ол жастан асқан ер адамдар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар, әскери немесе интернационалдық борышын орындау кезiнде қаза тапқан әскери қызметшiлердiң жесiрлерi, сондай-ақ күйеулерi соғыс мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар болып табылатын әйелдер жазадан босатылады. Және де пробациялық бақылаудағы тұлғалар, Қылмыстық кодекстің 63-інші бабы негізінде сот үкiмiмен бас бостандығынан айырылған адамдар темір тордың азабынан құтылады.
Сондықтан Атырау қалалық прокуратурасы іздеуде жүрген азаматтарға және олардың туыстарына қылмыстық қудалауды қысқарту мәселесін шешу үшін құқық қорғау органдарына келуін сұрайды.
Рақымшылық Заңының қолдануы жөнінде барлық мәселелер бойынша 8(7122) 27-07-78 нөмірі арқылы байланысуға болады.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ