Ит жылын қалай қарсы алу керек?
Міне, күнтізбе парағын алмастырып, жаңа 2018 жыл да табалдырықтан аттағалы тұр. Шығыс жұлдызнамасы бойынша келер жылымыз – ит жылы. Осындай аса маңызды сәтте кім-кімнің де көкейінде тұратын жалғыз сұрақ бар. «Жаңа жылды қалай қарсыласақ, табысқа кенеледі екенбіз?» деген сауал барша жұртты толғандырары анық. Олай болса, келе жатқан Ит жылының ерекшеліктеріне байланысты оны қалай қарсылау керек екеніне көз жүгіртіп көрейік.
Қазақ атамыз итті жеті қазынаның бірі санаған. Ол аздай, жұлдызнама кейіпкері болған он екі хайуанаттың да тізімінде тұр. Бұдан біздің халқымыздың итті қалай қадір тұтқанын айқын аңғаруға болатыны даусыз.
Қарыздан құтылыңыз…
Ит жылында туғандардың басты ерекшелігі — аса шыншылдығы. Осыған қарай отырып, Ит жылында шыншыл да әділетті адамдардың жолы болатынын аңғарамыз. Сонымен қатар, егер, қарызыңыз болса, төлеп тастауға тырысыңыз. Егер, бәрін төлеуге қаржылық жағдайыңыз алмаса, мүмкіндігіңізше құтыла бергеніңіз жөн.
Ит жылында табан ақы, маңдай термен табыс табатын, еңбекқор, мейірімді адамдарға сәттілік есігі ашылады. Осыны ұмытпаңыз. Біреудің ақысын жеу, қарызды төлемеу — сізді борыш батпағына одан сайын батыра түсетінін есте сақтаңыз.
Қарыз алғанда күліп алып, қайтарарда жылап беретіндер бар екені де мәлім. Алайда, біреудің адал кәсібімен тапқан нәсібі жыртығыңызға жамау болмайтыны айқын. Ол адам одан сайын қаржылық жағынан гүлдене берері хақ. Ал, қарыз төлемеген сіздің жағдайыңыз адам аярлық болатыны есіңізде болсын.
Дастархан мәзірі
Ит жылын қарсылауға арналған дастархан мәзіріне де аса сақтықпен қарау керек. Әлбетте, әр отбасының жаңа жыл дастарханына ұсынатын дәстүрлік тағамы болуы ықтимал. Мәселен, бәліш нан, қатырма нан сияқты жақсы көретін тағамыңызбен бірге, бұқтырылған балық, еттен жасаған тағамдарды қоюды жадыңызда ұстаңыз.
«Иттің сүйек кеміретінін бәріміз де білеміз. Олай болса, жаңа жылдық дастархан мәзірінде міндетті түрде сүйек тұрса, жыл иесі сізге оң көзімен қарайтын болады» дейді жұлдызнамашылар. Жаңа жылдық дастархан аста төк болса, келер жылыңыз мол табыс әкелмек.
Киім үлгісі
Келе жатқан жыл иесі — сары ит. Сондықтан, сары, алтын түстес, жарқыраған, жасыл, қоңыр түсті киімдер кисеңіз құба-құп. Алтын, күміс әшекейіңізді де ұмытпаңыз. Алтын алқа тағып, итті разы қылыңыз. Жаңа жылда сәттілік жолдасыңыз болғай!
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА