Ішімдікке әуестің ісі оңалмайды
«Көптеген адамдар бір-бірімен қарым-қатынасты жеңілдету үшін ішімдіктен бас тарта алмайды. Әсіресе, 30 жастан асқан адамдар мен егде тартқандар арасында ішімдік ішу қалмай келеді. Жастар арасында жыл басынан бері үш-ақ дерек тіркелген. Бұл олардың ішімдікке көп үйір еместігін көрсетеді», — дейді облыстық наркологиялық диспансердің нарколог-дәрігері Ақжан Куписова облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында өткен баспасөз конференциясында.
Аймақта диспансерлік бақылауға алынған науқастардың контингенті жыл басында 3998 болған. Биылғы тоғыз айдың есебі бойынша 170 адам ішімдік ішкендер қатарына қосылған. Сондай-ақ, есепке алынған 343 адам ағымдағы жылы ішімдікке деген тәуелділігін жойып, отбасы қатарына қосылса, өкінішке қарай, 103 өлім жағдайы тіркеліпті. Айта кетейік, ішімдікке салынған 380 әйел де диспансерлік есептің тікелей бақылауында тұр.
Маманның айтуынша, аталған диспансерге ішімдікке салынып кеткен адамды негізінен отбасы мүшелері алып келеді. Кейде маскүнем ретінде қылмыстық жағдайда есепке алынады.
«Олар бір жылға профилактикалық ем алып, мамандармен тығыз байланыста болады. Соған қарамай, бір жылдың ішінде қайта-қайта ішімдікпен бейімдеу орталығына келіп түссе, онда ол кісіні үш жылдық есепке аламыз. Ағзаны түрлі дәрілік заттармен емдейміз. Орталықта психокоррекция, психотерапия жұмыстары да жолға қойылған. Алкогольді көп пайдаланған адам уақытылы емделмесе, кешікпей, асқазан жарасы, гипертония, бауыр циррозы ауруына шалдығады», — дейді Ақжан Рысмағамбетқызы.
Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция аға инспекторы Ақлима Оңғарованың айтуынша, жыл басынан бері мас күйінде жасалған қылмыстардың қатары 36 пайызға жоғарылаған. Әр оныншы қылмыс мас күйінде жасалған.
«Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде келген деген айыппен 9800-ден астам адам әкімшілік-жауапкершілікке тартылды. Былтыр бұл көрсеткіш 9502 болған. Уақытша оқшаулау орталығына 9332 адам жеткізіліп, оның 5256-сы сол жерге түнеп шыққан. Арнайы еріксіз емдеу мекемесіне ағайындарының арызы арқылы 46 адам қабылданды. Сондай-ақ, соңғы алты жылда мас күйінде жүргізген 37 көлік оқиғасы тіркелген. Жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін ұйымдастырылған рейдте 1702 адамның мас күйінде көлік жүргізуге отырғандары анықталып, әкімшілік жауапқа тартылды» — дейді Ақлима Талғатқызы.
Сондай-ақ, жиында қаладағы мектептердің, емдеу мекемелерінің дәрігерлері мен медбикелері жастармен бірлескен жұмыстары жайында баяндады.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.