ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС – ТАБЫС ТЕТІГІ

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев Ұлыбритания елшілігі миссиясы басшылығының орынбасары Сара Пиккеринг пен оның көмекшісі Лариса Волкованы қабылдады. Ол мейманды аймақ ахуалымен таныстырып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

– Атырау облысы Қазақстандағы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі саналады. Өйткені, еліміздегі «қара алтын» көлемінің 40 пайызы осында өндірілді. Мұнайлы өлкеде ауыл шаруашылығында да көптеген жобалар бар. Мемлекеттік үдемелі-индустриалды инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 42 жоба жүзеге асса, соңғы екі жылда 22 жоба қолға алынған. Атап айту керек, аймағымызда ешкі сүтінен 15 түрлі өнім шығарылады. Сонымен қатар, жұмыртқа өндірісі іске қосылды. Ағымдағы жылы өнім көлемі ұлғайтылмақ. Енді қаз еті, күркетауық пен бройлерлік құс фабрикасымен айналысып жатырмыз. Сондай-ақ, бөдене жұмыртқасын шығаратын фабрика құрылысы басталды. Әрине, өңір құрғақ зонада орналасқанмен, егін шаруашылығы да бір жолға қойылған. Мұнда қажетті көкөніс түрлерінің барлығы дерлік өседі. Ал, ауыл шаруашылығы үшін қажетті жемшөп қоры құрылысы басталады, – деді ол.

Аймақ басшысының бірінші орынбасары мұнай-газ машина құрылысы саласына керекті ірі габаритті қондырғылар шығару жобасы басталғанынан да хабардар қылды. Сонымен қатар, Атыраудағы арнайы экономикалық аймаққа 32 жоба қатысса, соның төртеуінің құрылысы басталып, оның бірі сәуір айында іске қосу жұмыстарын бастайтынын атап өтті. Ал, Атырау мұнай өңдеу зауыты Еуро-5, Еуро-6 стандартты жанар-жағармай түрлерін шығармақшы. Бұдан бөлек, турбиналар жөндеу, бұрғылау қондырғыларымен айналысатын компаниялар бар.  Жалпы, өңірде шетел капиталының қатысуымен  жұмыс жасайтын 900-ге тарта кәсіпорын бар. Ел бойынша орташа жалақы мөлшерінің  ең жоғары деңгейі де – Атырауда.

Айта кетелік, кедендік статистиканың мәліметіне қарағанда, өткен жылдың соңында Ұлыбританиямен тауар айналымы 297,2  млн. АҚШ долларын құраған.  2013 жылмен салыстырғанда 53,1 пайызға азайған. Соның ішінде экспорт – 91,7 млн,  импорт  205,5 млн. АҚШ долларына жеткен. Тауар айналымының осынша төмендеуін мамандар өнім экспортының азаюымен байланыстырады. Күні бүгінде британдық капитал үлесімен Атырауда 68 кәсіпорын табысты еңбек етуде.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз