
Іссапардан оралған атыраулық құтқарушылар жолда зардап шеккендерге көмек көрсетті
Бүгін республикалық маңызы бар Қостанай-Ақтөбе тас жолында, Қостанай облысы аумағында, ауа райының қолайсыздығынан жол-көлік оқиғасы орын алды. Автокөліктердің біріндегі төрт жолаушы, оның ішінде екі бала, өздігінен көліктен шыққан. Ал екінші автокөліктің жүргізушісі жарақат алып, салоннан шыға алмай қалған. Бұл туралы олыстық төтенше жағдайлар департаменті имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы хабарлады.

Осы сәтте Атырау облысы ТЖД-ның құтқарушылары, азаматтық қорғау аға сержанты Е.Ізғалиев пен азаматтық қорғау қатардағы Р.Теміртасов, іссапардан оралып келе жатып, жол апатына кездейсоқ тап болды. Олар Астана қаласында өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» көрмесінде таныстырылған заманауи құтқару құралдарымен жабдықталған АБР (жедел әрекет ету автокөлігі) Toyota Hilux көлігін айдап келе жатқан.
Құтқарушылар жағдайды тез бағалап, «Холматро» апаттық-құтқару жабдығының көмегімен жарақат алған жүргізушіні көліктен шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Құтқарылған жолаушылар атыраулық құтқарушылардың жедел әрі кәсіби әрекетіне ризашылықтарын білдірді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ